Мұнай бағасының барреліне 80 долларға дейін көтерілуі қазынаны біраз байытты. Экспорттық кеден алымы есебінен бюджетке 40,5 миллиард теңге қосымша қаржы түсті. Алайда ұлттық валютаның нығаюы бұл табыстың бір бөлігін «жеп қойды». Нақтырақ айтсақ, теңге бағамының өсуіне байланысты бюджет кірісі 146 миллиард теңгеге қысқарды. Бұл деректерді Қаржы министрі Мәди Такиев жария етті деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қазіргі таңда қара алтынның экономиканы алға сүйрейтін жалғыз күш емес екені айқын болды. Сондықтан үкімет елдің шаруашылық құрылымын түбегейлі өзгертуге көшті. Негізгі басымдық өңдеу саласы мен логистикаға беріліп отыр. Осы бағыттағы жұмыстардың алғашқы нәтижесі де жаман емес. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 3 пайызға өсті. Әсіресе құрылыс, көлік, сауда және байланыс салаларында айтарлықтай ілгерілеу бар.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны тіпті жоғары. Қаңтар мен наурыз аралығында бұл көрсеткіш 8,5 пайызды құрады. Мұндай оң динамика еліміздің 18 аймағында байқалып отыр. Машина жасау саласы 21,9 пайызға, ал автокөлік құрастыру бірден 29,6 пайызға артты. Сонымен қатар азық-түлік шығару, құрылыс материалдары мен фармацевтика бағыттары да қалыс қалар емес.
Ширек ғасыр бойы шикізатқа байланып қалған ел үшін бұл өте маңызды қадам. Роботтар мен жасанды интеллект заманына өтпес бұрын, іргелі өнеркәсіпті қалпына келтіруіміз қажет. Мақсат — импортқа телмірмей, өз өнімімізді шығару. Отандық фермерлер қазақстандық құрал-саймандармен жұмыс істегенде ғана экономика сауығады.
Премьер-Министр Олжас Бектенов өндіріс көлемін ұлғайту мен жергілікті қамтуды арттыруды басты міндет ретінде қойды. Әсіресе ең қажетті тауарлар мен азық-түлік бойынша тәуелсіз болуымыз керек. Дүниежүзіндегі тыңайтқыш тапшылығы жаһандық инфляцияны өршітіп, азық-түлік дағдарысына әкелуі мүмкін. Мұндай кезеңде өз халқын асырай алған мемлекет қана тұрақтылықты сақтайды.
Қазір Қазақстан үшін нағыз мүмкіндіктер терезесі ашылып тұр. Экономиканы сауықтыру үшін асқақ сезім мен радикализм емес, салқынқанды есеп пен технократиялық көзқарас қажет.