Сараптама

Орталық Азия бірікпей қойды. Енді не істейміз?

Орталық Азия. Үнемі бірге аталатын бес ел: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан. Тілі, ділі, діні ұқсас. Тарихы да ортақ. Бірақ іс жүзінде бәрі өз түбегейімен кетіп бара жатқан сияқты. Ынтымақ жоқ демейміз, десе де оның нақты нәтижесі көрінбей жатыр. Біресе шекара, біресе су, біресе газ. Біресе үнсіздік. Сонда бұл елдерге не жетпейді? Неге бірікпейді?, деп сараптайды Ozgeris.info.

«Бес саусақ бірдей емес»

Бұл сұраққа жауапты экономика ғылымдарының докторы, профессор Жақсыбек Құлекеев бастаған сарапшылар тобы іздеп көріпті. Қолға алған зерттеуінің атауы да дөп келген: «Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық: қазіргі заманғы сын-қатерлер». Жалпы айтқанда, Құлекеев аймақтың интеграциясыз ұзаққа бармайтынын ашық айтады. Бірақ, оның ойынша, мәселе тек ынтымақтастықта емес, кім бастайды, кім жауапкершілік алады – соған тіреліп тұр.

Жақсыбек Құлекеев зерттеуін былай бастайды:

«Орталық Азия елдерінің даму деңгейі – тым әркелкі. Қазақстан аймақтың ІЖӨ-сінің 60 пайызын береді, Өзбекстан – 24 пайыз. Қалғандары қосылып 15 пайызға да жетпейді. Бұл алшақтық кез келген ортақ жүйені құруға үлкен кедергі»

Сарапшы мұны тек экономикалық емес, институционалдық кемшілік деп біледі. Мысалы, Тәжікстан мен Түрікменстанда демократиялық институттар атымен жоқ. Реформа басталғанымен, аяқталмаған. Институциялар – қағаз жүзінде. Жүйе автократиялық. Саяси тұрақтылық сырттай бар, іштей жұқарып тұр.

«Мұндай жағдайда сенімді әріптестік орнату қиын. Өйткені бүгінгі уәдесі ертең жоқ болуы мүмкін. Кеше айтқанымен бүгін келіспей қалуы – үйреншікті жағдай», – дейді ол.

Су – саясаттың құралына айналған

Орталық Азияда судың өзі саясатқа айналған. Жақсыбек Құлекеев бұл мәселеге де тоқталады.

«Су – ортақ ресурс. Бірақ елдер оған жеке меншіктей қарайды. Біреуі бөгейді, екіншісі шөлдейді. Су дегенің тек ауыл шаруашылығы емес. Бұл сенімнің лакмус қағазы. Егер ортақ суды бөлісе алмасақ, не бөлісеміз?»

Оған қосымша шекара мәселелері де бар. Қырғыз-Тәжік шекарасында оқ атылып жатады, Өзбекстан кей кезде көршімен логистиканы жауып тастайды, Қазақстан мен Қырғызстан арасында кеденде сағаттап тұру үйреншікті нәрсе.

Жеке-жеке әркімнің жағдайы әлсіз

Құлекеевтің сөзінен ұққанымыз, ол интеграцияны сән үшін емес, өмірлік қажеттілік ретінде көреді. Қазір әлемде геосаяси қысым күшейіп тұр. Ресей, Қытай, Түркия, ЕО, АҚШ – бәрінің Орталық Азияда өз ойыны бар. Осы тұста бес ел бірікпесе, әрқайсысы жеке-жеке қысымға түсуі мүмкін.

«Аймақтық бөлшектенушілік – бізді әлсіретеді. Егер біз бір блок ретінде сөйлесек, даусымыз жетеді. Жеке-жеке әркімнің жағдайы әлсіз. Орталық Азия сыртқы саясатта толыққанды ойыншы болу үшін бірлік керек», дейді Құлекеев.

Көшті кім бастайды?

Зерттеудің басты түйіні – аймақтың дамуы тежеліп тұр, себебі елдер арасында даму деңгейі әртүрлі, саяси жүйелер әлсіз, ал сенім деген ұғым әлі де сирек қонақ.

«Кейбір мемлекеттер әлі өтпелі кезеңнен шыға алмай жатыр. Реформа басталған, бірақ аяқталмаған. Институттар бар, бірақ жұмыс істемейді. Ал кейбір елдерде демократиялық құрылымдар мүлде жоқ. Ондай жағдайда интеграция туралы сөз қозғау – артық әңгіме», дейді зерттеушілер.

Орталық Азия біріксін десек, біреу бастамашы болуы керек. Бұл туралы экономист Жақсыбек Құлекеев ашық айтыпты:

«Аймаққа нақты көшбасшы ел керек. Бұл жай амбиция емес, бұл аймақтың аман қалуы үшін қажет. Қазақстан осы рөлді өз еркімен, жауапкершілікпен алуы тиіс. Егер бұл позицияны басқа бір күш иеленіп кетсе біз бағытымыздан адасамыз», – дейді ол.

Қазақстанның қазіргі артықшылықтары бар: саяси тұрақтылық, салыстырмалы түрде дамыған экономика, дипломатиялық бедел, көпвекторлы сыртқы саясат. Соңғы жылдары Қазақстан интеграция туралы нақты бастамалар көтеріп жүр: кеден рәсімдерін жеңілдету, теміржол байланысын күшейту, су ресурстарын бірге басқару сияқты ұсыныстар бар.

Ал енді не істеу керек? Зерттеу соңында Құлекеев үш түрлі сценарий ұсынады:
    1.    Баяу инерция. Әр ел өз бетінше кетеді. Ешқандай нақты интеграция болмайды. Сыртқы ойыншылар аймақты кезекпен ықпалға алады.
    2.    Бәсекелі жарыс. Елдер арасында бәсеке күшейеді. Кикілжің артады. Ресурстар үшін талас күшейеді.
    3.    Жүйелі бірігу. Қазақстан бастаған интеграция іске асады. Аймақтық платформа құрылады. Ортақ мүдде қалыптасады. Экономика мен қауіпсіздік бірігеді.

«Бірігу – таңдау емес, міндет. Егер біз бірікпесек, бізді біріктіреді. Бірақ ол біз ойлағандай болмайды. Сондықтан өз болашағымызды өзіміз қалыптастыруымыз керек», – дейді профессор.

Барлық жаңалық