💰 Экономика

Банктерге жаңа тәртіп келді, енді лицензия екіге бөлінеді

Банктерге жаңа тәртіп келді, енді лицензия екіге бөлінеді

Қазақстанда банктердің жұмыс істеу тәртібі түбегейлі өзгерді. Енді барлық екінші деңгейлі банктер бірдей лицензиямен емес, екі түрлі деңгей бойынша жұмыс істейді. Жаңа жүйе ірі банктермен қатар шағын әрі цифрлық банктерге де жол ашуды көздейді, деп жазады Ozgeris.info.

Яғни, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң күшіне енді. Осы заңға сәйкес енді банктерге лицензияның 2 түрі беріледі. Олар базалық және әмбебап лицензия. Бұл өзгеріс банк секторындағы бәсекені күшейтіп, нарыққа жаңа ойыншылардың келуіне мүмкіндік беру үшін енгізілді.

Бұған дейін барлық банктер бірдей талаппен жұмыс істеп келді. Ал жаңа тәртіп бойынша банктердің мүмкіндігі мен жауапкершілігі олардың лицензия түріне қарай бөлінеді. Яғни, банк қандай лицензия алса, соған сай қызмет көрсетеді, соған сай қадағаланады.

Жаңа заңның негізгі мақсаты тек ірі банктерге емес, нарыққа енді ғана келіп жатқан шағын банктерге де өмір сүруге мүмкіндік беру. Мемлекет осылайша банк жүйесінде теңгерімді орта қалыптастырғысы келеді. Халықаралық тәжірибеде мұндай тәсіл бұрыннан бар. Кей елдерде шағын банктер үшін арнайы базалық лицензия қолданылады, ал кей мемлекеттерде бірыңғай лицензия болғанымен талаптар банктің көлеміне қарай өзгереді.

Қазақстан осы жолы екі деңгейлі модельді таңдады. Бұл модель банктерді шектеп тастау үшін емес, керісінше әр банкке өз шамасына қарай жұмыс істеуге жағдай жасау үшін енгізіліп отыр.

Базалық лицензиясы бар банктер үшін белгілі бір шектеулер қойылады. Мұндай банктердің активтері 500 млрд теңгеден аспауы тиіс. Ал меншікті капиталының ең аз мөлшері 10 млрд теңге деңгейінде белгіленеді. Бұл шекті көрсеткіштер нақты нормативтік құжаттарда айқындалады. Мұндағы басты мақсат тәуекелді азайту.

 

Сонымен қатар базалық лицензиясы бар банктерге бейрезиденттерге және өзімен үлестес тұлғаларға несие беруге тыйым салынады. Бұл талап шағын банктердің қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін енгізіліп отыр. Яғни банк өз ішінде немесе шетелге тәуекелді несие беріп, күйзеліске ұшырамас үшін алдын ала шектеу қойылады.

Базалық лицензияның тағы бір ерекшелігі қадағалаудың жеңілдеуі. Мұндай банктер үшін пруденциялық нормативтер төмендетіледі. Тексерулер сирек жүргізіледі. Есеп тапсыру жиілігі де азаяды. Инспекция талаптары бұрынғыдай қатаң болмайды. Бұл шағын банктердің артық әкімшілік жүктемеден босап, негізгі жұмысына назар аударуына мүмкіндік береді.

Ал әмбебап лицензиясы бар банктер бұрынғыдай толыққанды банк қызметін көрсетеді. Олар ірі активтермен жұмыс істей алады, нарықтағы негізгі қаржы операцияларын жүргізеді және қадағалау талаптары да жоғары деңгейде сақталады.

Бұл заң тек лицензия мәселесімен шектелмейді. Мемлекет банк секторын заманауи технологияларға бейімдеуді де көздеп отыр. Жаңа ережелер арқылы банктердің экономиканы қаржыландырудағы рөлі күшейтіледі, қаржылық технологиялардың дамуына жол ашылады, цифрлық шешімдер мен жаңа сервистерді енгізу жеңілдейді.

Қарапайым тілмен айтқанда, енді банк жүйесінде бәрі бірдей емес. Үлкен банк пен шағын банктің талаптары да, мүмкіндігі де әртүрлі болады. Бұл өзгеріс банк нарығын жандандырып, клиент үшін жаңа қызметтер мен баламалардың пайда болуына негіз болмақ. Жаңа лицензиялау жүйесі банктерге де, нарыққа да, түптеп келгенде халыққа да бағытталған. Себебі бәсеке артқан жерде қызмет сапасы да өседі.

Барлық жаңалық