Атырау қаласындағы саябақтардың бірінде колледж студенті өзімен жасты қызды ұрып-соққан. Бұл оқиға видеоға түсіріліп, әлеуметтік желілерде таралды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Желіде тараған кадрларда ақ түсті кофта киген бойжеткеннің құрдасын жерге құлатып, бірнеше рет жұдырықпен басы мен бетіне соққы жасап, аяқпен де тепкені көрініс тапқан.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті студент ұсталып, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
“Барлық қатысушылар профилактикалық есепке алынады. Материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданады. Сонымен қатар балалардың тәрбиесіне тиісінше мән бермегені үшін ата-аналарына әкімшілік шара қолданылады”, – деді ведомство өкілдері.
Полиция жасөспірімдердің бірі қақтығысты видеоға түсіріп, оны таратқанымен, полицияға хабар бермегенін атап өтті. Бұл әрекетке де құқықтық баға берілмек.
Баланың құқығын қорғау комитеті хабарлағандай, зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізіліп, тексеруден өткен. Дәрігерлер қажетті ем-шараны жасап, үйіне жіберген. Оған психологиялық көмек те ұйымдастырылады.
“Колледж тарапынан ата-аналармен және студенттермен жеке әңгімелер жүргізілді, олардың барлығы бақылауда. Облыстық білім басқармасы жағдайды зерделеу үшін арнайы бұйрық шығарды. Қазіргі таңда тексеріс жүргізілуде. Оқиға орнына өңірлік балалар құқығы жөніндегі уәкіл де барды”, – делінген хабарламада.