Мемлекеттік саясаттағы адами капиталды дамыту бағыты аясында жоғары оқу орындарына түсу тәртібіне, соның ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) түбегейлі өзгерістер енгізілмек. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл білім беру экожүйесін жаңа кезеңге көтеретін маңызды қадам екенін мәлімдеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық бірыңғай тестілеу мен студенттерді ЖОО-ға қабылдау ережелеріне бірқатар маңызды өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазіргі еңбек нарығы мен білім трендтерінің өзгеруі талапкерлерді іріктеу жүйесін жетілдіруді талап етіп отыр. Осыған орай үш негізгі шара қабылданбақ.
Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға оқуға түсетіндер үшін талап күшейеді. Талапкерлер ҰБТ нәтижесімен ғана шектелмей, арнайы ауызша емтихан тапсыратын болады. Онда болашақ мұғалімнің пәндік білімі ғана емес, сыни ойлауы мен коммуникациялық дағдылары қатар бағаланады. Себебі ұстаздық — балалармен тіл табысып, олардың талантын аша білуді қажет ететін айрықша мамандық. Осы мақсатта халықаралық сарапшылармен бірлесіп жаңа «Admissions Insight Test» тапсырмалары әзірленіп жатыр.
Министр мемлекеттік грант байқауына қатысу үшін ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру тәжірибесі өзін толық ақтамағанын атап өтті. Енді ҰБТ-ны бірыңғай әрі түпкілікті бағалау ретінде тек бір рет қана тапсыру ережесі бекітілмек. Дегенмен, оқушылардың өз білімін тексеріп, дайындық процесін пысықтауы үшін байқау сынақтары (пробный ҰБТ) жүйесі сақталады.
Жоғары оқу орындарына дайындық бағдарламалары (Foundation) арқылы шартты түрде қабылдау тәжірибесі тоқтатылады. Статистикаға сүйенсек, осы жүйемен оқуға түскен студенттердің 50-60 пайызы бір жыл ішінде ең төменгі шекті балды жинай алмай қалады екен. Бұл жастардың мамандықты дұрыс таңдауына кедергі келтіреді.
Сөз соңында Аида Балаева ҰБТ-ны трансформациялау бұл жүйеден мүлде бас тартуды білдірмейтінін, қайта бұл талантты жастарды әлдеқайда дәл, терең әрі әділ іріктеуге бағытталған сапалы қадам екенін баса айтты.