2026 жылдан бастап кәсіпкерлерге салық қарызын өтеудің жаңа мүмкіндігі ұсынылады. Егер кәсіпкерге қандай да бір компания қарыз болса, сол соманы мемлекет алдындағы салық берешегін өтеуге пайдалануға болады. Бұл ережелер жаңа Салық кодексінде қарастырылып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Қайсар Арынның айтуынша, кәсіпкер алдымен салық органына арнайы өтініш тапсырып, кімнен қанша қарыз алатынын көрсетуі керек. Осы негізде салық органдары дебитор, яғни, қарыз компанияға ресми хабарлама жібереді.
«Мысалы, сізге бір компания 200 мың теңге берешек. Ал сіздің салық қарызыңыз 150 мың теңге болса, біз тек сол 150 мың теңгені өндіруге ғана хабарлама жолдай аламыз. Артық сомаға араласа алмаймыз», дейді Қайсар Бақытұлы.
Дебитор 20 күн ішінде өз қарызын растап, салыстырма акті ұсынуы қажет. Егер бұл мерзімде жауап бермесе, салық органдары тексеріс жүргізе алады. Егер расымен де кәсіпкерге берешек бар екені дәлелденсе, сол соманың есебінен кәсіпкердің салық қарызы жабылады.
Жаңа кодекске сәйкес, 2026 жылдан бастап дебитор тарапынан жауап болмаған жағдайда, оған айыппұл салынып, есепшоты бұғатталуы мүмкін.
«Бұл жүйе – бизнес иелеріне үлкен көмек. Бұрын осындай берешекті қайтару үшін сотқа жүгінуге тура келетін. Ал сот процестері кейде бірнеше ай, тіпті бір жылға дейін созылып кететін. Ал енді барлығы нақты құжаттармен расталса, 20 күннің ішінде салық қарызын жауып тастауға болады», дейді Қайсар Арын.
Жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.