Жаңалықтар

Инвестиция жасаудың ең дұрыс жолы қандай? Сарапшы жауап берді

Инвестицияны көпшілік көбіне жай ғана табыс табудың немесе жылдам ақша көбейтудің жолы деп түсінеді. Алайда бұл қате әрі қысқа ойлау. Шын мәнінде, инвестиция  ұзақ мерзімді ойлау жүйесінің негізінде жасалатын шешімдер жиынтығы. Инвестициялар жөніндегі сарапшы, Oxford MBA, Imperial College London MSc түлегі Олжас Тілеуқабылұлының айтуынша, инвестиция – байып кетудің емес, болашақты жоспарлаудың құралы. Сарапшының осы сала туралы басқа да ойларын білдік, деп жазады Ozgeris.info.

Сарапшының айтуынша, көп адам инвестицияны жай ғана табыс табудың немесе ақшаны көбейтудің тәсілі ретінде қабылдайды. Алайда бұл – үстірт көзқарас. Шын мәнінде, инвестиция – ұзақ мерзімді мақсаттарға жетуге арналған қаржылық құрал. Ол белгілі бір жүйеге, нақты стратегияға, жоспарлы әрекетке негізделуі керек. Инвестиция – бұл ақшаны жұмыс істету. Бірақ ол эмоциямен емес, логикамен басқарылуы тиіс.

– Кез келген инвестор ең алдымен өзінен сұрауы керек: мен бұл инвестициядан не күтемін? 5 жылдан кейін қандай қаржылық жағдайда болғым келеді? Зейнетке шыққанда қалай өмір сүремін? Қанша уақытқа, қандай мақсатпен инвестиция жасамақпын? Бұл сұрақтарға нақты жауап бере алмаған адамға нвестиция тәуекелге толы, тиімсіз болуы мүмкін. Инвестордың мақсаты мен тәуекелге төзімділігіне қарай инвестициялық стратегиялар негізінен 4 бағытқа бөлінеді. Біріншісі – құндылықты сақтау, яғни қаражатты инфляциядан қорғау. Бұған алтын, қысқа мерзімді облигациялар, депозиттер жатады. Бұл құралдар табысы төмен болғанымен, қауіпсіздігі жоғары. Екіншісі – тұрақты табыс алу, яғни белгілі бір уақыт сайын тұрақты кіріс әкелетін активтер. Мысалы, купондық облигациялар немесе дивиденд төлейтін акциялар. Үшіншісі – капиталды өсіру. Бұл – акциялар арқылы компанияның нарықтағы құнымен бірге сіздің капиталыңызды арттыру. Төртіншісі – венчурлік инвестициялар. Бұл – стартаптарға немесе жаңа технологиялық компанияларға салынатын қаржы. Мұнда тәуекел жоғары, бірақ табыс мүмкіндігі де зор. Алайда, 100 стартаптың тек 2-3-і ғана табысты болады, – дейді инвестор.

Расында, көптеген жаңа бастаушы инвесторлардың басты қателігі – эмоциямен шешім қабылдау. Акциялар құлдыраса – бәрін сатып жібереді. Нарық өссе – дүрмекке еріп, ойланбастан сатып ала бастайды. Бұл инвестициялық тәртіпке қарсы әрекет. Сонда не істеу керек?

– Инвестор ретінде нарықтағы құралдарды да дұрыс таңдай білу керек. Пассив инвестиция – нарықты жалпылай алуға бағытталған. Бұл көбіне индекс қорлары арқылы жүзеге асады (мысалы, S&P 500, Nasdaq). Мұндай модель көп жағдайда кәсіби басқарылатын қорларды да басып озады. Ал активті инвестиция – бұл компанияларды жеке-жеке зерттеп, есептерін (баланс, кіріс-шығыс, ақша ағындары) талдауды талап етеді. Бұл тәсіл тәжірибе мен білімді қажет етеді, бірақ табысы да жоғары болуы мүмкін. Бүгінде Қазақстанда да инвестиция жасауға болатын түрлі құралдар бар. Мысалы, қысқа мерзімді облигациялар (көбіне микроқаржылық ұйымдар шығарады, табыстылығы – 15-25%), корпоративтік облигациялар (тұрақты купондық табыс береді, әдетте 2-3 жыл мерзімге), физикалық алтын сатып алу (мысалы, Halyk Bank немесе Евразиялық банк арқылы), сондай-ақ халықаралық ETF-терге (S&P 500, Nasdaq, MSCI) инвестиция жасап, жаһандық нарыққа шығуға болады, – деп түсіндірді Олжас.

АҚШ-тағы Гарвард, Йель университеттері «endowment fund» моделі арқылы өз капиталының тұрақты өсімін қамтамасыз етеді. Бұл модельде олардың қаражаты акция, облигация, жылжымайтын мүлік және венчурлік жобалар арасында тең бөлінеді. Олар инвестициядан түсетін табыспен университеттің 25-30% шығынын жабады. Бұл – әртараптандырылған, тұрақты табыс моделінің нақты мысалы.

– Жалпы, инвестиция – бұл байып кетудің емес, болашағыңызды жоспарлаудың жолы. Ол жүйе, тәртіп, білім және шыдамдылықты қажет етеді. Әр адамға арналған «бір шешім» жоқ. Барлығы сіздің мақсатыңызға, мүмкіндігіңізге, уақытыңыз бен сабырыңызға байланысты. Ең бастысы – өз жағдайыңызды талдаңыз, нақты мақсат қойыңыз және эмоция емес, логикамен шешім қабылдаңыз, – деп қорытындылады О.Тілеуқабылұлы.

Барлық жаңалық