Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қайта қаралып, жаңа өзгерістермен толықты. Енді бұл рәсім тек банктен алған несиені ғана емес, коллекторлардан, микроқаржы ұйымдарынан және тіпті таныс, жұмыс беруші, жеке компаниялар берген қарызды да толық кешіруге мүмкіндік береді. Заң биыл күшіне енеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріс біреуге мүмкіндік, енді біреуге қауіп әкелуі мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.
Мәжіліс пен Сенат заң жобасын шұғыл қарастырып, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберді. Президент қол қойғаннан кейін, заң ресми жарияланған күннен бастап 60 күннен кейін күшіне енеді.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл өзгеріс банкроттық тетігін жеңілдетеді. Бұған дейін заңда «банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш берілгенге дейін борышкер мен кредитор берешекті міндетті түрде реттеуі тиіс» деген талап болған. Бірақ бұл норма рәсімді ұзаққа созатын.
«Қазіргі уақытта азаматтардың банкроттығы туралы ескі заңда осындай тәсіл, талап көзделген. Біздің ойымызша, оған қатысты жаңа түзетулер өте дұрыс. Банкроттық туралы заңда осындай тәсіл болғандықтан азаматтар банкрот мәртебесін ала алмай жатыр. Сондықтан оны алып тастауды біз толық қолдадық», дейді Әбілқасымова.
Заң аясында 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қарыз шарттары бойынша борышты реттеу туралы талап та алынып тасталды. Бұл өзгеріс әсіресе кредиторын таба алмай жүрген азаматтарға үлкен көмек. Бұдан бөлек, борышкер енді соттан тыс банкроттық рәсімінен бас тарта алады, яғни өтінішін кейін қайтарып алуға құқылы болады. Бұл да бұрын болмаған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жаңа заң күшіне енген соң соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін борышкердің қаржы ұйымдары алдындағы барлық қарызы – оның ішінде кредиттік бюроға тіркелмеген қарыздары да толық тоқтатылады. Бұл дегеніміз азаматтың қаржылық тарихы таза парақтан басталуы мүмкін деген сөз.
2023 жылы енгізілген заң аясында 28,4 мың адам мемлекеттік кірістер органдары арқылы, ал 196 адам сот шешімімен банкрот деп танылған. Олар өтей алмай келген қарыздардың жалпы көлемі 147,1 млрд теңге. Тағы 103 адам төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жолын таңдаған, олардың қарызы 9,5 млрд теңге. Бұл рәсім берешекті кешіруді емес, жеңілдетілген кестемен өтеуді көздейді.
2023-2024 жылдары банкроттық туралы өтініш берген азаматтар саны 160 мыңнан асып кеткен. Бірақ олардың тең жартысынан астамының өтініші қанағаттандырылмаған. Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібековтің айтуынша, заң жеңілдеген сайын банкроттыққа өтінім берушілер саны да артқан.
«Қаптатып алған кредитіне қызмет көрсете алмаған қазақстандықтардың өзін банкрот деп тану туралы өтініш беруі жиілеп кетті. Қаржы министрлігінің дерегінше, 2023-2024 жылдары соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға 118 мыңнан аса азаматтан өтініш түскен. Соның ішінде 90 мыңнан көп азаматтың өтінішін қанағаттандырудан бас тартылған. Депутаттар бастамашы болған кредит беру кезіндегі тәуекелдерді азайту туралы алдыңғы заңның арқасында банкрот деп мойындалған азаматтар саны 2 есе өсті! 2023 жылы банкрот деп танылғандардың саны небары 7 мың болған еді. Енді жаңа заң қабылданып отыр. Ол жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімін одан ары оңайлатады», деді мәжілісмен.
2025 жылғы 10 маусымнан бастап азаматтар банкроттыққа өтінішті банктердің мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Қазір бұл мүмкіндік тек бір банкте – bcc.kz жүйесінде бар. Болашақта басқа банктер де қосылады деген жоспар бар. Бұған дейін өтініш беру үшін тек ХҚКО-ға бару немесе eGov порталы арқылы өтініш жазу керек болатын.
Ең қызығы – өзін банкрот деп таныған адам 7 жылдан кейін қайта банкрот бола алады. Мемлекеттік кірістер комитетінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Балғын Қандылданың түсіндіруінше, бір рет банкрот болған адам екінші мәрте дәл осы рәсімді 7 жылдан соң ғана қайта пайдалана алады.
«Иә, жеке тұлға кейін банкроттық рәсімінен қайта өте алады. Тек уақыт аралығын сақтауы қажет. Азамат бірінші рет банкрот деп танылғаннан кейін 7 жыл өткеннен кейін ғана қайтара банкроттық рәсіміне жүгіне алады. Мәселен, егер қазақстандық 2025 жылы банкрот деп танылса, келесі жолы ол шамамен 2032 жылы өзін банкрот деп жариялай алады. Алайда осы жетіжылдық аралықта оның жаңа қарыз алуына шектеу қойылған: 5 жыл бойы азамат не кредит, не заем ала алмайды», деді Қандылда.