Қоғам

16 млн қазақстандықтың жеке дерегі ұрланды

16 маусымда қазақстандықтардың жеке деректері интернетке таралғаны туралы хабар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Telegram желісіндегі SecuriXy.kz арнасының мәліметінше, 16,3 миллион азаматтың ЖСН-і, туған күні, байланыс нөмірлері, тұрғылықты мекенжайы сынды құпия мәліметтері жазылған CSV форматындағы файл ашық түрде тараған, деп жазады Ozgeris.info. 

Аталған файлда азаматтардың толық аты-жөні, жынысы, туған күні, ID нөмірі, ЖСН, ұялы және үй телефоны, азаматтығы мен ұлты, нақты мекенжайы, тіркеу күні мен тіркеуден шығу уақыты секілді дербес деректер қамтылған. Арнаның мәліметінше, мәліметтер 13 маусымда тараған, ал олардың басым бөлігі 2011 жылы енгізілген. Дегенмен, 2023-2024 жылдарға тиесілі жазбалар да кездеседі.

Мамандар бұл деректердің қолды болуы үлкен қауіп төндіретінін айтады. Телеграм арна фишинг, әлеуметтік инженерия, жалған құжат жасау, телефон арқылы алдау секілді алаяқтық схемалар дәл осындай деректер арқылы жүзеге асатынын ескертеді.

Бұл ақпаратты Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының президенті Олжас Сәтиев те растады:

«Аса ірі көлемдегі ақпарат тарап отыр. Қазір тергеу жүріп жатыр. Біз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік техникалық қызметінен ақпарат күтеміз, олар да бұл оқиғаны тексеруі керек», дейді ол.

 

16,3 миллион – Қазақстан халқының толық санымен шамалас. Яғни бұл базада электронды тіркелген барлық азаматтың дерегі болуы мүмкін. Осыған байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ресми түсініктеме берді.

«ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен өзектілігін анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізуде»,  делінген ресми хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, әзірге мемлекеттік ақпараттық жүйелерге бұзылған шабуыл тіркелмеген. Яғни деректер жекеменшік базалардан – мысалы, қызмет көрсету ұйымдары, микроқаржы құрылымдары сияқты көздерден алынуы мүмкін.

Министрлік егер азаматтың жеке деректері осы база ішінде болса, ол туралы eGov порталы арқылы жеке кабинетке хабарлама жіберілетінін мәлімдеді. Қазіргі уақытта тексеріс жүріп жатыр, ал нақты қорытынды кейінірек жарияланады.

Айта кетейік, бұл Қазақстанда алғашқы жағдай емес. 2024 жылдың көктемінде Zaimer.kz микроқаржы ұйымына тиесілі 2 миллионнан астам клиенттің жеке деректері желіге тараған еді.

 

Барлық жаңалық