📰 Сарапшылар пікірі

Биыл рекордтық көрсеткішті қайталау мүмкін бе?

Биыл рекордтық көрсеткішті қайталау мүмкін бе?

Былтыр Қазақстан ауыл шаруашылығында рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Мол астық жиналып, экспорт айтарлықтай өсті. Биыл да осы табысты қайталау мүмкін бе? Қазіргі мәліметтер қандай үміт береді? Ozgeris.info тілшісі сарапшының болжамына сүйеніп жалғастырады. 

Былтыр Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы саласы табысты аяқталды. Ел тарихында рекордтық көлемде астық жиналды. 2024 жылы Қазақстанда 26,7 миллион тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 16,1 – 16,2 центнерден айналды. Соңғы он жылда мұндай жоғары өнім алынбаған еді.

Агроөнеркәсіп саласының жалпы өнімі бір жылда 13,7 пайызға өсіп, 8,3 триллион теңгеге жеткен. 

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да соңғы бес жылда тұрақты өсім көрсетті. Экспорт көлемі 51 пайызға ұлғайып, 5,1 миллиард долларға жетті. Бүгінде Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 66 еліне экспорттайды. Негізгі сатып алушылар Орталық Азия елдері, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері, Иран, Түркия, Қытай және Еуропалық одақ мемлекеттері.

Былтыр Қазақстан шетелге 8,1 миллион тонна астық сатты. Оның ішінде, Әзербайжанға 408 мың тонна астық жөнелтілді, бұл рекордтық көрсеткіш. 2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың ақпаны аралығында бар болғаны 4 мың тонна астық тасымалдаған. Сонымен қатар, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да артып келеді. Өткен жылы олардың үлесі жалпы экспорттың 52 пайызын құрады.

Биылғы көрсеткіштер де әзірге жаман емес. Қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы саласы 4 пайызға өсті. Әсіресе, Атырау облысында айтарлықтай ілгерілеу бар, 10,4 пайыз өсім тіркелді. Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында да ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі өсіп жатыр.

"Демек, биыл да былтырғы жоғары нәтижеге жетуге мүмкіндік бар. Әрине, астық шығымдылығы көбіне ауа райына байланысты. Бірақ үкімет өткен жылғы көрсеткішті қайталау үшін белсенді жұмыс істеп жатыр", - деп пікір білдірді сарапшы Айбар Олжаев. 

Барлық жаңалық