Елімізде қоғамдық орындарда никаб киюге ресми түрде тыйым салынды. Жаңа норма құқық қорғау жүйесін реформалау туралы заң аясында бекітілді. Жаңа талаптың мәні қарапайым, нақтырақ адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерге тыйым салынады. Десе де, ереже барлығына бірдей емес екен. Ozgeris.info тілшісі шектеуге жатпайтын тұстарын, хиджаб пен никабтың айырмашылығын, сондай-ақ мектептегі шулы оқиғаларды саралап тақырыпты зерттеп көрді.
Жаңа заң неге маңызды?
Аталған заң мемлекеттің кең ауқымды ұстанымының бір бөлігі. 2025 жылы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев қара түсті, тұмшаланған киімдерге қарағанда, ұлттық киім киген дұрыс екенін ашық мәлімдеген болатын. Үндеу қоғамда кең қолдау тапты. Ұлттық киім күні белгіленіп, этностық стильге деген қызығушылық артты. Ұлттық киім тек мерекелік күндерде емес, күнделікті өмірде, мысалы мектепте, жұмыс орнында, көшеде киіле бастады. Салдарынан ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс артып, кәсіпкерлердің ісі де дами бастады.
Демек, аталмыш заң тек қауіпсіздік туралы емес, сонымен бірге идеялық таңдау, болмысымызды айқындау. Яғни, Қазақстан ашықтық пен этникалық ерекшелікті таңдады. Жаңа қадам қоғамның талғамына, жүріс-тұрысына және күнделікті көрінісіне әсер етіп келеді.
Сарапшылар не дейді?
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жаңа заңға байланысты аналитикалық материал жариялады. Автор Елнар Берікбаевтың пікірінше, өзгерістердің басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және адамды тануды жеңілдету. Заң бетті тұтас жабатын киімдерге ғана қатысты. Шектеулер жұмысқа, денсаулыққа, ауа райына немесе мәдени себептерге қатысты болмаса, мұндай киімге тыйым салынады.
Мұндай талаптар Франция, Бельгия, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерде бұрыннан бар. Барлығының көздеген мақсаты - қоғамдық қауіпсіздік.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан медиасында «никаб» пен «хижаб» ұғымдары жиі шатастырылады.
«Бұл екі түрлі дүние. Никаб – бет-әлпетті толығымен жауып, тек көзге саңылау қалдыратын киім. Ал хиджаб - шашты жабатын, бірақ бетті ашық қалдыратын орамал. Мұндай терминологиялық қателіктердің орын алуы дұрыс емес. Мұсылман әйелдердің үрейін туғызып, қоғамда түсініспеушілік тудырады», - дейді маман.
ҚСЗИ жүргізген талдаудың қорытындысына сүйенсек, көпшілік бұл ұғымдарды ажырата алмайтынын көрсетті. Сондықтан ақпараттық-ағартушылық жұмыс аса маңызды деп атап өтті сарапшы.
Тарихи және мәдени контекст
Елнар Берікбаевтың пікірінше, никаб - ислам киімінің міндетті элементі емес. Бұл исламға дейінгі Араб түбегінде пайда болған дәстүр.
«Ол елде никаб адамды құм мен ыстықтан қорғау үшін киілетін болған. Кейін бұл практика кейбір араб елдерінде мәдени норма ретінде сақталды. Ал қазір никаб кию діни емес, мәдени таңдау», - деп атап өтті маман.
Тіпті әлемдегі ең ірі ислам университеті саналатын әл-Азһар да оқытушыларына никаб киюге тыйым салған. Ондағы дін ғалымдары Құран мен Сүннетте әйелдің жүзін жабу туралы міндет жоқ екенін айтады. Демек, никаб діни парыз емес, жеке шешім.
Қазақстанға келсек, қазақ әйелдерінің дәстүрлі киімінде, мысалы, кимешек пен сәукеле кигенде де бет ашық болған. Климаттық немесе мәдени себеппен бетті жабу қажеттігі болмаған. Ұят пен инабат жүзді бүркемелеу арқылы емес, киімнің пішінімен, мата таңдауымен, жас ерекшелігімен, отбасылық мәртебемен көрсетілген.
«Сондықтан никаб қазақ қоғамына тән емес киім элементі».
Заң дінге қарсы ма?
Сараптамалық-зерттеу институты ақпарат құралдарына дін тақырыбын қозғаған кезде терминдерді нақты қолдануға, ресми дереккөздерге сүйеніп, сарапшылардың пікіріне жүгінуге кеңес береді.
Заң дінге қарсы емес, ол қауіпсіздік туралы. Никаб - маска. Хиджаб - беті ашық орамал. Сондықтан заң сенім бостандығын бұзбайды, ол көпшілік ортадағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді.
«Көптеген беделді ислам ғалымдары «жүзді жабу міндет емес, бұл жеке таңдау» деген пікірде. Сол себепті никаб пен хиджабты шатастыру қауіпті. Бұл қоғамда негізсіз алаңдаушылық туғызып, жік тудырып, түсініспеушілікке себеп болады», - делінген зерттеуде.
Мектептегі хиджабқа тыйым: Заң аясындағы тартыс пен сот істері
Орта білім беру мекемелерінде оқушылар мен мұғалімдерге хиджаб киюге ресми түрде тыйым салынған еді. Бұл талап бірыңғай мектеп формасына қойылатын ережелер негізінде енгізілді және мектептің зайырлы сипатын сақтау мақсатында қабылданған. Білім министрлігі бұл шешімнің тек мектеп қабырғасында ғана қолданылатынын және оқушының жеке сенім бостандығына қол сұғылмайтынын атап өтті.
Алайда жаңа талап қоғамда түрлі пікірталастарға себеп болды. Бірқатар өңірде ата-аналар мен оқушылар жаңа талапқа келіспей, мектепке барудан бас тартты. Түркістан, Жамбыл, Павлодар және Қарағанды облыстарында ондаған қыздар хиджаб үшін сабаққа қатыспай, шу шығарған. Осыған байланысты оқушыларды мектептен уақытша шеттету немесе оқудан шығару жағдайлары да тіркелді.
Ақыры пікірталастардың соңы сотқа дейін жетті. Павлодар облысында 2023 жылы хиджаб киіп жүрген екі оқушыны мектепке кіргізбей қойған. Ата-аналар бұл шешімді «баланың білім алу құқығын бұзу» деп танып, сотқа жүгінді. Қарағандыда бірнеше ата-ана Білім басқармасына қарсы арыз түсіріп, мектептің әрекеті заңсыз деп тануды талап етті. Алматы облысында ата-аналар мектепке қоңырау шалмай, балаларына онлайн білім беруді сұрап, бұл талап орындалмаған соң сотқа шағымданды.
Бастапқыда кейбір аудандық және қалалық соттар ата-аналардың шағымын қанағаттандырып, оқушыны мектепке қабылдауға міндеттеу туралы шешім шығарған. Алайда үкім жоғары инстанцияда қайта қаралып, облыстық соттар мен Жоғарғы сот Білім министрлігінің ұстанымын заңды деп таныды.
2024 жылдың басында Қазақстанның Жоғарғы соты нақты ұстаным білдіріп, мектеп формасына қойылатын талаптарды реттеу құқығы Білім министрлігіне тиесілі екенін мәлімдеді. Демек, министрлік бекіткен формадан тыс киіммен келуге тыйым салу - заңды. Сонымен қатар, бұл талап сенім бостандығын бұзбайды, себебі тек оқу орнында қолданылады.
Дін және балама жолдар
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталмыш мәселе бойынша байсалды ұстаным танытып отыр. Олар хиджаб киюді қалайтын қыз балаларға мектеп бітірген соң медресе немесе арнайы діни колледждерге баруды ұсынады.
Бірқатар теологтар мен дінтанушылар деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп қалмау үшін мектептерде ашық, түсінікті диалог орнату қажет екенін айтады. Сонымен қатар, кейбір сарапшылар қашықтан оқыту, арнайы мектеп формасына қосымша нұсқалар секілді ымыралы жолдарды ұсынады.