Қоғам

Астана есімді 24 адам бар

Еліміздің бас қаласы Астана туралы деректер әрдайым қызығушылық тудырады. Бірақ бұл жолы Ұлттық статистика бюросы елорданың туған күніне орай ел таңғалатын ерекше ақпаратпен бөлісті, деп жазады Ozgeris.info. 

Астана есімділер кімдер?

Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінде Қазақстанда «Астана» есімімен 24 адам өмір сүріп жатыр. Оның 17-сі – ер адам, 7-еуі – әйел. Ең көп тіркелген өңір – өз атымен аттас Астана қаласы. Мұнда 4 адам осы ерекше есімді иеленген. Қалғандары Шымкент, Маңғыстау және Түркістан облыстарында тұрады.

Ең жас «Астаналар»  15 жасқа толмаған жеткіншектер. Ал есімі елордамен байланысты ең үлкен азаматтар 65 жастан асқандар. Бұл есім 2000 жылдардан бастап жиі кездесе бастаған. Мысалы, ел астанасы болып жарияланған жылдары екі бірдей нәрестеге «Астана» есімі берілген екен.

Бас қаланың құрметіне қойылған басқа есімдер де бар

Тек «Астана» ғана емес, елордаға қатысты бірнеше ерекше есімдер де бар:

  • Астанай есімімен – 5 адам,
  • Астанали деген есіммен – 3 ер адам тіркелген,
  • Нұрастана есімін 6 бала иеленген (5 ұл, 1 қыз),
  • Елорданың басты нышаны – «Бәйтерек» есімімен 41 адам тіркелген. Оның 30-ы дәл осы атаумен (қазақша жазылуы) жазылған.


Елордада өмір қызып тұр

Астана қаласының өзіне келер болсақ, қала күн санап өсіп, дамып келеді. Биылғы 2025 жылдың 1 маусымындағы деректерге сәйкес:

  • Қала халқы – 1 566 566 адам.
  • Әйелдер саны ерлерден көп: 823 766 әйел, 742 800 ер адам.
  • Жыл басынан бері 6 025 сәби дүниеге келген.
  • 1 914 неке тіркелген.
  • Қала тұрғындарының күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 78,52 жыл.

Астанада 14 жоғары оқу орны, 10 театр, 7 мұражай, 295 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген.

Биыл Астананың 27 жылдығы аталып өтеді. Қала 1997 жылы астана мәртебесін алып, 1998 жылы ресми түрде жаңа астана ретінде таныстырылған болатын.

 

 

Барлық жаңалық