Доллар ма, депозит пе? Ақшаны қалай жинаған дұрыс?

Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Қымбатшылық қос бүйірден қысып, қараша қарызға батқан заманда ақша жинау туралы әңгімеміз әбестік болуы мүмкін. Бірақ қаржылай сауатыңызды арттырып, банктерге жұтылып кетпес үшін білім қажет. Ақшаны қалай жинаған дұрыс. Бұл сұрақты Ozgeris.info тілшілері экономист Айбар Олжайдан сұрап көрді.

  • Айбар мырза, әлемдік ахуал долларға қалай әсер етеді?

Қазір доллардың өзінің инфляциясы көбейіп жатыр. Сондықтан керісінше доллардың құны құлайды деген болжамдар көбеюде. Өйткені АҚШ-тың тарифтік саясатының соңы неге алып келетіні түсініксіз. Америкада импорт қысқарған сайын оның орнын өздері жауып үлгермейді. Олар өндірісті жолға қойғанша 1-2 жыл керек болады. Сол циклден өткенше АҚШ-та импорт қымбаттайды. Сол кезде АҚШ-та инфляция, қымбатшылық болады деп күтілуде.

  • Сонда қазір ақшаны доллармен жинау тиімсіз бе?

Иә, қымбатшылық басталса доллар өзінің күшін жоғалта бастайды. Қытай сол кезде ерегесіп Американың облигацияларын топтап нарыққа шығара бастамақ. Бұл Американың құнды қағаздарының құлауына алып келеді. Ол әлемдік нарықта доллардың арзандауына әкеп соқтырады деген болжам бар.

  • Сонда ақшаны қалай жинаған дұрыс?

Қазір біздің отандастарымыз үшін теңгедегі депозит – ең тиімді ұсыныс деп айтар едім.

Ал сіз ақшаңызды қалай жинайсыз?