Ақтау қаласындағы Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында екі жұмысшының беті мен көзіне тұз қышқылы шашырап кетіп, олар ауруханаға түсті, деп хабарлайды Lada.kz.
Оқиға 23 сәуір күні сағат 10:30 шамасында болған. Жұмысшылар арнайы сорғы мен шланг арқылы негізгі конденсаторды тұз қышқылымен жуып жатқан. Жұмыс аяқталып құрылғы өшірілгеннен кейін шлангты шешіп жатқан кезде қышқыл кенеттен шашырап кетіп, екі адамның беті мен көзіне тиген. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін оларды дереу облыстық ауруханаға алып кетті.
«Жұмыс беруші бұл жазатайым оқиға туралы мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне уақытылы хабарлады. Қазір алған жарақаттардың ауырлық дәрежесін анықтайтын медициналық қорытынды күтіп отырмыз. Егер жарақат ауыр деп танылса немесе бұл іс топтық оқиға қатарына жатқызылса, мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен арнайы тергеу жүргізіледі», - хабарлады Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов.