📰 Сарапшылар пікірі

Бір күндік той үшін 3 жыл несие төлеуге дайынсыз ба?

Бір күндік той үшін 3 жыл несие төлеуге дайынсыз ба?

Жыл сайын қайталанатын бір көрініс бар. Бақытты жас жұбайлар, болашаққа құрылған жоспар, үмітке толы жанар. Бірақ сол қуанышпен қатар 3-5 жылға рәсімделген тұтынушылық несие жүреді. Барлығы да әдемі: 200 адамға арналған мейрамхана, қымбат безендіру, асаба, фотозона, блогерлерше тігілген көйлек, лимузин. Той бір күнде өтеді. Ал несие төлемі бірнеше жылға созылады, деп жазады Ozgeris.info.

Мәселе қайда жатыр. Қаржылық шешім эмоция үстінде қабылданады. Той есеппен өлшенбейді. Ол мәртебе үшін, туыстардың күтімі үшін, біреу үнемдепті деп айтпасын деген оймен жасалады. «Бір рет өмір сүреміз», «Бәрі осылай істейді», «Кейін табамыз» деген жұбату сөздер алға шығады. Бірақ несие эмоция емес. Ол ай сайын төленетін нақты міндеттеме.

Жас отбасы енді ғана бірге өмір сүре бастайды. Жалдамалы пәтер, күнделікті шығын, ертең бала дүниеге келуі мүмкін. Табыс әлі тұрақты емес. Мансап енді қалыптасып келеді. Соған қарамастан табыстың бір бөлігі алдын ала банкке беріліп қойған. Ай сайын. Үзіліссіз. Экономист Руслан Сұлтанов бұл құбылысты былай түсіндіреді:

«Адамдар бір күндік әсердің маңызын тым жоғары қояды да, ұзақ мерзімді салдарды ескермей қалады. Той эмоциямен өтеді, бірақ несие есеппен төленеді. Ай сайынғы 120 мың теңге көп емес сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оны 36 айға көбейтсеңіз, үстеме пайызымен бірге бірнеше миллион теңге шығады. Бұл қаражат болашаққа жұмыс істемейді. Ол табыс әкелмейді, қаржылық қауіпсіздік қалыптастырмайды. Бір күндік салтанат үшін жас отбасы бірнеше жыл бойы табысының бір бөлігін банкке байлап қояды. Бұл қаржылық еркіндікті шектеу деген сөз».

Той әлдеқашан өтіп кетеді. Суреттер әлеуметтік желіге жүктеледі. Қонақтар мәзірді ұмытады. Бірақ несие міндеттемесі қалады. Бір реттік шығын төзуге болатын сияқты көрінеді. Ал ай сайынғы төлем аз болып сезіледі. Уақыт өте келе сол аз төлем отбасы бюджетіне елеулі салмақ түсіреді. Сарапшы бұл жерде тағы бір маңызды жайтты атап өтеді:

«Несиеге жасалған той болашақ табыс әкелмейді. Ол пайыз түрінде өсім бермейді, алдағы шығынды азайтпайды, қаржылық жастық қалыптастырмайды. Бұл таза тұтыну. Әдемі, әсерлі, бірақ экономикалық тұрғыдан бос шығын. Бір жылдан кейін сол отбасы ипотеканың бастапқы жарнасына ақша жинай алмай жүргенін түсінбей жатады. Ал оның себебі көбіне 3 жыл бұрын жасалған несие келісімшартында жазылып тұрады. Мен тойға қарсы емеспін. Бірақ мерекенің қарыздан басталуына қарсымын. Егер сол қаражат баспана алуға бағытталса, отбасының болашағы әлдеқайда берік болар еді. Қаржылық тұрақтылық қонақ санына емес, таңдау еркіндігіне байланысты. Ал еркіндік табыс несиеге байланбаған кезде ғана келеді».

 

Барлық жаңалық