Ұлттық банк сарапшылар арасында кезекті сауалнама жүргізіп, еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштеріне қатысты болжамдарын жаңартты. Сәуір айының қорытындысы бойынша мамандар ұлттық валютаның нығаятынын айтып, экономикалық өсім мен инфляцияға қатысты жаңа деректерді ұсынды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Сәуір айында жүргізілген макроэкономикалық сауалнама нәтижесі биыл теңгенің позициясы біршама нығаятынын көрсетті. Сарапшылар доллар бағамына қатысты бұған дейінгі болжамдарын қайта қарап, шетелдік валютаның құнын 535 теңгеден 515 теңгеге дейін төмендетті. Дегенмен, алдағы жылдары доллардың біртіндеп қымбаттауы күтіліп отыр. Мамандардың есебінше, келесі жылы бағам 532,5 теңгені құраса, 2028 жылға қарай 550 теңгеге дейін жетуі ықтимал.
Экономикалық ахуалды бағамдаған сарапшылар базалық мөлшерлемеге қатысты да өз пікірлерін білдірді. Ұлттық банктің мәліметінше, ақша-несие саясатының ұзақ мерзімді тұрақтылығын, яғни инфляция мен жалпы ішкі өнімді (ІЖӨ) теңгерімде ұстап тұруды қамтамасыз ететін базалық мөлшерлеме деңгейі бұрынғысынша 10,0% көлемінде бағаланып отыр.
Бұдан бөлек, респонденттер еліміздің экономикалық өсу қарқынына да болжам жасады. Алдағы бес жылдық көкжиекте жалпы ішкі өнімнің орташа өсу қарқыны 4,4% деңгейінде болады деп күтілуде (бұған дейінгі болжам – 4,5%). Ал осы мерзім ішіндегі инфляция деңгейі мақсатты межеге барынша жақындап, шамамен 5,5% төңірегінде тұрақтайды деп пайымдалуда.