Шымкентте дәрігерлер жасөспірімнің асқазанынан ұзындығы 30 сантиметр болатын шаш шоғын алып шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасына 2011 жылы туған жасөспірім жедел жәрдеммен жеткізілген. Дәрігерлердің мәліметінше, ол ішінің қатты ауыратынына, тәбетінің төмендегеніне, жалпы әлсіздік пен ашушаңдыққа шағымданған.
Қабылдау бөлімінде кезекші хирургтер науқасты тексеріп, нақты диагноз қою үшін қан мен зәрге жалпы талдау, іш қуысының ультрадыбыстық зерттеуі, шолу рентгенографиясы және компьютерлік томография жүргізген.
Тексеру нәтижесіне сәйкес дәрігерлер шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдаған.
Операция барысында жасөспірімнің асқазанынан салмағы шамамен 1 келі, ұзындығы 30 сантиметр болатын трихобезоар – тығыз шаш шоғы алынып шыққан.
Мамандардың айтуынша, ота сәтті өткен. Кейін науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында болуы үшін жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған.