Қоғам

Атбасар түрмесіндегі оқиға: Қызметкерлерге жаңа айып тағылды

Атбасар түрмесіндегі оқиға: Қызметкерлерге жаңа айып тағылды

Көкшетау қаласында алқа билер екі рет ақтап шыққан Қылмыстық-атқару жүйесінің 12 қызметкеріне қатысты іс қайта қаралып, оларға мүлдем басқа бап бойынша жаңа айып тағылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше мемлекеттік айыптаушы бұған дейін азаптау әрекеттері бойынша сотты болғандардың айыптау актісін өзгерткен.

Енді 12 қызметкер билігін немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген жаңа күдікке ілініп отыр.

Сотталушыларға жаңа айыптау актісін қолға табыстау үшін сот процесі 2026 жылдың 4 мамырына дейін үзіліс жариялады.

Жаңа айып оқылғаннан кейін күтпеген жағдай орын алып, «Ж» есімді сотталушы белгісіз затпен өз қолын тіліп жіберген. Оған бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлер қарауынан кейін ешқайда кетпеу туралы қолхат негізінде үйіне қайтарылды, қазіргі таңда оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, - деп мәлімдеді ведомство.

Еске сала кетейік, 2023 жылы әлеуметтік желіде Атбасар ауданындағы 1 түзеу мекемесінде дәретхана жуудан бас тартқан сотталушыны қызметкерлердің жабылып ұрып-соққан бейнежазбасы тарап кеткен болатын. Шулы оқиғадан кейін қызметтік тексеріс жүргізіліп, Ақмола облыстық департаментінің басшысы мен оның орынбасары және колония бастығы қызметтерінен қуылды.

Осы іске қатысты 2025 жылдың ақпан айында алқа билер 12 қызметкерді кінәсіз деп тауып, оларды ақтап шыққан еді. Алайда прокуратура бұл шешіммен келіспей наразылық білдіргеннен кейін, сот барысында жіберілген олқылықтарға байланысты ақтау үкімінің күші жойылды. Кейін алқа билер оларды екінші рет тағы да ақтап алғанымен, прокуратураның қайта түсірген шағымы негізінде облыстық сот үкімді бұзып, қылмыстық істі басқа судьялар құрамымен жаңадан қарауға жолдады.

Барлық жаңалық