Қарағанды облысында бір күннің ішінде екі бала терезеден құлап, ауруханаға түсті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Алғашқы оқиға Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданындағы 14-шағынауданда болған. Ересектердің қарауынсыз қалған 2025 жылы туған сәби бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы терезеден құлап кеткен. Оқиға салдарынан түрлі жарақат алған бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді.
Дәл осындай жағдай Теміртау қаласында да тіркелді. 4а-шағынауданындағы бес қабатты үйдің үшінші қабатынан 2022 жылы туған бала құлап кеткен. Зардап шеккен бүлдіршін ауыр жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Қарағандыдағы сәбидің жағдайы орташа ауыр деп бағаланса, Теміртаудағы баланың жағдайы ауыр.
Мамандардың айтуынша, жылы мезгіл басталғалы балалардың терезеден құлау деректері көбейген. Биыл Қарағанды облысында осындай 13 жағдай тіркелген.
Құтқарушылар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Сондай-ақ масаға қарсы торлардың қауіпсіздік құралы емес екенін ескертті. Мамандар көпқабатты үйлерде арнайы бекіткіштер мен терезе ашылуын шектейтін құрылғыларды пайдалануға кеңес береді.