📰 Сарапшылар пікірі

Апталық Дайджест: несие өсті, алаяқтар көбейді

    Қазақстанда қазір қаржыда да, нарықта да, салық саласында да өзгерістер болып жатыр. Ұлттық банк мөлшерлемені көтерді. Бизнес пен халық үшін несие қымбаттады. Көлік сатылымы өсіп тұр, бірақ алаяқтар да көбейген. Сарапшылар салық мәдениетінде сенім маңызды екенін айтады. Елде әркім қаржысына сақ болып, заңды дұрыс түсініп әрекет етуі керек, деп жазады Ozgeris.info.

Пайыздық мөлшерлеме инфляциямен күресіп жатыр

Экономикада «бұрын-соңды болмаған», «ерекше» деген сөздер жиі айтылады. Алайда қазіргі жағдайды сипаттауға бұлар да аздық етеді. Сарапшы Алмас Чукиннің айтуынша, бүгінде экономикалық үдерістер «сейсмикалық» сипат алып отыр. Экономист бұл туралы «Facebook» әлеуметтік желісінде жазды.

Сарапшының пікірінше, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеру шешімі экономикалық белсенділікті айтарлықтай тежейді.

«18% – шектен тыс жоғары көрсеткіш. Мұндай жағдайда банктер бизнеске 22%-бен, халыққа ипотека мен автонесие 25%-бен беріледі, ал тұтынушылық кредит 40%-ға дейін жетеді», дейді ол.

Алмас Чукин мұндай жоғары мөлшерлемелердің салдарынан бизнестің инвестициялық белсенділігі төмендейтінін, құрылыс пен шағын кәсіп қарқынының бәсеңдейтінін атап өтті.  Айтуынша, мұндай жағдайда үкімет қарыз арқылы 8 трлн теңгелік инвестициялық бағдарламаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бірақ егер ішкі нарықтағы ақша да 21-22%-дық құнмен тартылса, мұндай жобалардың тиімділігі күмән тудырады.

Көлік сатылымымен қатар алаяқтық та көбейді

Қазақстан Автокөлік Одағының (ҚАО) дерегінше, 2025 жылдың қыркүйегінде ресми дилерлер 18 357 жаңа жеңіл және коммерциялық көлік сатқан. Бұл өткен жылдың дәл осы айымен салыстырғанда 2,4%-ға көп. Ал 9 айдың қорытындысы бойынша 161 584 көлік сатылып, өсім 17,9%-ды құрады.

ҚАО президенті Анар Макашева III тоқсанда нарық тұрақтылығы сақталғанын айтты.

«Биыл көлікке деген сұранысы жоғары деңгейде қалып отыр. Сондықтан кейінгі уақытта шетелден көлік алмақ болған азаматтардың алаяқтарға алданып қалу жағдайлары жиілеп кетті. Сол себепті, азаматтарға көлік сатып аларда оның заңдық тазалығын мұқият тексеруге және тек ресми дилерлерге жүгінуге кеңес береміз», деді ол.

Қандай көліктің сатылымы артты? Одақтың мәлімдеуінше, қыркүйекте «Hyundai» 4 169 көлік сатып,  1-орында тұр. Одан кейін «Chevrolet» 2 942 көлік, «Kia» 2 001 көлік  сатқан. «Toyota» 1 145 көлікпен 4-орынға тұрақтады. Ең көп сұранысқа ие модельдер – «Chevrolet Cobalt», «Hyundai Tucson» және «Kia Sportage». Сарапшылардың пікірінше, нарықтағы белсенділік жыл соңына дейін сақталуы мүмкін.

Салық мәдениетінде сенім маңызды

Салық жүйесі туралы айтқанда, тек мөлшерлемелер мен есеп қана емес, қоғам мен мемлекеттің арасындағы сенім де басты орында тұрады. Экономикалық зерттеулер институтының Фискалдық саясат орталығы директорының орынбасары Эльмира Осипова осы мәселеге зерттеу жасады.

 Оның сөзінше, мелекет салық арқылы жиналған қаражатты мектеп, аурухана, жол және әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға бағыттайды. Ал азаматтар мен кәсіпкерлер өз кезегінде адал әрі уақытылы салық төлеуге міндетті. Егер осы тепе-теңдік бұзылса, көлеңкелі экономика үлкейіп, сенім азаяды, қоғамда әділетсіздік сезімі пайда болады.

«Салық жүйесінің тиімділігі тек әкімшілендіру сапасымен өлшенбейді. Ол қоғамның салықтық сауат деңгейіне де тікелей байланысты. Салық төлеу – міндет емес, бұл елдің дамуына қосқан үлес. Сондықтан салық саласында да сауатты болуымыз керек. Салықтық сауаттылық дегеніміз – азаматтардың өз құқығы мен міндетін білуі, заңды жеңілдіктерді қолдана білуі және бұзушылыққа жол бермеуі. Бұл білім қоғамда жауапкершілік пен ашықтықты қалыптастырады», дейді Э. Осипова.

Барлық жаңалық