🏛️ Саясат

Әкімдердің жиі ауысуы өңір тұрақтылығына қалай әсер етеді?

Қазақстандағы әкімдердің жиі ауысуы көп жылдан бері қалыптасқан құбылысқа айналды. Көпшілік мұны табиғи нәрсе деп қабылдағанымен, әкімдер арасындағы мұндай қозғалыстың аймақтардың дамуына тигізетін әсері әлдеқайда терең. Әр әкім жұмысқа келген сайын командасын жаңартады. Өңірдің даму жоспарын қайта қарайды. Ал бұрын басталған істер тоқтап қалуы да мүмкін. Сондықтан облыстар тұрақты дамуға емес, үнемі бейімделу жағдайына түседі, деп жазады Ozgeris.info.

Әкімдер институты 1995 жылы енгізілген. Содан бері 150 әкім облыс басқарды. Олар жалпы 198 мерзім қызмет еткен. 2025 жылғы қарашадағы мәлімет бойынша бір әкім орта есеппен 2 жыл 11 ай ғана жұмыс істейді. Қызмет мерзімі заңда 4 жыл деп белгіленгенімен, іс жүзінде көп әкім бұл көрсеткішке жете алмайды.

Жиі ауысудың белгілі бір пайдасы бар делінеді. Бұл өңірде бір адамның ұзақ уақыт бойы билікті шоғырландырмауына көмектеседі. Жергілікті топтардың күшеюін тежейді. Биліктің тәжірибесі әр аймаққа таралады. Кейде дағдарыс кезінде әкімді ауыстыру қажет болады. Бірақ кері жағын елемеуге болмайды. Әкім үш жылдай ғана қызмет атқарса, өңірдің стратегиялық жоспарлары аяқталмайды. Жаңа әкім өз бағытын бастайды. Баяғы жоспарлар кейінге ығысады. Жергілікті топтар да белсенді әрекет етуден гөрі күтуге үйренеді. Өйткені әр басшы ұзақ отырмайтынын біледі.

Осы мәселелерді талдай отырып, Аймақтық талдау орталығының аға зерттеушісі Расул Қоспанов пікірін былай деп жеткізеді:

«Қазақстанда әкімдердің жиі ауысуы орталықтың бақылау тәсілі ретінде қалыптасқан. Бұл орталыққа өңірлерді қатаң бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Әкім ұзақ отырмаса, ол өңірде дербес топтар қалыптастыра алмайды. Бірақ осындай бақылаудың өз құны бар. Әкімнің уақыты аз болса, өңірде басталған жұмыстар аяқталмайды. Аймақтың мәселесіне терең бойлап үлгермейді. Әр кезеңде жұмыс қайтадан басталады. Басқару жүйесі үнемі қозғалыста болып, тұрақтылыққа қол жеткізу қиынға соғады».

Дегенмен әкімдер көп жыл жұмыс істеген өңірлер де бар. Мысалы, Қостанай облысы. Мұнда әкімдердің орташа қызмет мерзімі 4 жыл 3 ай. Бірнеше басшы 5 жылдан аса қызмет еткен. Соның нәтижесінде өңірге ірі жобалар тартылды. КИА зауыты ашылды. 250 миллион доллардан асатын инвестиция келді. Жылына 70 мың машина шығаруға мүмкіндік туды. Батыс Қазақстан облысында да әкімдер жиі ауыспайды. Мұнда бірқатар әкім 4 жылдан көп қызмет етті. Бұл өңірдің басқаруындағы тұрақтылыққа әсер етті. Ал Алматы қаласында да осындай жағдай байқалады. Мұнда орта есеппен әкімдер 3 жыл 9 ай қызмет етеді. Виктор Храпунов және Ахметжан Есімов 7 жылдан астам әкім болды. Атырау, Ақтөбе, Алматы облысы және Қызылорда облыстарында да қызмет мерзімі 3 жыл 5 айдан жоғары. Бұл да ұзақ мерзімді жоспарлауға жағдай туғызады. Сонымен қатар ерекше жиі ауысатын өңірлер бар. Түркістан облысында әкімдердің орташа мерзімі 2 жыл 7 ай ғана. Соңғы 30 жылда өңірді 12 әкім басқарған. Ұзақ отырғаны Асқар Мырзахметов қана болды. Шөкеев екі рет келсе де, бір рет 11 ай ғана жұмыс істеді. Маңғыстау облысында да тұрақтылық төмен. Бұл өңірдің әлеуметтік ахуалы әрқашан күрделі. Жұмысшылар үнемі талап қойып, ереуілдер жиі болады. Соның салдарынан әкімдер жиі ауысады. 33 жылда 12 әкім ауысқан. Төртеуі ғана 3 жылдан көп отырған. Осы жағдайларды сараптай келе, зерттеуші Расул Қоспанов пікірін былай деп жалғайды:

«Әкімдердің орташа 2 жыл 11 ай қызмет етуі өңірдің терең мәселелерін шешуге жеткіліксіз. Ірі жобалар кем дегенде толық бір бесжылдықты талап етеді. Әкім жиі ауысса, ол жобаларды бастайды, бірақ аяқтай алмай кетеді. Одан кейін келетін әкім басқаша ойлайды. Аймақтың дамуын жоспарлау үздіксіз үзіле береді. Бұл халықтың билікке деген сенімін азайтады. Өйткені әр жаңа әкім алдыңғысына қатысы жоқ жаңа бағдарлама бастайды».

Елде әкімдер ұзақ жыл отыратын екінші мысал Шығыс Қазақстан мен Астана. Бұл өңірлерде орташа мерзім 2 жыл 7 ай және 2 жыл 9 ай болса да, кей басшылар ұзақ отырған. Бірақ жалпы көрсеткіш республика бойынша төмен.

 «Ауыл және аудан әкімдерін сайлау енгізілген соң, халықтың саяси талабы өзгеріп келеді. Уақыт өте келе қоғам облыс әкімдерін де сайлауды сұрайды. Егер болашақта облыс әкімдерін халық өзі сайлайтын болса, онда әкімнің жауапкершілігі де күшейеді. Ол орталыққа емес, халыққа қарайтын болады. Мұндай жағдайда әкімдердің қызмет мерзімі де ұзарады. Өңір дамуы да тұрақты болады. Әкім бастаған әр істі соңына дейін жеткізуге мүмкіндік алады. Бұл Қазақстандағы әкімшілік жүйенің жаңа кезеңіне жол ашуы мүмкін», дейді Расул.

Қорыта айтқанда, әкімдердің жиі ауысуы елдегі басқару моделінің өзіне тән белгісі сияқты көрінеді. Бірақ бұл құбылыстың екі қыры бар. Бір жағынан, орталық бақылауы күшейеді. Екінші жағынан, өңірдің даму жолы жиі үзіліп, басталған жұмыстар аяқталмай қалады. Тұрақтылық пен дамудың арасындағы тепе теңдік алдағы саяси өзгерістер мен қоғамның сұранысына байланысты қалыптасатын сияқты.

Барлық жаңалық