Атырау облысы

Атырау облысында екі бала үйіне кіре алмай, көшеде қалған

Атырау облысында 14 жастағы жасөспірім мен оның кішкентай қарындасына қатысты оқиға қоғам назарын аударды, деп жазады ozgeris.info сайты.

 

Әлеуметтік желілерде жасөспірімнің үйіне кіре алмай, далада жүрген сәті түсірілген бейнематериалдар тараған. Көршілердің айтуынша, анасы балаларына тамақ пен темекі әкелуді талап еткен, ал бас тартқан жағдайда үйіне кіргізбей қоятын болған.

 

Бұл отбасында үш жасар қыз да өсіп келеді. Тұрғындардың сөзінше, анасы ішімдікке әуес, ал ағасы жұмыс істемейді. Үйге жиі мас күйдегі адамдар келіп, балалар қараусыз қалады екен.

 

Полиция департаменті бұл ақпаратты растады.

«14 жастағы бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, ал оның үш жасар қарындасы сәбилер үйіне тапсырылды. Ата-анасы өз міндетін орындамай, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген», – делінген ресми хабарламада.

 

Құзырлы орган сондай-ақ бұл отбасының бір жыл бұрын да ата-ана міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын еске салды.

 

Қазір іс кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберіліп, онда анасының ата-ана құқығынан айыру мәселесі қарастырылуда.

Барлық жаңалық