Алматыда бұрынғы наркобизнеске қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары болған полицейге қатысты сот процесі басталды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Айыпталушылар қатарында экс-полицей Аскар Джетегеновпен бірге тағы 11 адам бар. Барлығы 12 адамға ауыр қылмыстар бойынша айып тағылып отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, оларға мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Джетегенов қызмет барысында есірткі сатушыларды әшкерелеудің орнына, керісінше кейбір наркодилерлерге қамқорлық жасап отырған. Айыптаушылардың айтуынша, ол өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, синтетикалық есірткілер мен психотроптық заттарды Алматы, Шымкент және Алматы облысында таратуға мүмкіндік берген.
Іс материалдарына қарағанда, оған бұл әрекеттерде бағынысты қызметкері мен полицияның қоғамдық көмекшісі көмектескен.
Прокурорлардың мәліметінше, айыпталушылар есірткі таратушыларды қылмыстық жауапкершілікпен қорқытып, ақша талап еткен. Кейбір дилерлер қылмыстық іс қозғалмауы үшін ірі көлемде ақша берген. Мысалы, бір адам алты миллион теңге, ал екіншісі 40 мың доллар төлегені айтылды.
Егер ақша бірден төленбесе, олар «қарызды» басқа жолмен өтеген. Біреулері бәсекелес дилерлер туралы ақпарат берген, ал енді бірі басқа өңірлерге барып есірткі сатумен айналысқан.
Айыптау нұсқасы бойынша, топ кейін өздерінің есірткі өндірісін де ұйымдастырған. Тергеу дерегіне сәйкес, олар мефедрон есірткісінің 10 килограмын сатып, шамамен 39,4 миллион теңге табыс тапқан.
Сонымен қатар олар криптовалютаны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырумен де айналысты деген күдік бар.
Алайда айыпталушылар өздеріне тағылған айыптарды мойындамай отыр. Іс бойынша сот процесі ашық түрде өтуде, бірақ мемлекеттік құпияға қатысты кейбір эпизодтар жабық режимде қаралады.