Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайының қайта үйленуіне қатысты әлеуметтік желіде қызу пікірталас жалғасып жатқанда, марқұмның анасы Салима Ершанқұлқызы үндеу жасап, қоғам көкейіндегі бірқатар сұраққа жауап берді. Ол күйеу баласының әрекетіне, қызының өліміне қатысты тергеуге және марқұмның мүлкіне байланысты өз ұстанымын жеткізді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Марқұм Ұлдана Мырзуанның анасының мүддесін қорғаушы Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Салима Ершанқұлқызының айтуынша, ол қоғамда туындаған сауалдарға байланысты түсініктеме беруді жөн көрген.
Оның сөзінше, күйеу баласы Зейнет Әділет те, оның отбасы да қайта үйленер алдында қайын жұртының алдынан өтіп, рұқсат сұрамаған.
Сондай-ақ Салима Ершанқұлқызы қызының өліміне қатысты іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған Зейнет Әділеттің бұл мәртебеден бас тартқанын қалайтынын жеткізді.
«Мен Мырзуан Ұлдана Қалдарханқызының анасы Салима Ершанқұлқызы. Көпшіліктің сұрауы бойынша алдарыңызға шығып отырмын. Әділеттің бүгінгі іс-әрекетіне көпшілік "Алдарыңыздан өтті ме?" деп сұрап жатыр. Жоқ, алдымыздан өткен жоқ. Ата-анасы да, үлкендері де алдымыздан өтпеді. Тағы бір айта кететін жайт, қызымның тергеуі болып жатыр. Әділет жәбірленуші ретінде танылған, енді бұл жәбірленуші ретінде бас тартқанын қалаймын», – деді ол.
Бұдан бөлек, Ұлдана Мырзуанның анасы қызының көлігі мен 17 жасынан бастап жинаған зейнетақы қорындағы қаражаттың тағдырына тоқталды. Оның айтуынша, заңға сәйкес көлік ата-анасына, ал зейнетақы қорындағы жинақ Зейнет Әділетке берілген.
«Ал қызымның өз маңдай терімен алған көлігі және 17 жасынан бастап жинақталған зейнетақы қорындағы ақшасы бар еді. Заң талабына сәйкес, зейнетқордағы қаражат Әділетке берілді. Ал көлік ата-анасына қалдырылды. 22 шілдеден бастап біздің атымызға аударылды. Осы уақытқа дейін, яғни 18 қарашадан бастап 22 шілдеге дейін көлік Әділеттің иелігінде болды. Анасы ретінде қызымның заңды мүдделерін қорғауға өз ниетімді білдіремін», – деді Салима Ершанқұлқызы.