Қазақстан

Батыстың «ажал жолдары»: Неліктен Ақтөбе мен Батыс Қазақстанда ірі жол апаттары жиілеп кетті?

Батыстың «ажал жолдары»: Неліктен Ақтөбе мен Батыс Қазақстанда ірі жол апаттары жиілеп кетті?

Ақтөбе облысында тағы бір қайғылы жол апаты болды. Хромтау қаласы маңында Audi жеңіл көлігі мен ГАЗель автокөлігі соқтығысып, үш адам көз жұмды. Қаза тапқандар – Дөң кен-байыту комбинатының жұмысшылары. Олар жұмыстан кейін жеке көлігімен қайтып келе жатқан. Бұл – соңғы күндердегі жалғыз қайғылы оқиға емес. Бұған дейін Самара – Шымкент республикалық тасжолында DAF жүк көлігі мен BMW автокөлігі соқтығысып, жүргізуші мен кәмелетке толмаған бала қаза тапты. Тағы бірнеше адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, - деп жазады Ozgeris.info тілшісі.

Екі ірі жол апатының арасы бірнеше күн ғана. Бірақ мәселе тек осы екі оқиғамен шектелмейді. Соңғы жылдары Қазақстанның батыс өңірлері – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары – жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін аймақтардың біріне айналды.

Мәселе тек жүргізушіде ме?

Жол апатынан кейін қоғамда кінәні көбіне жүргізушіден іздеу қалыптасқан. Шынында да, жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, шаршаған күйде көлік жүргізу немесе мас күйінде рөлге отыру – қайғылы жағдайлардың негізгі себептерінің бірі. Алайда барлық жауапкершілікті тек жүргізушіге арту дұрыс емес. Себебі жол қауіпсіздігі – бірнеше жүйенің ортақ жауапкершілігі.

Батыстың жолдары неге қауіпті?

Батыс Қазақстандағы республикалық және облыстық маңызы бар көптеген жолдар әлі күнге дейін екі жолақты. Мұндай жолдарда ауыр жүк көліктері өте көп жүреді. Озып шығу кезінде қарсы бағыттан келе жатқан көлікпен соқтығысу қаупі артады. Көптеген учаскеде жол жабынының сапасы төмен, ойықтар мен шөгу кездеседі, жарықтандыру жоқ, қоршаулар жеткіліксіз, қауіпті бұрылыстар мен өткелдер заманауи талаптарға сай жабдықталмаған. Мұндай инфрақұрылым кез келген жүргізушінің қателігін ауыр апатқа айналдырады.

Жол мәселесін күнделікті көріп жүргендердің бірі – ауылдар арасында жолаушы тасымалдайтын Ақжол Жанболат. Оның айтуынша, Батыс Қазақстандағы жолдардың жағдайы жылдар бойы шешімін таппай келеді.

 «Иә, Орал өңіріндегі жолдардың жағдайы шынымен көңіл көншітпейді. Қаланың ішіндегі жолдар біршама реттелгенімен, бұл көбіне уақытша шешім сияқты. Ал Атырауға баруға көп адам қорқады. Себебі жолы тар, шоқалақ, жүру өте ауыр. Осыдан жеті жыл бұрын сыныптасым дәл сол жолда жол апатына түсіп, қаза болды. Оны еске алудың өзі ауыр. Оралға жалғасып жатқан ауыл жолдарының да сапасы сын көтермейді. Өңірді білмейтін жүргізушілер үшін бұл бағыттар тіпті қауіпті. Біз жолды жөндеу туралы талай рет айттық, бірақ жасалған жөндеу ұзаққа шыдамайды. Халықтың сөзін тыңдайтын әкімдер бар, бірақ мұндай жолдарды жаңарту олардың ғана қолынан келмейді. Бұл – ауқымды қаржыны және жүйелі жұмысты қажет ететін мәселе», – дейді Ақжол Жанболат.

Оның айтуынша, өзі ауылдар арасында тұрақты түрде жолаушы тасымалдайтындықтан, жолдардың нақты жағдайын күн сайын көріп келеді. Сондықтан бұл мәселе статистикадағы сандар ғана емес, күн сайын жолға шығатын мыңдаған адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін түйткіл екенін айтады.

Мал мәселесі әлі шешілмеді

Батыс өңірінде жолға кенеттен шығып кететін мал мәселесі жылдар бойы өзекті болып келеді. Түнгі уақытта жарық аз болғандықтан жүргізушілер жылқыны, сиырды немесе түйені дер кезінде байқамайды. Әсіресе Ақтөбе–Орал, Атырау–Орал және ауданаралық бағыттарда мұндай оқиғалар жиі кездеседі. Бұл жерде жауапкершілік тек мал иелеріне ғана емес. Қауіпті аумақтар қоршалуы, ескерту белгілері көбейтілуі және бақылау күшейтілуі қажет.

Полицияның рөлі қандай?

Жол-патрульдік полиция тұрақты рейдтер өткізеді. Дегенмен жүргізушілердің айтуынша, кейбір бағыттарда полиция көбіне жылдамдықты бақылаумен шектеледі. Ал халықаралық тәжірибеде қауіпсіздік тек айыппұлмен өлшенбейді. Сарапшылардың пікірінше, қауіпті учаскелерге тұрақты бақылау қою, апат жиі болатын жерлерді инженерлік тұрғыдан қайта жобалау, жүргізушілерді алдын ала ескерту жүйесін дамыту әлдеқайда тиімді.

«ҚазАвтоЖолдың» жауапкершілігі

Республикалық жолдарды күтіп ұстау мен жаңғыртуға жауапты мекемелердің жұмысына қатысты қоғамда сұрақ көп. Көп жылдан бері тұрғындар Ақтөбе – Орал, Атырау – Орал, Ақтөбе – Қобда, Ақтөбе – Әйтеке би басқа да бағыттардың жағдайына шағым айтып келеді. Кейбір жолдарға жөндеу жүргізілгенімен, көлік ағынының артуына байланысты бұл жеткіліксіз болып отыр.

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Абылай Сәрсенғалиевтің айтуынша, өңірдегі жолдардың сапасы тұрғындардың күнделікті өміріне де, қауіпсіздігіне де тікелей әсер етіп отыр.

«Жолдарды сапалы етіп жөндеу керек. Кейбір өте нашар жолдардың ақылы болғаны тіпті түсініксіз. Халық арасында мұндай бағыттарды “ажал жолы” деп атайды. Себебі жолға шыққан адам діттеген жеріне аман жетемін бе деп алаңдайды. Айшылық алыс жерлерге асығып бармайсың, өйткені өмір бәрінен қымбат. Егер жолдар талапқа сай болса, ауылдар арасында қатынау да жеңілдеп, адамдар уақытын да, көлігін де үнемдер еді. Ең бастысы – адам шығыны азаяр еді», – дейді Абылай Сәрсенғалиев.

Оның пікірінше, жол сапасын жақсарту – тек көлік қатынасын дамыту емес, ең алдымен адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды міндет. Өкінішке орай, аталған мекеменің өкілдерімен байланысу мүмкін болмады.

Неге автобан жоқ?

Қазақстанның оңтүстігі мен орталығында жоғары санаттағы жаңа автожолдар көбейіп келеді. Ал батыс өңірлерінде халықаралық маңызы бар бағыттардың басым бөлігі бұрынғы екі жолақты күйінде қалып отыр. Бұл өңір арқылы Ресеймен халықаралық жүк тасымалы өтеді. Мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі дамығандықтан ауыр жүк көліктерінің саны да өте жоғары. Сарапшылардың пікірінше, дәл осындай көлік ағыны бар жолдар кезең-кезеңімен төрт жолақты қауіпсіз магистральға айналуға тиіс.

Өлімге кім жауапты?

Әр жол апатының нақты кінәсін тергеу анықтайды. Бірақ мәселені кеңірек қарасақ, жауапкершілік бірнеше тарапқа жүктеледі.

* Жүргізуші – жол қозғалысы ережесін сақтауға.

* Жолға жауапты мекемелер – қауіпсіз инфрақұрылымды қамтамасыз етуге.

* Мал иелері – жануарлардың жолға шығуына жол бермеуге.

* Полиция – қауіпті учаскелерде тиімді бақылау ұйымдастыруға.

* Жергілікті және орталық атқарушы органдар – жолдарды жаңғырту мен қаржыландыруды уақытылы қамтамасыз етуге.

Қайғылы статистика өзгеруі үшін не істеу керек?

Батыс Қазақстандағы жол қауіпсіздігі мәселесі енді тек жүргізушілер мәдениетін көтерумен шешілмейді. Мамандар бірнеше бағытқа басымдық беру қажет екенін айтады. Атап айтар болсақ, халықаралық маңызы бар жолдарды кезең-кезеңімен төрт жолақты ету, жол жабынын сапалы жөндеу, мал өтетін аумақтарды толық қоршау, интеллектуалды бейнебақылау мен орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізу, қауіпті учаскелерді қайта жобалау, жол бойындағы жарықтандыру мен белгілерді көбейту.

Сақтансаң, сақтайды...

Ақтөбедегі соңғы екі апат тағы бір мәселені көрсетті: Батыс Қазақстандағы жол қауіпсіздігі жеке жүргізушінің жауапкершілігімен ғана шектелмейді. Егер инфрақұрылым заман талабына сай жаңартылмаса, жолдардың техникалық жағдайы жақсармаса және қауіпті бағыттарға кешенді өзгерістер енгізілмесе, мұндай қайғылы оқиғалар қайталана беруі мүмкін. Адам өмірінің құны жол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін емес, дәл бүгін қорғалуы тиіс.

Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан жолдағы қауіпсіздік тек мемлекетке немесе жол саласына жауапты мекемелердің ғана емес, әрбір жүргізушінің де жауапкершілігі болуы тиіс. Иә, Батыс Қазақстандағы бірқатар жолдардың сапасы сын көтермейді. Кей жерлерде жол тар, кейбір учаскелердің тозығы жеткен, ал малдың жолға шығуы да қауіп-қатерді күшейтеді. Алайда жолдың нашар екенін біле тұра жылдамдықты асыру немесе қауіпті маневр жасау қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Әсіресе, күнкөріс қамымен күніне бірнеше рейс жасайтын такси жүргізушілері жолаушылардың өмірі өз жауапкершілігінде екенін әрдайым есте ұстауы қажет. Уақыттан ұтамын деп тәуекелге барудың соңы орны толмас өкінішке ұласуы ықтимал. Жүргізушінің тәжірибесі ешқашан қауіпсіздік ережесінен жоғары тұрмауы керек.

Жолдарды жаңарту – мемлекеттің міндеті. Ал сол жолда тәртіп сақтау – әрбір жүргізушінің парызы. Қазақта «Сақтансаң – сақтайды» деген сөз бар. Жол үстінде осы қағиданы ұстанған әр адам бір ғана өз өмірін емес, өзгенің де тағдырын сақтап қалуы мүмкін.

Барлық жаңалық