Қоғам

Ағаштардың құлап адам өліміне әкелуі қаншалықты жиі кездеседі және оған кім жауапты?

Тапа-тал түсте ағаштардың сынып, өтіп бара жатқан адамдардың үстіне құлауы жиілеп кетті. Жақында Алматының қақ ортасында жас қыздың өліміне әкелген қайғылы жағдай орын алған. Осы ретте халықтың денсаулығы мен өміріне кім жауапты екені маңызды. Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікіріне сүйеніп жалғастырады. 

13 тамызда қайғылы оқиға орын алды. Алматыда жаяу жүргіншілер жолымен келе жатқан қыздың үстіне ағаш құлап, қаза болды. Қалалық полиция департаменті бұл деректі растады.

Желідегі мәлімет бойынша, қайғылы оқиға Әди Шәріпов көшесі мен Қарасай батыр көшесінің қиылысында болған. Жұмыстан кофе алуға шығып, қайтып келе жатқан кезде үстіне ағаш құлаған. Ол алған жарақаттарынан қаза болды.

Полиция мәліметінше, аталған дерек бойынша Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта мән-жайлар анықталып жатыр. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтердің кінәсі де тергеледі.

Қала билігінің мәліметінше, оқиға орнына Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері, прокуратура, экология және қоршаған орта басқармасы және осы басқармаға қарасты Eco Almaty ұйымының қызметкерлері барған.

"Тексеру барысында бұтақ сынған ағаштың жасыл әрі қанағаттанарлық жағдайда екені анықталды. Ағаштың санитарлық қырқуға жататынын немесе бұтақтың не тұтас ағаштың құлау ықтималдығын тек сыртқы тексеру арқылы анықтау мүмкін емес, себебі ағаш жасыл және қурау белгілері жоқ", – деген әкімдік өкілдері.

Былтыр тұрғындардың өтініші бойынша осы аумақтағы емен ағашына санитарлық қырқу жүргізілген. Ал 2025 жылы тұрғындар Шәріпов пен Бөгенбай батыр көшесінің қиылысындағы 2 апатты теректі кесуді сұраған.

Қайғылы оқиғадан кейінгі күні коммуналдық қызметтер аталған көшедегі ағаштарды қырқу жұмыстарына кірісті.

Биыл болған басқа да қайғылы оқиғалар

19 маусым күні Павлодар облысының Ақсу қаласында болған күшті дауыл кезінде қайғылы жағдай тіркелді. Құлаған ағаш 1968 жылы туған әйелді кеуде тұсынан түйреп, алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Оқиға жайлы хабарлама 17:29 кезінде түскен. Құтқарушылар мен дәрігерлер дереу жеткенімен, әйелдің өмірін аман алып қалу мүмкін болмаған.

Павлодар облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Ақсуда желдің жылдамдығы сағатына 28 метрге дейін жеткен. Бұл — дауыл деңгейіндегі көрсеткіш.

Сол күні облыс аумағында табиғи апат салдарынан бірнеше елді мекенде үйлер мен көліктерге зақым келіп, ағаштар құлаған. Экибастұз қаласы энергия торабына зақым келуіне байланысты электр жарығынсыз қалған.

Жауын-шашынсыз дауылдың салдары ауыр болғандықтан, өңірде төтенше жағдай жариялау немесе қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Сол күні Павлодарда тағы бір 28 жастағы қыз жамбасының сынуымен ауруханаға түсті. Сонымен қатар екі бала да зардап шекті. Барлығы ағаш құлап жараланған.

"КТК" телеарнасының  мәліметінше, 29 сәуір күні Солтүстік Қазақстан облысында дүлей дауыл соғып, Булаево қаласының 69 жастағы тұрғынының үстіне зиратта жүрген кезінде ағаш құлаған. Ол ауыр бас-ми жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмды.

Аймақтағы желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жеткен. Дауыл электр желілерін үзіп, ағаштарды опырып, көліктерге зақым келтіріп, ғимараттардың шатыр жабындарын жұлып әкеткен. Бұл ретте, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қашықтан оқыту форматы енгізілді. Қала сыртындағы тас жолдарда жүк көліктерінің аударылу оқиғалары тіркелді. Зақым келген аудандарда табиғи апаттың салдарын жою жұмыстары жүргізілді.

Кім жауапты?

Алматыдағы қайғылы оқиға бойынша тергеудің нәтижесі қандай болатыны және кім жазаланатыны әзірге белгісіз. Дегенмен, Қазақстанда коммуналдық қызмет өкілдерін мұндай жағдайлар үшін жауапқа тарту тәжірибесі бар.

Былтыр сәуірде Қарағанды қаласында ағаштардың кесірінен екі тұрғынның көліктері зақымданған. Олар Қазыбек би ауданы әкімдігін сотқа берген. 

Бағалаушылардың дерегінше, келтірілген шығын мөлшері тиісінше 634 779 теңге және 445 292 теңгені құраған. Соңында Қазыбек би аудандық соты №2 талаптарды қанағаттандырып, аудан әкімдігін келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді.

2025 жылғы маусымда Өскемен қалалық соты «Таза Өскемен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына айыппұл салды. Қала тұрғындарының көліктеріне құлаған ағаш келтірген залал құны 2 418 250 теңгені құраған. Одан бөлек, 248 508 теңге сот шығынын өтеуге міндеттеді.

Ақсуда ағаш құлап, қайтыс болған зейнеткердің отбасына қала билігі материалдық көмек көрсетті. Атап айтқанда, еңбек өтілі үшін төлем жасалды, жерлеу рәсіміне қаражат бөлінді. Сондай-ақ, банктан алған несиелері кешірілді. 2025–2026 жылдарға арналған жылу мен суық сушығындары да өтелді.

Әлемдік тәжірибе

2015 жылғы сәуірде Францияда демалыста жүргенде үстіне қалың тарихи ағаш құлап қаза тапқан Ұлыбритания азаматының отбасына 86 мың фунт стерлинг көлемінде өтемақы төленген.

2016 жылғы маусымда Ресейдің Белгород қаласындағы Свердлов аудандық соты жергілікті коммуналдық кәсіпорынды ағаш құлап қайтыс болған қыздың отбасына 2,5 миллион рубль көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.

Қорытындылай келе, әлемдік тәжірибе де, елімізде болған жағдайлар да адам өліміне немесе денсаулығына зиян келтірген кезде сотқа жүгінуге болатынын көрсетіп отыр. Егер ағаш қаланың ішінде болса, оған жергілікті әкімдік пен коммуналдық кәсіпорындар жауапты. Егер ағаш жеке аймақта болса, жауапкершілік жердің иесінің мойнында. Егер табиғи апат салдарынан, мысалы қатты дауыл, жел тұрып, ағаштар сынса, мұндай жағдай форс-мажор болып есептелуі мүмкін. 

Барлық жаңалық