Күні кеше Париж Олимпиадасында Қазақ еліне алтын жүлде алып келген дзюдошы Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев «Спорт министрі» YouTube каналына сұхбат берді, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Бапкер Елдостың жеңіс жолы, әсіресе, оған жасалған кедергілер мен қолдаулар туралы айта келіп, ұлттық құрамадағы француз мамандарының жұмысына тоқталды, деп жазады sadaqmedia.kz.
«Екі жыл бұрын федерация бізге Франциядан мамандарды алып келді. Мен арнайы барып жаттығу барысын көрдім. Бірақ, менің бағдарламама келіңкіремейтінін байқадым. Сосын Елдосқа «француздардың жұмысы ұнаса, солармен жеңіске жетемін десең, менің қарсылығым жоқ, дайындал», дедім. Бірақ Елдос: «Аға, мен сізбен дайындаламын. Сіздің программаңызбен қанша жеңіске жеттік, бұл белесті де еңсереміз», деді. Алайда біздің Елдоспен бірге жаттығуымызға қарсы адамдар көп болды», дейді бапкер.
Осындай қысылтаяң шақта араға ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов түседі. «Ербол Қуантайұлына құрметім ерекше. Мен бұл кісіні сырттай білгенім болмаса, бірге жүрген емеспін, жақын танымаймын да. Алдымыздағы кедергілерді алып тастады.
«Ғалымжан, сізге не керек, қандай көмегім қажет» деп жүріп, Елдосты бөлек шығарып, өзіме берді. «Аға, сізге сенеміз, Елдостан чемпион шығарыңыз», деді. Мен оған «маған сенім артсаңыз, бар күшімді саламын, сенімді ақтаймын», дедім», — дейді ол.
Бұдан бөлек Сметовтің бапкері шәкіртінің мінезі туралы да айта өтті.
«Елдоста қаншама жарақаттар болды. Мен оған: «Елдос, ештеңе етпейді, демал», — деп әрдайым айтып отырамын. Сондай-ақ біз мимен көбірек жұмыс істедік, психологиялық тұрғыдан дайындалдық. Елдосқа үнемі тек бағыт-бағдар бере алатынымды, кеңес айта алатынмды жеткіздім, ал күрескен кезде сен өзіңнің миыңды қосып күресесің дейтінмін. Мен оның ішкі жай-күйін әрдайым оятатынмын. Ол кішкентайынан өзі ызақор еді. Мен оны әдейі ызаландыратынмын. Мен оның ызақор екенін білемін, ол менің көз алдымда өсті. Адамның бойында ол қасиет өмір-бақи қалып қалады екен. Мен оның ішіндегі осы қасиетті оятсам, сонда ғана күреседі. Сондықтан осындай мінез болуы керек», — деді Ғалымжан Жылгелдиев.
Ғалымжан Жылгелдиев Елдостың ендігі жолы қалай бағытталарына қатысты ойын жеткізді.
«Менің ойымша, Елдос спортта жүруі керек, алыстамауы керек. Соңынан ерген жастарға білгенін үйретуі керек», — дейді Жылгелдиев.
ПІКІР ЖАЗУ