🤖 Digital

Бір кезде бөлме жинаушы еді, қазір жасанды интеллектпен ақша тауып отыр

Бір кезде бөлме жинаушы еді, қазір жасанды интеллектпен ақша тауып отыр

Бір кезде бөлме жинаушы еді, қазір жасанды интеллектпен ақша тауып отыр

Кеше ғана шетелде қара жұмыс істеп жүрген қазақ қызының бүгін жасанды интеллектіге негізделген стартап құрып, айына бірнеше миллион теңге табыс тауып отырғанына сену қиын. Бірақ Мөлдір Алмасбекқызының өмір жолы дәл осындай. Ол Моңғолиядан тарихи Отанына көшіп келді, қазақ тілін нөлден үйренді, әкесінен айырылды, Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеді, әлемнің елуге жуық елін аралады, жеке бизнес ашты, киім өндірісін құрды, Қазақстан бойынша 23 франшизаны дамытты. Енді сән әлемі мен жасанды интеллектті біріктірген SoulSis платформасын жасап отыр, деп жазады Ozgeris.info Digital Business-ке сілтеме жасап.

Мөлдірдің тарихы Моңғолияның астанасы Ұлан-Батырдан басталады. Ол этникалық қазақ отбасында дүниеге келген. Балалық шағы туған елінен жырақта өтті. Ең қызығы, болашақ кәсіпкер мектеп бітіргенге дейін қазақша да, орысша да білмеген.

«Әкем төрт баласының қазақ тілін де, мәдениетін де білмей өскеніне қатты алаңдайтын. Сол себепті Қазақстанға көшу туралы шешім қабылдады. Біздің тарихи Отанымызға оралуымыздың басты себебі де осы болды», дейді ол.

Мольдир Алмасбеккызы

Қазақстанға келгенде оның алдында үлкен сынақ тұрды. Бірнеше айдың ішінде қазақ тілін меңгеріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу керек еді. Кентаудағы дайындық курстарына барып, небәрі он айдың ішінде тілді үйреніп шығады. Кейін Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне мемлекеттік грантпен түседі. Мамандық ретінде ағылшын және корей тілдерінің педагогикасын таңдайды. Алайда студенттік өмір армандағандай болмады.

«Бірінші курс мен үшін өте ауыр кезең болды. Әкем өмірден өтті. Отбасымыздың жағдайы күрт нашарлады. Бізге көмектесетін ешкім болмады. Тек әпкем жұмыс істеді. Бір жағынан жаңа ортаға бейімделу де қиынға соқты. Біраз уақыт күйзеліске түстім. Сол кезде өмірімді өзгерту үшін шетелге кету керек деп ойладым», дейді Мөлдір.

Мольдир Алмасбеккызы

2007 жылы ол студенттер алмасу бағдарламасы арқылы Оңтүстік Кореяға аттанады. Бірақ шетелдегі өмір сырт көзге көрінгендей әдемі бола қоймайды. Студенттерге толыққанды жұмыс істеуге рұқсат берілмегендіктен, күнкөріс қамымен заңсыз еңбек етуге мәжбүр болады. Аптаның бес күнінде университетте дәріс тыңдайды. Демалыс күндері қонақүйлерде бөлме жинаушы болып жұмыс істейді.

«Ол кезде басқа амал болған жоқ. Оқуымды да жалғастыруым керек, өмір сүруім де керек. Сондықтан демалыс сайын қонақүй бөлмелерін жинадым. Кейін корей тілін меңгерген соң жағдайым сәл жақсарды. Жергілікті балаларға ағылшын тілінен сабақ бере бастадым», дейді кәсіпкер.

Қазақстанға оралған соң біраз уақыт тіл курстарында жұмыс істейді. Бірақ көп ұзамай өміріндегі жаңа кезең басталады. 2011-2012 жылдары Air Astana әуе компаниясының іріктеуінен өтіп, бортсерік атанады. Бұл жұмыс оған әлемді көруге мүмкіндік береді. Екі жыл ішінде елуге жуық елге сапар шегеді. Әртүрлі мәдениетпен танысады, халықаралық тәжірибе жинайды. Алайда дәл осы кезде маңызды таңдау жасауға тура келеді.

«Бортсеріктің жұмысы қызық. Бірақ аптаның кемінде төрт күні басқа мемлекетте жүресің. Мұндай кестемен толыққанды отбасы құру қиын. Сондықтан мансап пен отбасының арасынан таңдау жасауға тура келді. Мен отбасымды таңдадым», дейді ол.

Мольдир Алмасбеккызы

Жұбайымен бірге кәсіп бастау туралы шешім қабылдаған кезде олардың қолында қомақты капитал болмаған. Бірақ идея болды. Олар ағылшын тілі курстарын ашуға бел буды. Ол кезде тіл үйретудің дәстүрлі тәсілі кең таралған еді. Оқушылар жылдар бойы грамматиканы жаттап, бірақ еркін сөйлей алмайтын.

«Біздің ұстанымымыз басқа болды. Кез келген тілдің басты мақсаты – қарым-қатынас жасау. Сондықтан сабақтар толықтай ағылшын тілінде өтті. Біз сөйлеу тәжірибесіне басымдық бердік», дейді кәсіпкер.

Курстың алғашқы таныстырылымы күтпеген жағдаймен басталған. Шеберлік сабағын өткізу үшін арнайы оқытушы шақырылған. Бірақ шара болатын күні ол байланысқа шықпай қойған.

«Адамдар жиналып отыр. Ал мұғалім жоқ. Амалсыз өзім шығуға тура келді. Қатты қобалжыдым. Сонда аудиторияны қызықтыру үшін бәрімізді анонимді маскүнемдер клубының мүшелері ретінде елестетуді ұсындым. Әркім өз рөлін ойнады. Соның нәтижесінде бұрын ағылшын тілінде сөйлеуге қорқатын адамдардың өзі сөйлеп кетті. Шеберлік сабағы өте сәтті өтті», дейді ол күліп.

Мольдир Алмасбеккызы

Кейін бұл жоба табысты бизнеске айналады. Уақыт өте келе Мөлдір білім беру саласынан бөлек сауда бағытын да игереді. Өзінің киім өндірісін іске қосады. Қазақстанның әр өңірінде жұмыс істейтін 23 франшизадан тұратын желі қалыптастырады. Кейін бұл бизнесті тиімді бағамен сатып жібереді.

Алайда кәсіпкердің ізденісі мұнымен тоқтамаған. Соңғы жылдары әлем жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты. Мөлдір де бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысты. Сән индустриясында көп жылдан бері жұмыс істеген тәжірибесін технологиямен ұштастыруды жөн көреді. Осылайша SoulSis жобасы дүниеге келеді.

Бұл – пайдаланушының талғамын, дене бітімін, өмір салтын және сәнге қатысты қалауын талдап, киім таңдауға көмектесетін цифрлық стилист. Қарапайым тілмен айтқанда, қалтаңыздағы жеке сән кеңесшісі. Жоба Telegram платформасы негізінде жұмыс істейді. Жасанды интеллект қолданушыға қандай стиль жарасатынын, қандай түстер үйлесетінін, қандай образ таңдау керектігін ұсынады.

Digital Business мәліметінше, стартап іске қосылған алғашқы айдың өзінде 350 ақылы қолданушы жинаған. Қазір жоба айына орта есеппен 4-5 миллион теңге тұрақты табыс әкеледі. Кейбір айларда кіріс көлемі 8 миллион теңгеге дейін жетеді.

Бүгінде Мөлдір сән бойынша кеңес берумен ғана шектелмейді. Парижге арнайы fashion-турлар ұйымдастырады, жаңа технологияларды дамытуға инвестиция салады және өз жобасын халықаралық деңгейге шығаруға дайындалып жүр. Кейде үлкен жетістікке апаратын жол қонақүйдегі шағын бөлмеден, студенттік жатақханадан немесе кездейсоқ қабылданған батыл шешімнен басталады...

 

Барлық жаңалық