Kaspi.kz компаниясының акционері Вячеслав Кимге Jusan Bank-тің 97,5% акциясын сатып алуға ресми рұқсат берілді. Бұл ақпаратты Kaspi.kz баспасөз қызметі растады, ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми хабарламасы 3 маусымда жарияланбақ, деп жазады Ozgeris.info.
Мәміле бастамасын Вячеслав Ким биыл ақпанда көтеріп, агенттікке Jusan Bank-тің 97,5% үлесін сатып алуға өтініш берген. Ол кезде Ким бұл мәміленің Kaspi.kz компаниясына еш қатысы жоқ екенін нақты атап өтті. Forbes журналының дерегінше, оның жеке байлығы 7,1 миллиард долларға жетіп, Қазақстандағы ең ауқатты бизнесмен мәртебесін сақтап отыр. Қазір Jusan Bank-тің 100% акциясы кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі. Оның 20,11%-ы тікелей өз атында болса, қалған 79,89%-ын First Heartland Securities арқылы иеленіп отыр. Есенов банкке 2023 жылы ел прокуратурасының бастамасымен жүргізілген сот шешімінен кейін толық бақылау орнатқан. Бұған дейін банктің шын мәніндегі бақылауы АҚШ-та тіркелген New Generation Foundation қорына тиесілі болатын. Сарапшылардың назарын аудартқан тағы бір жайт – банктің еншілес компаниясы Jusan Invest-тен дивиденд алу әрекеті. Банк 2019-2024 жылдар аралығындағы таза табыс есебінен 10 млрд теңгеден астам қаражатты құрылтайшы ретінде алып шықпақ. Бұл қадамды сарапшы Арман Батаев мәміле алдындағы қалыпты қаржылық тәжірибе деп сипаттайды. Яғни, банк иесі сатылым алдында құрылымнан барынша пайда алуға тырысып жатыр.