9–10 мамыр күндері Алматыда болған өлкетанушы Амандық Әмірхазин «Қасқа жол» подкастында елдегі Жеңіс күніне арналған шаралар мен идеология мәселесін сынға алды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.
Оның айтуынша, Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында қойылған ескі әскери техникалар мен балаларға пилотка кигізіп, соғыс тақырыбындағы өлеңдер айтқызу – қоғамда милитаризацияның белең алып келе жатқанын көрсетеді.
«Балаларға әскери киім кигізіп, ән айтқызып, соғысқа бейімдеп жатыр. Сонда біз соғысты күтіп жүрміз бе, әлде соғысқа дайындалып жатырмыз ба? Бейбіт елміз дейміз, көршілерімізбен тату дейміз.. Біз қоғамды өзіміз милитаризациялап отырмыз», — деді ол.
Өлкетанушының пікірінше, қазіргі жастарға соғыс тақырыбын жеткізгіміз келсе, оған заманауи көзқараспен қарау қажет.
«Егер жастарды соғыспен таныстырғымыз келсе, қазіргі технологияны, жаңа қару-жарақтарды көрсетейік. 80 жыл бұрынғы танктің бізге не керегі бар? Бүгінде екі славян елінің арасындағы соғыста он мыңдаған танк далада шашылып жатыр. Бұл техниканың бізге еш қатысы жоқ», — деді Әмірхазин.
Сондай-ақ ол елдегі идеологиялық бағыттың әлсіздігін атап өтті.
«Біз сырттан келген дайын идеологияны қабылдап, соған бейімделіп жатырмыз. Георгиев лентасы — жай лента емес, ол белгілі бір идеологияның символы. Бүгін ол лентаны тағып шыққандар ертең қызыл тумен шығады, арғы күні бұл жер менікі деп айтуы мүмкін. Мұндайға жол беруге болмайды», — деді ол.
Амандық Әмірхазиннің айтуынша, Қазақстан — тәуелсіз мемлекет, сондықтан елдің өзіне тән идеологиялық бағыты болуы тиіс.
«Біз өз идеологиямызды қалыптастыруымыз керек. Сырттан келген дүниеге жол берсек, қоғам ішінде алауыздық пайда болады. Солай кете берсек, ертең Украинадағыдай жағдайға тап болуымыз мүмкін», — деп түйіндеді ол.
https://www.youtube.com/watch?v=1G5tZ3E3emw&t=936s