Жаңалықтар

Алматыдағы беймәлім зәулім сарайдың артында не тұр?

Алматының Наурызбай ауданында тұрған ерекше бір үй бар. Сыртынан қарасаңыз, кәдімгі ертегі әлемінен түскендей. Төрт қабатты, мұнаралы, кірпіш қабырғалы бұл ғимаратты жергілікті тұрғындар өзара «Алматылық Хогвартс» деп атап кеткен. Көпшілікті қызықтырған бұл қандай ғимарат?, деп қызықты Ozgeris.info.

Қазір бұл үй ұзақ мерзімге жалға ұсынылып отыр. Ай сайынғы ақысы 5 миллион теңге. Үйдің иесі Ольга Шиннің айтуынша, ерекше үйдің алғашқы кірпіші 2009-шы жылы қаланған. 

«Мен кішкентай кезімнен ертегілерге сенетінмін. Әрдайым жақсылық жеңіп шығып, сиқырлы әлемде өмір сүргім келетін. Қарапайым қыз болсам да, өз қамалым болуын армандадым. Ханзадам келеді деп күттім. Бірақ өмір басқа болды – ақ аты да, қамалы да жоқ адамға тұрмысқа шықтым. Есесіне, бірге менің арманымды салып шықтық», дейді Ольга күлімсіреп.

2009 жылы алғашқы кірпіш қаланған бұл үйдің тарихы одан да ерте басталады. Жер телімі 1998 жылы алынған. Сол кезде бұл жер жай ғана құрылыс қалдықтарымен толған, бос жатқан алаң еді. Ольга оны «нағыз қоқыс алаңы» деп сипаттайды.

«Біз бұл үйді ешқашан жалға береміз деп ойлаған жоқпыз. Біз мұны ешкім үшін емес, өзіміз үшін салдық. Өз қолымызбен. Ішкі әрлеуі де, сыртқы дизайны да, бақша мен тоған бәрін өзіміз жасадық. Күйеуім тоғанды өзі қазды, бала күнгі арманы балық аулау болатын. Мен интерьер мен ландшафтпен айналыстым. Бұл – менің хоббиім. Жиһаз да әлі қойылмаған. Барлығы болашақ өмірге арналған бос кенеп сияқты болды», дейді Ольга.

Алайда өмір бір орында тұрмайды. Қазір қамал бос тұрғандықтан, иелері оны жалға беріп көруге шешім қабылдапты.

«Біреулер келіп, қызығып, суретке түсіп кетеді. Кейде балалар кешін өткіземіз, кейде үйлену тойына жалға береміз. Енді тұрақты жалға алушы табылса деген ой. Үй бос тұрмасын дейміз. Бірақ жүрекке жақын дүние ғой. Сол үшін оңай емес», деп ойын айтты ол.

Бұл қамал сиқырлы көрінуі мүмкін, бірақ оны салу жолында көптеген қиындықтар болған. Қамалдың жалпы аумағы 812 шаршы метр. Қабырғалары кірпіштен, колоннасы мен төбесі бетоннан салынған. Тек шатыр астында ағаш құрылымдар бар.

«Газ тарту ең ауыр істің бірі болды. Барлығын заңмен, құжатпен жасадық. Ақшасын төледік. Бірақ 8 жыл бойы “қысым жоқ”, “торап дайын емес” деген сылтаумен күтіп жүрдік. Кейін бір күні келіп: “Барлық адамға 290 мың, сізге 1,5 миллион. Өйткені сізде қамал бар, ақша да бар” деді. Бұл қорлық еді. Бірақ біз ешкімге пара бермей, барлығын заңды түрде шештік. Мен бұл үйді болашақ ұрпағым өмір сүретіндей етіп салдым. Бетон, кірпіш – бәрі мықты. Қазір жылытатын жүйе су негізіндегі, бүкіл үйде жылы едендер мен батареялар бар. Қыста тек жылуға 240 мың теңге кетеді. Жер салығы, үй салығы жылына 350 мың. Бұл үлкен шаруа», деп еске алады Ольга.

 

 

 

 

 

Барлық жаңалық