Еліміздегі банктер экономикаға инвестиция салудан гөрі, қарапайым халыққа жоғары пайызбен несие беруді жөн көреді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Ұлттық банк пен Үкіметке нақты тапсырма берген еді. Банктерді нақты секторға қаржы құюға ынталандыру қажет. Соның нәтижесінде 30 жыл бойы қайта қаралмаған заң жобасы жаңартылмақ. Енді қаржы нарығын қандай өзгерістер күтіп тұр? Банкирлерге қандай жаңа талаптар қойылады? Ал қарапайым халыққа бұл қандай пайда әкелмек? Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікіріне сүйеніп, сараптамалық материал ұсынады.
Елдегі қаржылық ұйымдардың ұпайы түгел. Себебі, қарызды да, пайызды да ойдағыдай орындап, жілік майын жеп отыр. Бірақ, шағын және орта бизнесті жандарына жуытпайды. Себебі, тұтынушылық несиеден қырауар пайда тауып отыр.
Бұқараға қарыз беріп байыған банктер елдің экономикасына ақша құярда тым сараң. Өйткені, біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі, қаржылық тәуекелі төмен салаларға ақша салғанды сауап санайды. Президент осы жолдауында бетімен кеткен банктерді сынады. Сынап қана қоймай, үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырды.
«Бұл мәселе қоғамда баяғыдан қызу талқыланып жатыр. Осы жұмысты көп сөзбай, қолға алу керек. Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған елдерге қарағанда орта есеппен бірнеше есе көп пайда әкеледі. Себебі біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі, қаржылық тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді. Осы мәселені депутаттар, Ұлттық банк пен үкімет тезірек шешсін», - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің қатаң тапсырмасы бекер емес. Мысалы 2025 жылдың 1 тамызына дейін банктер 23 трлн несие берген, тұтынушыларға 15 трлн 700 млрд. Ал бизнеске 14,1 трлн. Басқа елдерде бұл көрсеткіш 40%-дан жоғары. Ал біздің банктер экономиканы ойлап бас қатырғысы келмейді дейді мамандар.
«Кезінде мемлекет оларға көмектесті. Қазір сол механизм ауысты. Шағын және орта бизнес қаржылық көмекке мұқтаж, оларға көмек берілсе, ертең олар салық төлейді, жаңа жұмыс орындарын ашады», - дейді сарапшы Жанат Нұрғалиев.
Енді экономканы дамытудан қашып жүрген банктер заң аясында міндеттеледі. Бұдан былай бұл іспен екінші деңгейлі банктер белсенді түрде айналысуы тиіс. Депутаттар жыл соңына дейін тиісті заңды қабылдауы қажет.
Дүниежүзілік банктің дерегінше, Қазақстан табысы орташа тіпті жоғары елдердің қатарында. Соған қарамастан, өндіріс пен кәсіпкерлікке берілетін несие көлемі тым аз. Банктер қарызы қайтпай қала ма деген үреймен, халықты қарызға батырып отыр. Олар пайыздарын да тым шарықтатып жібергендері бөлек мәселе. Осы ретте депутаттар банктер халықты басынып бітті деп наразы.
«Біздің банктер еркелеп кеткен. Кезінде банкрот болған банктерге мемлекет халықтың ақшасынан көмектескен. Өкінішке орай, банктер сол ақшаны бизнеске емес, халықты қарызға батыруға жұмсады. Әр түрлі тауарларға, бөліп төлеуге, оңай несие беріп, үлкен пайыздан пайда тауып отырды. Оның экономикаға қатысы жоқ», - дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, Мұрат Әбенов.
Қазір елімізде ірілі-ұсақты 30-жуық банк бар. Оның 10-ы шетелдік компанияларға тиесілі еншілес ұйымдар. Оның ішінде ірі бесеуі барлық банк активтерінің 63%-ын бақылап отыр. Осының өзі сыртқы капиталдың аздығын көрсетеді. Салдарынан елдегі банктер арасындағы бәсекелестік төмен. Осылайша, Президенттің тапсырмасымен 30 жыл қаралмаған заң қайта қаралатын болады.
«Бүгінде проблемалар бар, олардың пайыздары бойынша, кезінде мемлекет көмектескен қаражаттың қайтарылымы бойынша. Пайызды азайту үшін біз не істеуіміз керек, өндірісті қаржыландыруға ынталандыру керек, осы сұрақтарға біз кәсіби түрде, салыққанды жауап беруіміз керек. Себебі мықты банктің болуы, ол экономиканың дамуының кепілі», - дейді Асхат Аймағамбетов.
Мемлекеттен көмек алған банктердің төртеуі әлі мемлекетке 1,3 трлн теңге қарыз екен. Соның ішінде, Нұрбанк - 46,8 млрд теңге борышы өтелмеген, Еуразиялық банк - 150 млрд теңге, RBK банк - 176,8 млрд теңге қарыз, ал Alatau City банк 950,2 млрд теңге берешегі өтелмеген.
Өткен жеті айда екінші деңгейлі банктердің жиынтық таза табысы - 1,5 трлн теңгеден асқан. Оның басым бөлігі ең ірі бес банктің қолында. Яғни, бәсеке жоқ деген сөз. Бұл халықаралық стандарттарға сай емес дейді мамандар.
Банктік реформа: Қаржы нарығына серпін бола ма?
Елде банктің реформа былтыр басталғанымен, қарқыны тым баяу. Биыл ол туралы Президент тағы да айтты. Енді жаңа заң қабылданса, не өзгереді?
«Біз жаңа заң жобасын Ұлттық банкпен бірлесіп әзірледік. Қосымша дүниежүзілік банк және шетелдік сарапшылардың көмегіне жүгіндік. Ілеспе заңында қосымша 7 кодекске, 35 бапқа өзгеріс енгізу жоспарланып отыр», - дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.
Маманның айтуынша, жаңа өзгерістер бәсекелестікті арттыруға бағытталады. Сондай-ақ, исламдық банктердің де санын арттыру көзделген.
«Қазір бізде екі ғана банк бар. Олардың жалпы үлесі 0,5%, бұл тым аз. Сондықтан исламдық қаржыландыруды дамыту үшін шетелдің тәжірибесіне қарадық, БАЭ, Катар сынды елдер. Оларда бір лицензия бар, соның ішінде классикалық және исламды қаржыландыру бар. Сол тәжірибені біз өзіміздің банктерге, әмбебап лицензия арқылы мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз», - дейді маман.
Сондай-ақ жаңа заң арқылы төлем қабілеті жоқ банктерді реттеу тетіктері енгізілмек. Осылайша, олар мемлекеттің көмегінен тәуелсіз бола түседі. Ал мемлекет тек жүйелі маңызы бар банктерге ғана көмектеседі.
«Бізде 23 банк бар, солардың 3-екі осы жүйелі маңызды тізімге кіреді. Бұрын мемлекет банкке емес, олардың акционерлеріне көмектесті. Ал қазір банктің өзіне тікелей көмектеседі. Ал қайтармаған төрт банк алдағы бір-екі жылда қайтарады деп ойлаймыз», - дейді маман.
Қорыта айтқанда, сарапшы бәсекелестік артқан кезде, пайыздық мөлшерлеме азайатынын алға тартып отыр. Сол кезде банк қызметтері заңды және жеке тұлғаларға қолжетімді бола түспек. Не десек те, қаржы нарығын реттейтін заң жыл соңына дейін қабылданады. Және ол банктердің емес, бұқараның мүддесін қорғаса, ортада бәсекелестік орнаса, экономикаға қаржы құю міндеттелсе, Президент қойған мақсат орыныдалады. Уақыт төреші.