✅ Пайдалы

Наурыз мерекесінде қандай жеңілдіктер болады?

Наурыз мерекесінде қандай жеңілдіктер болады?

Наурыз мерекесіне орай Қазақстанда үлкен сауда акциясы басталмақ. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді. 13-23 наурыз аралығында ел бойынша «Nauryz Sale» атты республикалық науқан өтеді. Бұл бастама – отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы жандандыруға және мерекелік көңіл-күй қалыптастыруға бағытталған, деп жазады Ozgeris.info.

Наурыз жақындаған сайын дүкендерде ерекше атмосфера сезіледі. Биыл бұл мереке қарсаңында сауда орындары арнайы акция ұйымдастырып отыр. «Nauryz Sale» кезінде көптеген дүкендер мен сауда орталықтары тауарларын жеңілдікпен ұсынады.

Акция кезінде сатып алушылар азық-түлік те, тұрмыстық тауарлар да – қысқасы, түрлі санаттағы өнімдерді жеңілдікпен ала алады. Жеңілдіктің мөлшері 10-70% аралығында болады. Дүкендердің ішінде акцияға қатысатын тауарлар арнайы белгімен көрсетіледі – «Nauryz» деген жазуы бар мерекелік безендірулер, баннерлер, көрсеткіштер және түрлі POS-материалдар орнатылады. Бұл сатып алушыларға жеңілдікпен тұрған тауарларды тез табуға көмектеседі.

Акцияға ел бойынша шамамен 300 сауда субъектісі қатысады. Оның ішінде 140 сауда үйі мен сауда-ойын-сауық орталығы бар. Сонымен қатар 140 сауда желісі және 20 электрондық сауда платформасы да акцияға қосылады.

Ірі сауда желілерінің қатарында Magnum, Small, Galmart, «Анвар», «Дина», Toimart, «Астыкжан», «Аян», Greenwich сияқты танымал дүкендер бар. Бұған қоса Mega Silk Way, Keruen, Keruen City, «Аружан», «Сарыарка», Shymkent Plaza секілді ірі сауда-ойын-сауық орталықтары да қатысады.

Акция барысында қазақстандық өндірушілерге ерекше назар аударылады. Сауда орталықтарында арнайы сату аймақтары ашылады. Ол жерде отандық кәсіпорындардың өнімдері ұсынылады. Мұндай тауарлар әдеттегі нарық бағасынан шамамен 10–20% төмен бағамен сатылмақ.

Мерекелік науқан тек саудамен шектелмейді. Сауда орталықтарына келген адамдар үшін түрлі қызықты бағдарламалар да ұйымдастырылады. Көптеген сауда орталықтарында ұлттық нақыштағы фотозоналар орнатылады.

Осы жерде ерекше бір жоба да іске асады. Қазақстанда 11 сауда нүктесі бар «Тарбие» ұлттық киім дүкені арнайы ұлттық киімдер ұсынады. Келушілер бұл киімдерді киіп көріп, естелік суретке түсе алады.

Мұндай фотозоналар елдің бірнеше ірі сауда орталығында ұйымдастырылады. Атап айтқанда – Ақтаудағы SAYA Mall, Петропавлдағы Dostyk Mall, Ақтөбедегі KeruenCity, Астанадағы Keruen City Astana, Атыраудағы Infinity Mall, Түркістандағы Turan Mall, Алматыдағы Dostyk Plaza және Шымкенттегі Shymkent City Mall.

Наурыз мерекесіне арналған тағы бір қызықты бастама бар. Сауда және интеграция министрлігі «Sauda in Digital Nauryz» атты республикалық конкурс өткізетінін жариялады.

Бұл конкурс 13–20 наурыз аралығында өтеді. Негізгі мақсат – сауда нысандарын мерекелік безендіруде жаңа цифрлық шешімдерді қолдану және инновациялық сервистерді дамыту.

Қатысушылар өз жобаларын 4 номинация бойынша ұсына алады. Олар – «Үздік цифрлық безендіру», «Үздік цифрлық құттықтау», «Жасанды интеллектті үздік пайдалану» және «Ең креативті Digital-жоба».

Конкурсқа қатысу үшін Instagram желісінде #saudadigitalnauryz хештегімен бейнеролик жариялау керек. Сонымен бірге Сауда және интеграция министрлігінің ресми парақшасын белгілеу қажет.

Жобаларды арнайы сараптамалық комиссия бағалайды. Бағалау кезінде бірнеше критерий ескеріледі – креатив, жасанды интеллектті пайдалану, ұлттық нақыштың көрінуі, аудиторияның белсенділігі және жобаның сапасы.

Конкурс нәтижесі 20 наурызда жарияланады. Сол күні жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі де өтеді.

Айта кету керек, бұл республикалық акцияға әлеуметтік жауапкершілік танытып, бастаманы қолдаған сауда орындары ғана қатысады. Акцияға қосылған сауда субъектілерінің толық тізімі өңірлер бойынша жарияланады.

 
 
Барлық жаңалық