🏛️ Саясат

Базардағы «бармақ басты, көз қысты»: Арман Абайұлына нақты тапсырма берілді

Базардағы «бармақ басты, көз қысты»: Арман Абайұлына нақты тапсырма берілді

Еліміздегі ірі көтерме базарлардың айналасындағы жағдай билік назарына ілікті. Өткен аптада берілген тапсырмаға сәйкес, Арман Абайұлына аталған сауда нүктелерінде темірдей тәртіп орнату міндеттелді. Жасыратыны жоқ, бүгінде бұл жерлерде ел арасында «ұйымдасқан топтар» деп аталатын заңсыз құрылымдардың ықпалы жүріп тұр. Соның салдарынан халық күнделікті тұтынатын көкөніс, жеміс-жидек пен ет өнімдерінің бағасы ешқандай негізсіз, қолдан шарықтап кеткен деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Бұл — нағыз делдалдық схемалардың көрінісі. Өнім өндірушіден тұтынушыға жеткенше бағаның бірнеше есе қымбаттауы қарапайым жұрттың қалтасына ауыр салмақ салып отыр. Осы ретте аталған мәселені жүйелі түрде шешу үшін құзырлы органдар жұмылдырылмақ.

Атап айтқанда, Арман Абайұлына Ішкі істер министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, осы түйткілді түбегейлі қолға алу жүктелді. Мақсат — базардағы заңсыз әрекеттердің жолын кесіп, бағаны негізсіз өсіретін «көлеңкелі» делдалдарға тосқауыл қою.

Алдағы уақытта базар ішіндегі әрбір сауда үдерісі қатаң бақылауға алынып, заңсыз топтардың жұмысы тоқтатылуы тиіс. Бұл қадамдар нарықтағы бағаның тұрақтануына және сауданың ашық әрі әділ жүруіне септігін тигізеді деп күтілуде. Ендігі кезекте атқарылатын жұмыстар науқандық емес, нақты әрі жүйелі сипатта өрбитін болады.

Барлық жаңалық