Жаңалықтар

Бюджет үнемі тапшылықта, шешімі бар ма?

Қытайда «дағдарыс» сөзі екі иероглифтен тұрады дейді: бірі – «қауіп», екіншісі – «мүмкіндік». Қазақстан қазір дәл осы межеде тұр. Бюджет толмай жатыр, салық кем түсуде, Ұлттық қор жыл сайын жұқарып барады. Енді не істейміз? Экономистердің айтуынша, мәселе – ақшада емес, оны басқаруда, деп сараптайды Ozgeris.info.

Қазақстан экономикасы 2025 жылға үлкен сұрақтармен кірді. Бюджет кірістері жетпейді, Ұлттық қордан алынатын трансферттер жыл сайын артып барады. Былтыр салық түсімі айтарлықтай азайып, қордан бұрын-соңды болмаған көлемде қаражат жұмсалды. Биыл да жағдай қайталана ма деген үрей бар. Сарапшылар дабыл қағып отыр: бюджет тапшылығының түпкі себебі – шикізатқа тәуелділік пен әлсіз салық жүйесі. Яғни мәселе қаржының жетіспеуінде емес, оны тиімді басқармауда жатыр. Экономист Сұлтан Жұбаевтың айтуынша, қазіргі бюджет құрылымының әлсіз тұсы – оның табыс көзі тым шектеулі. Қазынаның негізгі бөлігін мұнай-газ секторы құрайды, ал шағын және орта бизнес үлесі мардымсыз. Оның үстіне, салықтан жалтару, қосарланған бухгалтерия, көлеңкелі экономиканың кең таралуы да кірісті азайтып отыр. Мемлекеттік кәсіпорындардың тиімділігі төмен. Керісінше, олар салық төлеудің орнына бюджеттен дотация сұрайды.
– Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде нарыққа көбірек дайын өнімдер шығару әлеуетіміз шектелуі мүмкін. Себебі ең негізгі нарық – Ресей. Ал көрші елдің бүгінде біздің өнімдерді сатып алуға бюджет мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан олар өздерінің тауарлары, қызметтері, бәсекелестігі үшін рубльдің бағамын төмендетуі мүмкін. Сәйкесінше, осы күнге дейінгі тәжірибе дәлелдегендей теңге бағамы өзгеріп сала береді. Солай импортқа тәуелді тауарлардың баға­сы қымбаттайды. Екінші тәуекел – кейінгі кездегі ішкі жалпы өнімнің үлесіндегі мемлекеттік меншіктің көбейіп бара жатқаны. Яғни квазимемлекеттік кәсіп­орын­дар салық төлеудің орнына бюджет ақшасына масыл болып отыр. Мемлекеттік кә­сіпо­рындардың тиімділігі өте аз. Оларды жекешелендірмей, бюджеттегі тапшы­лықты, Ұлттық қордан алатын трансферттерді азайтуға мүмкіндігіміз болмайды. Осыдан келесі бір мәселе шығады: Бюджеттің жылдан-жылға әлеу­меттік бағ­­дарламаларды қаржылан­дыратын мүмкіндігі аза­йып бара жатыр. Неге? Себебі біздің бюджеттің салық­тық түсімдері жетпейді, – дейді сарапшы.
Бұған қоса, мұнай бағасына тәуелділік тәуекелді еселейді. ОПЕК+ саясатындағы өзгерістер немесе АҚШ-та тақтатас мұнай өндірісінің артуы бағаның құлдырауына әкелсе, бұл сауда балансына ғана емес, бүкіл макроэкономикалық көрсеткіштерге кері әсер етеді: өсу баяулайды, бюджетке түсетін кіріс қысқарады, ал Ұлттық қордан тағы да қол жайып сұрауға тура келеді. Экономист Бауыржан Ысқақов бұл жағдайдың негізгі себебін салық жүйесіндегі кемшіліктен көреді. Салық реформасы тек мөлшерлемені арттыру емес, салық төлеуші санын көбейтуге бағытталуы тиіс. Бұл үшін көлеңкелі экономиканы заңдастыру, салық саласында әділдік орнату, цифрландыру арқылы бақылауды күшейту қажет.
– Бюджет тапшылығы тақырыбына келгенде ең алдымен салық жүйесіндегі кем­шіліктерді байқап отырмыз. Елі­мізде салық базасы аз, негізгі көлемді белгілі бір салалар ғана толтырады. Атап айтқанда, шикізат экспорт­тай­тын мұнай-газ секторындағы ком­паниялар. Шағын және орта биз­нестің салықтағы үлесі тым аз. Көлең­келі бизнестің үлесі азаяр емес. Кә­сіп­орын­дар қосарланған бухгалтерия арқылы шығынды көбейтіп көрсетіп, салы­ғын азайтып алатын тәсіл бар. Оның үстіне, экономикалық дамудың тежелуі де бюджеттің толықпауына себеп. Баға құлдыраған кезде мұнайдан келетін салық та азаяды. Инфляция әсерінен мемлекеттік жобалардың құны қымбаттады. Кейде түбегейлі зерттелмеген, керексіз жобаларға да ақша кетіп жатыр. Бюджеттік бақылаудың төмен деңгейде екенін аңғарамыз. Қазір Үкімет атқаратын ең басты міндет – салық базасын кеңейту. Ол үшін салық жеңілдіктеріне ие болып келген монополист компанияларды қыс­қар­ту керек. Экономика мұнай секторына тәуелділігінен арылғаны жөн. Одан да дамуға мүмкіндігі бар ауыл шаруашылығы, IT-саласына көбірек қар­жы құйған абзал. Мәселе бюджетті тиімді басқаруға келіп тіреледі, жұмсалу кезінде ашықтық жетіспейді, – дейді экономист.
Қорыта айтқанда, бюджет тапшылығының себебі – тек мұнай бағасына немесе инфляцияға тірелмейді. Бұл – жүйелі басқару дағдарысының көрінісі. Ақша бар, бірақ есеп, ашықтық, жауапкершілік жетіспейді. Енді басты міндет – салық жүйесін әділ әрі кең ауқымды ету, мемлекеттік шығындарды тиімді басқару және жаңа табыс көздерін (IT, ауыл шаруашылығы, жасыл экономика) нақты дамыту. Әйтпесе, жыл сайын қайталанатын «қазына неге ортайып жатыр?» деген сұрақ – жаңа қалыпты жағдайға айналып кетуі мүмкін.  
Барлық жаңалық