Сұхбат

Бір палаталы жүйе: Тиімділік пен жауапкершілікті бір орталыққа шоғырландыру - сарапшы

8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, ел дамуының жаңа бағытын айқындады. Президент әділетті және жауапты мемлекет құру жолындағы саяси реформаларды тек халықтың қатысуымен қабылданатынын тағы да баса айтты. Одан бөлек, цифрлық технология жарысынан қалып қоймай,  осы бағытқа бар күш-жігерімізді салу маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан, Қазақстан үш жылдың ішінде толық цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Осы мақсатта Цифрлық кодексті жедел қабылдау қажеттігін тапсырды. Жаңа Жолдауда референдум институтын күшейту, қоғаммен кеңесуді жүйелеу, басқару құрылымын ықшамдау тақырыптары күн тәртібінде болды. 

Көпшіліктің назарын аударған негізгі тақырыптардың бірі - бір палаталы Парламентке көшу бастамасы. Негізі елімізде парламенттік реформа мәселесінің талқыланып келе жатқанына 20 жылдан аса уақыт өтті. Бірқатар әлем елдері мұның тиімділігін ескеріп, әлде­­қашан аталған жүйеге көшіп алған. Сарапшылардың айтуынша, екі палаталы Парламенттен бір палаталы Парламентке көшу Қазақстанның кең ауқымды саяси жаңғыру мақсаттарына сәйкес келетін заманауи және тиімді заң шығарушы орган құруына септігін тигізеді. Швеция, Солтүстік Еуропа елдерінде, Жаңа Зеландияда бір палаталы Парламент биліктің тиімділігін арттырды, мемлекеттік шығындарды азайтты. Бельгия үкіметі де 2029 жылға қарай сенатты қысқартып, 40 млн еуро үнемдеуді ойластырып жатыр. Геосаяси жағдай, экономикалық ахуал ушыққан кезде Қазақстанның осындай бастама көтеріп, оны қоғамның талқысына салуы құптарлық шешім. Осы ретте Ozgeris.info тілшісі Мемлекет басшысының Жолдауы төңірегінде саясаттанушы Талғат Жанысбайдың пікірін сұрап, сұхбаттасты. 

Талғат мырза, биылғы Жолдаудың маңызды тұстарына тоқталып өтсеңіз.

Былтырғы Жолдауда әлеуметтік-экономикалық тұрақтандыруға, инфрақұрылымды дамытуға және әлеуметтік әділдікке басымдық берілді. Ал биылғы Жолдау саяси әрі цифрлық сипатқа ие болды. Президент бірден үш бағытқа ерекше тоқталды деп ойлаймын. Біріншіден, бір палаталы Парламент идеясы, екінші маңызды бағыт цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту үшін жаңа министрлік құру идеясы, үшіншісі, Алатау қаласын ерекше мәртебесі бар цифрлық орталыққа айналдыру. Яғни, биылғы Жолдаудың өзегі - басқару жүйесін ықшамдау, мемлекетті цифрлық режимге көшіру және жаңа даму полюстерін қалыптастыру деп айтар едім. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында екі палаталы парламенттен бір палаталы жүйеге көшу туралы бастама жасады. Алайда бұл реформаны асығыс жүзеге асыруға болмайтынын, оны бір жыл бойы қоғамда, сарапшылар ортасында және қазіргі Парламентте талқылау керектігін айтты. Егер халық қолдаса, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізіліп, Конституцияға өзгеріс енгізілуі мүмкін. Бұл бастама нені білдіреді?

Бір палаталы жүйе туралы бастама, менің ойымша, саяси жүйенің эволюциялық жалғасы. Мұндағы басты қозғаушы күш – тиімділік пен жауапкершілікті бір орталыққа шоғырландыру. Қазіргі екі палаталы модель тежемелік-тепе-теңдік береді, бірақ кейде заңнамалық процесті баяулататыны бар. Бір палаталық Парламент заң қабылдауды жеделдетеді.

Әрине, бұл жерде саяси тәуекелдер де бар деп ойлаймын. Мысалы, өңірлік және салалық өкілдіктің әлсіреп, баланс азаюы мүмкін. Сондықтан Президент бұл мәселені тек референдум арқылы, халықтың қатысуымен шешуді ұсынды. Мұндай шешім дамыған демократиялық мемлекеттерге тән үрдіс. Халықтың ойын білу, дауысқа салу Жаңа Қазақстанның көрсеткіші. Ал, бір палаталы Парламентке жалпыхалықтық референдум өткізу 2027 жылдан ерте емес деп белгілеуі де бекер емес. Себебі, уақыт ұтып, қоғамдық пікірді пісіруге мүмкіндік беру, саяси партиялардың дайындығы үшін жасалған қадам.

Ұлттық құрылтайдың рөлі де осында айқындалады. Ол – қоғамдық модерация алаңы, яғни саяси реформаны талқылап, әртүрлі пікірлерді жинақтап, қоғамда консенсус қалыптастыруға мүмкіндік беретін институт.

Президент Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа ведомство қазіргі бейінді министрліктің негізінде құрылмақ. Оны вице-премьер басқарады. Бұл қаншалықты орынды бастама?

Бұл өте орынды қадам. Соңғы жылдары цифрландыру бағытындағы жобалар шашыраңқы болды, атап айтқанда, мемлекеттік қызмет, деректер саясаты, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік бәрі әртүрлі ведомстволарда жүрді. Енді осының бәрін бір министрлікке шоғырландыру үйлесімділік береді.

Әлемде қазір деректерді басқару мен жасанды интеллектіні дамытуда бәсеке күшейіп жатыр. Қазақстанның да өз позициясын айқындауы маңызды. Бірақ бір ескерер жайт бар, тек министрлік құрып қою жеткіліксіз. Негізгі мәселе – сапалы деректер базасы, кадрлық әлеует және құқықтық айқындық. Егер осы бағыттар жүйелі дамытылса, жаңа министрлік елдің цифрлық серпілісіне “жүйке орталығы” бола алады.

"Алатау-Сити" өңірдегі бірінші толық цифрлық қала болуы керек. Smart City технологиясын пайдаланудан бастап тауарлар мен қызметтерді криптовалюталармен төлеу мүмкіндігіне дейін. Қала технологиялық прогресті өмір сүруге қолайлы ортамен үйлестіретін Қазақстанның болашағының бейнесін көрсетеді, деді Президент. Осы бастама қаншалықты тиімді болады деп ойлайсыз?

Бұл бастама еліміздің жаңа урбанистік модель құру талпынысы. Алатау қаласына ерекше құқықтық мәртебе беру инвесторларға тартымды жағдай жасайды. АХҚО үлгісіндей құқықтық алаң, жеңілдетілген рәсімдер және толық цифрландырылған сервис – капитал мен технология тартуға мүмкіндік береді.

Менің ойымша, қысқа мерзімде құрылыс, инфрақұрылым, ІТ секторда жаңа жұмыс орындары ашылады. Ал орта мерзімде, елдің технологиялық хабы қалыптасады. Бастысы, бұл бастама символдық мәнге ие. Егер Алатау шынымен “ақылды қала” ретінде жұмыс істесе, ол бүкіл Қазақстанға цифрлық шешімдерді таратуға үлгі болады.

Жалпы алғанда, биылғы Жолдау саяси құрылымды ықшамдап, мемлекетті цифрлық трансформацияға бейімдеуге бағытталған жаңа кезеңнің басы. Әлеуметтік блок сақталғанымен, басты акцент институционалдық және технологиялық өзгерістерге жасалды.

Сұхбатыңызға рақмет!

Барлық жаңалық