💰 Экономика

Ай сайынғы аударым 300 мыңнан асса, сұраласыз

Қазақстанда енді мобильді аударымдар арқылы көп ақша алатындар табысының қайдан түскенін дәлелдеуге міндетті болады. Қаржы министрлігі енгізіп отырған жаңа талапқа сәйкес, егер бір азамат 3 ай қатарынан әр айда 300 мың теңгеден астам аударым алса, яғни, үш айда жиынтығы 1 млн теңгеден асса – бұл адамға Мемлекеттік кірістер комитеті сұрақ қойып, түсініктеме талап етуі мүмкін, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шара көлеңкелі экономиканы азайту және кәсіпкерлерді заңды жұмыс істеуге ынталандыру мақсатында қолға алынған. Бұл жаңалықты естіген журналистер брифингте мынандай сұрақ қойды:

«Мобильді аударымдар 3 айда 1 млн теңгеден асса тексеріледі. Демек айына небәрі 300 мың. Бұл өте аз ғой. Мәселен, кейбір адамдарды айына 300 мың аударып, туыстары асырап отыруы мүмкін. Сондай жағдайда қарапайым азаматтар не істеуі керек? Олар да тексеріле ме?», деді.

Оған вице-министр былай жауап берді:

«Мұндай жағдайда бұл аударымдарға қатысты комитеттен сұрақтар туындауы мүмкін. Ондай кезде комитет өкілдеріне бұл ақшаның қайдан түскенін түсіндіруіңіз керек болады. Мұның барлығы бизнесті көлеңкеден шығару үшін жасалып жатыр. Егер сіз адал кәсіпкер болсаңыз, әрі аударымдардың қайдан түскенін дәлелдесеңіз, ешқандай қиындық болмайды»,  деді ол.

Кәсіпкерлер бұл талапқа қарсы. Себебі, POS-терминалмен жұмыс істеу олар үшін тиімсіз – комиссиясы жоғары. Сондықтан мобильді аударым жасау әлдеқайда ыңғайлы дейді. Ал салық органдары, керісінше, мобильді төлемдерді бизнес табысы ретінде тіркеуді көздеп отыр.

Барлық жаңалық