Әлеуметтік қызмет дегеніміз не? Ол халыққа не береді? Қазір бұл салада модернизация жүріп жатыр. Яғни, жақын уақытта бірқатар өзгерістер болуы мүмкін. Осы жаңашылдық туралы сарапшылар не дейді, және оныі халыққа нақты берері бар ма? Жаңа технологиялар мен реформалар халықтың тұрмысына қалай әсер етеді? Ozgeris.info тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.
Елімізде арнайы әлеуметтік қызметтер жүйесін кең көлемде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі саналады. Реформа аясында ұйымдарды міндетті түрде лицензиялау, жан басына шаққан қаржыландыру тетігін енгізу, цифрлық құралдарды пайдалану және әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін көтеру қарастырылған. Мемлекеттің көздегені жүйені барынша ашық, тиімді әрі азаматтардың нақты қажеттіліктеріне бейімдеу.
Кімдерге көмек көрсетіледі
Әлеуметтік кодекске сәйкес, кепілдендірілген көлемдегі арнайы әлеуметтік қызметтер өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көрсетіледі. Олардың қатарына мүгедектігі бар адамдар мен балалар, қарттар, баспанасыз жүргендер, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандары, сондай-ақ бас бостандығынан айырылған орындардан босап шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған адамдар кіреді.
Жүйе көмектің сегіз негізгі түрін қамтиды: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, экономикалық, құқықтық, мәдени және өзге де бағыттар. Негізгі мақсат – азаматтарға қолдау көрсету, толыққанды өмір сүруге жағдай жасау және дағдарысты жағдайдан шығуға жәрдемдесу.
Сапаның кепілі – лицензиялау
2025 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар үшін лицензия алу міндеттелді. Бұл мекемелердің қауіпсіз ғимаратқа ие болуы, санитарлық және өртке қарсы талаптарды сақтауы, кәсіби мамандармен қамтылуы, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толық қолжетімді болуы тиіс екенін білдіреді.
2025 жылғы шілде айындағы жағдай бойынша лицензия 568 ұйымға берілген, яғни, барлық қызмет көрсетушілердің 95 пайыздан астамын құрап отыр.
«Лицензиялау талаптары бұрынғыдай қолайсыз ғимараттарда жұмыс істеуге жол бермейді, сондай-ақ, қызмет алушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғаудың сенімді тетігіне айналды. Енді мұндайға жол берілмейді», - деп атап өтті Арнайы әлеуметтік қызметтер департаменті директорының орынбасары Толғат Сағитов.
Лицензия үш жыл мерзімге беріледі. Қызмет сапасы төмендеген жағдайда немесе талаптар бұзылғанда құжат кері қайтарып алынады.
Жан басына шаққан қаржыландыру: жаңа тәсіл
Реформа шеңберінде қаржыландыру жүйесі де өзгертілді. Бұрын әкімдіктер мемлекеттік тапсырыс арқылы белгілі бір ұйымдармен келісімшарт жасайтын. Қазір қаражат «қызмет алушының артынан еретін» жаңа үлгіге көшті. Яғни әрбір азамат өзі қалаған ұйымды таңдап, тиісті қызметті ала алады. Бұл тәсіл ұйымдар арасында бәсекелестік туғызып, олардың қызмет сапасын арттыруға ынталандырады.
«Енді азамат өзіне қандай қызмет көрсетілгенін және оның көлемін көре алады, ал мемлекет процесті толық бақылайды. Бұл жабық схемаларды жоққа шығарады», - деді сарапшы Талғат Сағитов.
2025 жылдың алғашқы жартысында әлеуметтік көмек пен қамсыздандыруға 3,3 трлн теңге жұмсалған. Барлық мемлекеттік шығыстың 22 пайызын құрайды.
Әлеуметтік қорғауға республикалық бюджет пен Әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы 748 млрд теңге бөлінген. Өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға көп.
Биыл 4,7 млн осал азаматтарға, атап айтқанда, зейнеткерлерге, мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға 6 трлн теңгеден астам қаражат бағытталды. Бұл үшін осалдықты бағалау жүйесі бар цифрлық платформа құрылған.
2026 жылғы бюджет жобасында әлеуметтік салаға 10,7 трлн теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде зейнетақылар мен жәрдемақыларды индексациялау, студенттерді қолдау және алушылар санын арттыру бар.
Қаржыландыру көлемі мен тарифтер қызмет алушылардың санаты мен өңірдің ерекшелігіне қарай белгіленеді. Мысалы, Семейде зиянды еңбек жағдайлары үшін, Қызылордада экологиялық ахуалға байланысты қосымша төлемдер қарастырылған. Психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға көрсетілетін көмек пен паллиативтік бөлімшелердің қызметі ерекше күрделі болғандықтан, бұл бағыттағы тарифтер жоғары деңгейде белгіленген.
«Ең үлкен қиындық психоневрологиялық аурулары бар адамдармен жұмыс істеу кезінде туындайды. Мұндай азаматтарға ерекше көңіл бөлу мен көбірек уақыт қажет, сондықтан бұл санатқа арналған тарифтер жоғары. Сондай-ақ паллиативтік бөлімшелерде еңбек ететіндер үшін де қосымша төлемдер көзделген», - дейді маман.
Әлеуметтік қызметкерлер – басты мамандық
Жүйеде әлеуметтік қызметкерлер шешуші рөл атқарады. Бүгінде олардың жұмысы тұрмыстық көмекпен шектелмей, азаматтардың қоғамға бейімделуін, жұмысқа орналасуын, жаңа дағдыларды меңгеруін, сондай-ақ дәрігерлермен, психологтармен және заңгерлермен бірлесе отырып кешенді қолдауды қамтиды.
Қазақстанда шамамен 12,7 мың әлеуметтік қызметкер еңбек етеді, олардың ішінде 7,5 мыңнан астамы кәсіби сертификаттаудан өткен.
Арнайы стандарттар мен бірыңғай мамандар тізілімі енгізілді. Соңғы жылдары бұл саладағы жалақы екі есе өсіп, орташа айлық 250 мың теңгеден асты. Бұған қоса, зиянды еңбек жағдайлары үшін үстемеақылар қарастырылған, ал 40 мыңға жуық қызметкердің табысы айтарлықтай артты.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі әлеуметтік қызметкер тек көмек көрсетуші ғана емес, цифрлық сервистерді меңгерген, инклюзия қағидаттарын алға жылжытатын кәсіби маман.
«Сала тартымды болып қала беруі үшін еңбекақыны арттыру жұмыстары жалғасуы тиіс», - деп атап өтті сарапшы.
Сандар сөйлесін
Статистикаға жүгінсек, 2024 жылдың соңында 110 мыңға жуық азамат 1 021 ұйымнан арнайы әлеуметтік қызмет алды, оның 177-сі үкіметтік емес ұйымдар болды.
2023 жылы мамандандырылған мекемелерде 41,7 мың адам тұрды, олардың басым бөлігі мүгедектігі бар және психоневрологиялық ауытқулары бар азаматтар еді.
Соңғы жиырма жылда елдегі кедейлік деңгейі 46,7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеді, нақты жалақы 21 пайызға өсті, ал жұмыспен қамту бағдарламалары аясында 250 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Болашаққа болжам
Алдағы кезеңде реформаны одан әрі тереңдету жоспарланып отыр. Негізгі бағыттардың ішінде, процестерді толық цифрландыру, тарифтік жүйені жетілдіру, жан басына шаққан қаржыландыруды кеңейту және әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін арттыру.
Барлық өзгерістің түпкі мақсаты – әрбір азаматқа қолжетімді, сапалы әрі уақтылы көмек көрсетуге қабілетті заманауи әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру.
Толғат Сағитовтың айтуынша, жаңғыртудың басты мақсаты – әрбір азамат көмекке уақытылы, жайлы жағдайда және лайықты деңгейде қол жеткізе алатын жүйе құру.