Киік пе, ақбөкен бе? Бұл ежелгі замандардан бері жер бетінде өмір сүріп келе жатқан жануар. Мамонттар жойылып кеткенде, киіктер жаңа жағдайға бейімделіп аман қалған. XIX ғасырда киік Еуропадағы Англиядан бастап, Шығыстағы Аляскаға дейін, Солтүстікте Новосібір аралдарынан бастап, Оңтүстікте Қазақстандағы Қаратау жотасына дейінгі кең аумақты мекендеген. Алайда адамдардың тоқтаусыз атуы салдарынан бүгінгі күні киік тек Моңғолия мен Қазақстанның батысында ғана сақталып отыр. Ал олардың кеңірек таралуы кейбір қоғам белсенділерінің алаңдаушылығын тудырып отыр. Депутаттар киелі киіктерге соғыс жариялап отыр. Ал экологтар мен қоғам белсенділері жабайы қасиетті жануарды сақтаудың басқа амалдарын қарастыруды талап етуде. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Ашаршылықтан құтқарған киелі жануар
Киік 1930-жылдары ашаршылық кезінде және XXI ғасырдың басында қазақ халқына азық болып, аман қалуына көмектесті. Бірақ заңсыз аңшылық салдарынан олардың саны күрт азайды. Соңғы 20 жылда атуға тыйым салынған соң, киіктердің саны қалпына келді. 2023 жылғы есеп бойынша олардың саны 2,5 миллионға дейін жетті. Алайда қазір киіктің басына тағы да қауіп төніп отыр. 2023 жылы үкімет олардың саны тым көбейіп кетті деген уәжбен киікті жаппай атуға шешім шығарған еді. Сол жылдары кең далада киіктің қаны төгілді.
«Киікті сойып, етін бөліп беретін адамдарға 500 теңгеден төледік. Жақсы істегендер аптасына 300-400 доллар табыс тапты», - дейді кәсіпкер Миран Кенжеғалиев.
Киіктің ең қымбат бөлшегі – мүйізі
Мүйіз үшін тіпті түрмеге қамалуға болады. Алайда, браконьерлерді бұл ешқашан тоқтатқан емес. Себебі киіктің мүйізі дәрі жасау үшін үлкен сұранысқа ие. Әсіресе Қытайда. Сондықтан аңшылар алынған мүйізді белгілеп, өте мұқият құлыптаулы жерде сақтайды.

«Менің ойымша, мемлекеттің қазіргі саясаты тек мүйіз үшін жасалған. Бұл әдейі ұйымдастырылған. 10 жыл бұрын осындай мақсатты көздеген аңшыларды ұстап, темір торға қамайтын. Ал қазір үкімет өзінің пайдасын көрді, сондықтан атуды заңдастырып, өзі айналыса бастады. Бұл таза бизнес», - дейді журналист Рауль Упоров.
«Киік мамонттармен қатар өмір сүрген көне жануар. Мінезінің жайлылығы мен мейірімділігінің арқасында бүгінгі күнге дейін сақталып қалды. Киіктерде бөтен төл болмайды, кез келген аналық киік басқа төлге де емін-еркін сүт береді. Атыраудағы Нарын құм мен Жәнібек ауданы арқылы Ресейге өтетін аумақ ежелден бергі киіктің мекендейтін жері. Киіктер бізге келген жоқ, керісінше, адамдар киелі жануардың жерін тартып алған», - дейді журналист Нұрлыбек Рахманов.
Браконьерлермен өмір бойы күрескен бұрынғы инспектор Нұрлан Тажғалиев елдегі жағдайға алаңдаулы. Ол биліктің саясатын қолдамайтынын жеткізді.
«Киіктерді көбейді деп жаппай ату дұрыс емес. Әрине, егер бұл жұмысты қатаң бақылауға алып, мөлшерін реттеп отырса, оны заң жүзінде іске асыруға болады. Бірақ бақылаудың жоқтығынан қанша киік атылып жатқанын ешкім айта алмайды. Әркім пайда тауып жатыр. Киіктер біздің заманға дейін аман жеткен тіршілік иесі. Сондықтан оларға стратегиялық қор деп қарауға болады. Ертең мысалы ет тапшылығы туындаса, осы киіктің еті азық болады», - дейді маман.
Ашкөз билік өз пайдасын ғана көздеп отыр
Ғалымдардың пікірінше, киіктер өздері мекендеп үйреніп қалған даласына сыймай барады. Олар көбінесе адамға жақын жерде жайылады. Сонымен қатар соңғы жылдары үй малдарының саны да артқан. Бұл жағдай шаруаларды алаңдатып отыр. Айтуларынша, киіктер көбейген сайын, аурулардың таралуы да артуы мүмкін. Ал қоғам белсенділері фермерлердің қиындықтарын киіктерге арту дұрыс емес деп санайды.
«Киік мәселесі біздің табиғи байлықтарға қалай қарайтынымызды көрсетеді. Кейбір шенеуніктер Австралияда қояндарды атып жатқанын мысалға келтіреді. Бірақ қоян тез көбейетін, сырттан әкелінген аң. Ал киік – осы жердің ежелгі тұрғыны. Киік бізден бұрын болған, бәлкім бізден кейін де өмір сүруі мүмкін. Олардың санын реттеу керек дегенді кім анықтады? Ауыл шаруашылығының жағдайы бұрыннан мәз емес, ал киік оған кінәлі емес», – дейді Рауль Упоров.
2010 жылы белгісіз дерттен бір апта ішінде 12 мың киік қырылып қалған. Ал 2023 жылы киікті атуға заңмен рұқсат етілді. Бірақ қыс кезінде атуға тыйым салынады, себебі ол кезде киіктердің төлдеу кезеңі басталады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, киіктің ең көп популяциясы Қазақстанда. Сонымен қатар Ресей, Моңғолия және Өзбекстанда біраз сақталған. 20 жыл бұрын жойылудың алдында тұрған киік бүгінде қайта көбейді. Бірақ енді шаруа иелері киіктерден жапа шегіп жатқандарын айтып шағымдана бастады. Олардың айтуынша, киіктер егін мен жайылымды таптап, егістікті құртып жатыр. Фермерлерді қолдаған мәжіліс депутаттары киіктерге қарсы ашық “соғыс” жариялады.
Киіктерге қарсы ашық соғыс
Бұл сұрақ парламент қабырғасында көтерілді. Қазір олардың саны 5 миллионға жетті деген болжам бар. Олардың өсімі фермерлер үшін қыруар шығын. Киіктер егінді таптап, тіпті жол-көлік апаттарына себепші болып жатыр. Мысалы биыл көктемде кейбір өңірлерде киіктердің көбеюі нағыз апатқа айналды. Тек Ақмола облысының өзінде ғана жүздеген мың гектар егістік тапталып, миллиардтаған теңге шығынға әкелген.
«Салдарынан диқандар егінсіз қалатын болды, ал бұл азық-түлік қауіпсіздігін қатерге тігеді. Біздің шаруашылықта 20 мың гектар жер бар. Қазір 10 көлік пен мотоцикл 6 күннен бері киіктерді қуа алмай жүр», – дейді «Сепе-1» ЖШС басшысы Ғалымхан Саханов.
Былтыр киіктерді ату уақытша тоқтаған болатын. Енді депутаттар қайтадан қатал шараларды қолға алуды ұсынып отыр.
«Бұл нағыз соғыс, әріптестер. Экономикалық майдан. Біз бұл соғысқа қазір кірісуіміз керек. Киікті көлікпен қуалап емес, мылтықпен ату керек, арнайы сойып, халыққа тегін ет тарату керек», - дейді мәжіліс депутаты Павел Казанцев.
Сарапшылардың айтуынша, киік еті мен мүйізі арқылы Қазақстан жыл сайын 20 миллиард доллар табыс таба алады. Егер ғалымдар келісім берсе, киікті аулау жұмыстары қыркүйек айынан бастап қайта басталуы мүмкін.
Ақпарат үшін қоса кетейік, ғалымдардың есебі бойынша:
- Киік етінен және ет өнімдерінен – 2,5 млрд доллар
- Ішек-қарнын өңдеуден – 1 млрд доллар
- Аңшылық жобалардан – 500 млн доллар
- Тірідей сатудан – 15 млрд доллар
- Фармацевтика саласынан – 500 млн доллар
Яғни жыл сайын киіктердің 20%-ын пайдалану олардың санын реттеумен қатар, ел бюджетіне зор үлес қоса алады.
Енді сұрақ: Киік санын жасанды реттеу дұрыс па, әлде бұл қасиетті жануарды сақтаудың басқа жолы бар ма?