Қазақстанның банк саласы соңғы уақытта жаңа белеске көтерілді. Қаржы ұйымдары тек ақша сақтау орны ғана емес, озық технологиялардың ошағына айналып келеді. Әсіресе, жасанды интеллект бағытындағы бәсекелестік қыза түсті. Бүгінде нарықтың тізгінін ұстап тұрған Kaspi, Halyk және Freedom Bank секілді алпауыттардың әрқайсысы өзіндік даму жолын таңдаған деп жазды ozgeris.info сайты.
Мәселен, Freedom Bank өзін «жасанды интеллектіге негізделген банк» ретінде танытуға күш салып жүр. Олардың мобильді қосымшасына енгізілген дауыстық көмекшісі жүзден астам пәрменді мүлтіксіз орындай алады. Тіпті клиенттермен қарым-қатынас орнату ісіне ChatGPT технологиясын да араластырып қойды. Десе де, білікті мамандар бұл жаңашылдықтарға аздап күмәнмен қарайды. Олардың пайымдауынша, бұл жүйелер әлі де толыққанды ақыл-ой иесі емес, тек алдын ала сызылған сценариймен жұмыс істейтін автоматтандырылған құралдар ғана.
Ал Kaspi Bank-тің ұстанымы мүлде бөлек. Олар жасанды интеллектіні жарнамалап, айғайлап айтпаса да, іс жүзінде бәсекелестерінен оқ бойы озық тұр. Kaspi-дің бүкіл экожүйесі - төлемдер мен маркетплейстен бастап, мемлекеттік қызметтерге дейін бір арнаға тоғысқан бірегей дүние. Сарапшылар мұны «жасырын интеллект» деп атайды. Себебі жүйе деректерді үнсіз талдап, әр қолданушыға қажетті ұсынысты дер кезінде дайындап береді.
Halyk Bank болса, сабырлы қалыптан айнымай, дәстүрлі банк үлгісінен цифрлық жүйеге ақырын өтіп жатыр. Олардың мобильді қызметтері дамып келе жатқанымен, жасанды интеллектке қатысты нақты қадамдары әзірге байқалмайды. Есесіне, бұл банк ірі корпоративтік сектор мен инфрақұрылымдық жобалардағы беделін нық сақтап отыр.
Қазіргі таңда Freedom Bank жаңашыл имидж қалыптастыруға құмар, Kaspi нақты өнімдерімен тұтынушының көңілін тапты, ал Halyk тұрақтылық пен ауқымға сенім артады. Жалпы алғанда, еліміздегі «AI-банкинг» әлі тәй-тәй басқан сәби секілді. Көптеген шешімдер нағыз ақыл-ой деңгейіне жетпей, жай ғана жұмысты жеңілдету сатысында қалып қойған.
Дегенмен алдағы уақытта технологиялық бәйге бұдан да қатты қызатыны анық. Сарапшылардың пікірінше, болашақта тек мықты технологиясы барлар емес, сол мүмкіндікті қарапайым халыққа ең түсінікті әрі тиімді етіп жеткізе білгендер ғана нағыз көшбасшы атанбақ.