Жаңалықтар

Енді ұялы байланыс балансы да тексеріледі

Ұялы телефоныңыздағы теңгерім де қаржы мониторингіне ілігуі мүмкін. Себебі баланс тек байланыс үшін емес, ақша айналымының да құралына айналып отыр. Қаржылық мониторинг агенттігі ұялы байланыс арқылы жасалатын күмәнді операцияларды қатаң бақылауға алуға ниетті. Бұл туралы агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтқан болатын, деп жазады Ozgeris.info.

Мәжіліс депутаты Самат Нұртазының айтуынша, бүгінде абоненттік шот кәдімгі шағын банк сияқты жұмыс істеп тұр. Адамдар баланс арқылы коммуналдық төлем жасайды, ақша аударады, ал кейбіреулер бұл жолмен қаражатты заңдастырып үлгереді. Яғни, телефон арқылы ақшаның ізі жоғалады. Кейде, бұл алаяқтар үшін таптырмас құрал. Агенттік өкілі Елемесовтің айтуынша, бір адамға бірнеше түрлі көзден жиі ақша түсуі басты сигнал. Әдеттегі толықтырулар емес, дәл осындай «күмәнді» белсенділік басты назарда болмақ. SIM-карта сату тәртібіне де назар аударылып жатыр.
«Барлық операторлар SIM-карта алған адамды міндетті түрде сәйкестендіруі тиіс. Бұл дропперлік схемалармен күресуге жол ашады», дейді Елемесов.
Егер операторлар заң талаптарын орындамаса, олар ӘҚБтК-нің 214-бабы бойынша жауап береді. Ескерту мен айыппұлдан бастап, тіпті лицензиядан айырылуға дейін жаза бар. Айыппұлдың ең төменгі мөлшері – 20 АЕК, яғни 78 640 теңге.
«Операторларға нақты шекті сома белгіленбеген. Біз үшін маңыздысы – әдеттен тыс, күдік тудыратын ақша қозғалысы», деп нақтылады агенттік өкілі.
 
Барлық жаңалық