Бүгінгі таңда қоғам арасына іріткі салып, резонанс тудыратын ақпараттар көбейді. Әсіресе әлеуметтік желілерде мұндай бейнелер жиі тарайды. Сондықтан репост немесе пікір қалдырмас бұрын оның шынайылығына көз жеткізуіміз керек.
Фотоның түпнұсқасын іздеу
Бұл фото айтылған уақытта және сол жерде түсірілуі мүмкін бе? Соны логикаға салып көріңіз.
Одан соң фото бұрын-соңды жарияланған ба, соны тексеріңіз. Өйткені бұл фото бұрын басқа контекстпен жариялануы мүмкін. Google Image Search немесе TinEye арқылы тексереміз. Google Image Search ұқсас суреттерді тауып, оларды өлшемі мен күні бойынша сұрыптауға мүмкіндік береді.
TinEye табылған суреттерді бір-бірімен салыстырады, сонымен қатар фотоның өлшемі мен Интернетте пайда болған күнін көрсетеді. Суреттің сапасы неғұрлым жақсы болса, соғұрлым табу оңайға соғады.
Сонымен қатар RevEye плагинін орнатуға болады. Оның көмегімен Интернеттегі кез келген беттен суретті екі рет шертіп іздей аласыз.
Кейде фотоның қайнар көзін файл атауынан анықтауға болады. Егер бұл сандардың ұзын тізбегі болса, онда сурет әлеуметтік желілерден алынған болуы мүмкін.
Facebook серверіне жүктелген фотос атауы осылай көрінеді — «11201814_10205461106940119_1410813217263058502_n». Ортадағы 15 сан — бұл фотосуретті жүктеген пайдаланушының бірегей нөмірі. Егер сіз facebook.com/10205461106940119 деп жазсаңыз, осы пайдаланушының аккаунтына кіресіз.
Фото шынайы ма?
Foto Forensics арқылы фотоның шынайылығын тексере аламыз. Сайт фотоның өңделген, өзгертілген жерлерін, яғни фотошопты әшкерелейді.
Видеоның түпнұсқасын іздеу
Кадрларды скриншоттап, Google Image Search немесе TinEye көмегімен тексеруге болады.
Немесе Youtube Data Viewer арқылы тексеріп көріңіз. Ол видеодағы жеке кадрларды жасап, Google Image Search-те іздейді. Осы немесе осыған ұқсас бейнелердің бұрын қайда жарияланғанын көрсетеді. Сол арқылы олардың күндерін салыстыруға болады.
Авторды зерттеу
Егер сіз оны Youtube-тан, басқа әлеуметтік желілерден немесе сайттардан тапсаңыз, аккаунттың шынайылығын зерттеңіз.
- Оның фотосы бар ма? Фотоны қайтадан тексеруге болады (1-қадамды қараңыз).
- Аккаунт қашан тіркелген? Ол қаншалықты белсенді?
Twitter-дегі аккаунттың тіркелген күнін Discover Twitter First Tweet, ал Вконтакте желісіндегіні – vkreg.ru арқылы көруге болады.
- Қолданушы қандай посттар, пікірлер, хабарламалар жасайды? Егер ол тек бейнелерді жүктейтін болса, оны ол өзі жасайды ма немесе біреулердің видеоларын жүктей ме?
- Ол қай елдің адамы? Оның тілі немесе диалектісі бейнедегі дауыстармен сәйкес келе ме?
- Осы аккаунттағы барлық бейнелердің сапасы бірдей ме? Мұны сіз видеоның төменгі оң жақ бұрышындағы «Параметрлер», содан кейін «Сапа» (Качество) батырмаларын басу арқылы тексере аласыз.
- Видео тақырыбында .mp4 немесе .avi сияқты форматтар бар ма? Олай болса, бұл түсірілген телефон не камерадан тікелей жүктелгенін білдіреді.
- Сайттың немесе блогтың иесі кім? Оны whois арқылы тексере аласыз.
- Басқа әлеуметтік желілердегі, блогтардағы, веб-сайттардағы аккаунттарға сілтемелер бар ма? Қолданушы туралы қандай ақпарат бар?
Пайдаланушы туралы ақпарат Spokeo, Pipl.com, WebMii немесе LinkedIn сайттарында бар ма? Runet-тен іздеу үшін сіз people.yandex.ru қызметін пайдалана аласыз.
Қашан және қайда түсірілген?
Фотоның EXIF деректерін қарастырайық.
EXIF-те фото өлшемі, қашан түсірілгені, сондай-ақ түсірген камераның моделі көрсетіледі.
Одан басқа JPEGSnoop бағдарламасы бар. Бұл тек суреттердің ғана емес, AVI, DNG, PDF, THM форматтарының метадеректерін көруге, сондай-ақ оның өңделген-өзгермегенін көруге мүмкіндік береді.
Одан соң фото не видеодағы белгілерге назар аударамыз: жол, көлік, үйлер, киім, ерекше ландшафттар, көпірлер, таулар, т.б. Оларды сол уақытта сол аумақта түсірілген фотолармен салыстыруға болады. Сондай-ақ Google Maps Street View немесе Wikimapia арқылы жергілікті көрініспен тексереміз.
Wolphram Alfa-мен сол күні аталған жердегі ауа райы қандай болғанын көре аламыз.
Қырмызы Скендирова
ПІКІР ЖАЗУ