Қазақстандық жас теннисші Амир Омарханов Уимблдон турнирінің жасөспірімдер арасындағы жұптық сайысында ширек финалға шықты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengri Sport.kz сайтына сілтемемен.
17 жастағы Омарханов турнирде ресейлік Егор Плешивцевпен жұптасып өнер көрсетіп жатыр. 1/8 финал сатысында қос теннисші ресейлік Тимофей Дерепаско мен италиялық Джакопо Васами жұбын 6:3, 6:2 есебімен сенімді түрде жеңді.
Айта кету керек, Амир – биыл Уимблдон жарысында ширек финалға дейін жеткен жалғыз қазақстандық спортшы. Турнирдің негізгі кезеңінде елімізден Елена Рыбакина, Бейбіт Жукаев, Александр Бублик, Юлия Путинцева, Анна Данилина және Александр Шевченко бақ сынаған болатын.
Қарағандылық Амир Омарханов – қазақстандық теннистің келешегінен көп үміт күттіретін жас спортшылардың бірі. Ол қазір ITF-тің (Халықаралық теннис федерациясы) жасөспірімдер арасындағы рейтингінде 18-орында тұр және ересектер арасындағы жарыстарда да алғашқы қадамын жасап үлгерген.
Ширек финалда Омарханов пен Плешивцев оңтүстікафрикалық Коннор Дойг пен үндістандық Крииш Тиагимен кездеседі. Бұл матч бүгін өтеді.