✅ Пайдалы

Балаңыздың біліміне мемлекеттен ақша алудың жолы қандай?

Балаңыздың біліміне мемлекеттен ақша алудың жолы қандай?

 

Әр ата-ана баласының болашағына ерте қамданғысы келеді. Ал мемлекет те осы бағытта нақты қолдау көрсетіп отыр. «Келешек» деп аталатын жаңа бағдарлама соның бір дәлелі. Бұл бастама арқылы мемлекет әр баланың болашағына білім алуға арналған алғашқы капитал аударады, деп жазады Ozgeris.info.

236 мың теңге беріледі

Бағдарлама Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің кеңейтілген нұсқасы. Оның ерекшелігі – бала бес жасқа толғанда, мемлекет оның атына арнайы есепшот ашады және сол шотқа бір реттік қаржы аударады. 2025 жылы бұл қолдауға 2020 жылдан бастап туған балалар қатыса алады.

Мемлекеттен берілетін старттық капиталдың мөлшері әр баланың жағдайына қарай есептеледі. Егер бала ата-анасының қамқорлығында болса, оның атына 236 мың теңге аударылады. Ал егер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған болса, мемлекет 472 мың теңге бөледі. Мұның бәрі баланың ертең білім алуына бағытталған нақты көмек.

Қазірдің өзінде бұл бағдарлама іс жүзінде жұмыс істеп тұр. Мәселен, «Отбасы банк» 7 317 балаға әрқайсысына 236 мың теңгеден және 23 балаға 472 мың теңгеден қаражат аударған. Барлығы 1,7 миллиард теңгеден астам сома балаларының атына есептелген. Бұл бастаманың көлемі мен қарқыны алдағы жылдары бұдан да ұлғаяды деген сенім бар.

Мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуына қойылатын талаптар да бар. Ол үшін ата-аналар немесе қамқоршылар жыл сайын арнайы AQYL білім беру депозитіне белгілі бір мөлшерде жарна салып отыруы тиіс. Бұл жарналар баланың кәмелет жасына жеткеніне немесе оқу орнына түскеніне дейін жалғасады.

Жыл сайынғы ең төменгі жарна көлемі де белгіленген. Отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар үшін 94 400 теңге, әлеуметтік осал топтағы балалар үшін 47 200 теңге. Ал жетім балалар үшін бұл жарнаны мемлекет өзі төлейді. Жарнаны ата-аналар қалаған уақытта бөліп немесе бірден толық сомамен енгізе алады. Ең бастысы – 31 желтоқсанға дейін үлгеру қажет.

Бұл депозитті ашу қиын емес. Ол үшін AQYL бағдарламасының серіктес ұйымдарының біріне жүгіну жеткілікті. Олардың қатарында «Отбасы банк», Halyk Bank, Nurbank бар. Сондай-ақ бұл қызметті «Евразия», Freedom Finance Life, NOMAD Life сияқты сақтандыру компаниялары да ұсынады.

Жинақталған ақшаны баланың оқуына, екінші білім алуына немесе біліктілігін арттыру курстарына жұмсауға болады. Егер бала грант арқылы тегін оқуға түссе, бұл қаржыны тұрғын үй депозитіне аударып, баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік бар. Сонымен бірге жинақты мұрагерлікке қалдыру немесе болашақта толықтыруды жалғастыру да қарастырылған.

Бала оқуына ақша жинау керек пе?

Көп ата-ана баласының болашағы жайлы ойлағанда «жинаудың не қажеті бар, грантқа түседі ғой» дейді. Рас, біз көбіне солай алдаймыз өзімізді. Бірақ бала мектеп бітіріп, студент жасына жақындағанда, сол ата-аналардың көбі кенет оянып, «қалай оқытамыз?» деген сауалға тап болады. Сосын амалсыз несие іздей бастайды.

Қаржы кеңесшісі Аман Әлімбаев пен жұбайы бұл мәселеге басқаша қарайды.

«Біз балаларымызға сапалы білім алу мүмкіндігін міндетті түрде жасауымыз керек деп есептейміз. Олар өз жүрегіне жақын мамандықты таңдасын, қай елде оқығысы келсе, соны таңдасын. Бағасына қарап шектелмесін. Бұл – біздің балаларымыздың санасына, ақылына және болашағына салған инвестициямыз», дейді кеңесші.

 

Оның айтуынша, егер бала грантқа түссе, бұл одан да жақсы. Себебі сол кезде жиналған қаржы босай түседі.

 «Біз балаларымыз грантқа түссе, ол ақшаның бір бөлігін оларға марапат ретінде береміз. «Жеңдің, демек, еңбекпен таптың» деген қағида орнатамыз. Ал қалған бөлігі өзіміздің зейнеттік қорымызға аударылады. Үлкенім 5 жаста, кішісі 3-те. Екеуіне де бір жылдан бастап жинақ аштым. Қазір шетелдік брокерлер арқылы инвестиция жасаймын. Бұл аздап болса да, болашаққа берік негіз қалайды», дейді Аман.

Сарапшының айтуынша, кейінгі жылдары көптеген клиент балаларының оқуына ақша жинау жоспарын өздерінің инвестициялық стратегиясына енгізіп жүр.

          «Баланы өз күшімен өмір сүруге үйрету керек, бірақ оған бағыт беріп, мүмкіндік жасау – ата-ананың міндеті. Білімге салынған әр теңге елдің ертеңіне салынған инвестиция. Қазір балалар ақшаны ерте таниды. Балабақша жасында-ақ қосымшалар арқылы онлайн сауда жасауды біледі, интернет-дүкеннен өзіне ұнаған затты таңдап тапсырыс бере алады. Ал жасөспірімдердің көбі қолма-қол ақшаны көрмеген, бірақ ата-анасының картасын сенімді пайдаланады. Бір қарағанда, жаңа буын қаржыға келгенде алғыр сияқты. Бірақ шын мәнінде олай емес», дейді кеңесші.

Балалар ақша әлемімен ерте танысқанымен, оның қалай жұмыс істейтінін түсінбейді. Ақша бар, бірақ ол мектепте оқытылмайды. Математикада да, қоғамтануда да балаға отбасылық бюджет неден құралады, неге микронесие алу қауіпті, неге ақша жинау маңызды екенін ешкім айтпайды. Сөйтіп мектеп бітірген түлектер салық төлеуді, ипотеканы есептеуді, өз еңбегінің құнын анықтауды білмей шығады. Ал ата-аналар да бұл тақырыпта үндемей жүре береді. Себебі біздің қоғамда ақша туралы әңгіме айту әлі де «ұят» деп саналады. Нәтижесінде балалар ақшаның қайдан келетінін білмей өседі, өз бюджетін жоспарлай алмайды, ал алаяқтарға оңай алданады.

Аман Әлімбаевтың айтуынша, экономикалық ойлау еркіндіктің бастауы. Ол баланы тәуелсіз етеді, өз өмірін өз қолымен басқаруға үйретеді.

«Біз балаға оқу керек, еңбек ету керек дейміз, бірақ оған қоса қаржылық сауат та үйретуіміз керек. Ақшаны дұрыс жұмсай алу да – өмірлік дағды. Егер үйде үнемдеу үйретілмесе, бала да ақшаның қадірін білмейді. Егер ата-ана үнемі айқайлап, асығыс шешім қабылдаса, бала үшін ол нормаға айналады. Ертең оны бастығы ұрысқанда да, ол қалыпты деп қабылдайды», дейді ол.

Барлық жаңалық