Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы жыл сайын қайталанады. Жүйелі мәселе мұнай өндіруші ел үшін парадокс. Ozgeris.info тілшісі жанармай тапшылығын шешуге бағытталған ұсыныстарды саралап, негізгі мәселелерді анықтап көрді.
Мәселенің мәні неде?
Қазақстанда жұмыс істеп тұрған үш ірі мұнай өңдеу зауыты елдің ішкі сұранысын толық жаба алмай отыр. Егін егу немесе жинау маусымында бұл зауыттардың жоспарлы жөндеуге жабылуы жағдайды қиындата түсуде. Мұндай жағдайда балама ретінде елдегі 30-дан астам шағын мұнай өңдеу зауытының әлеуетін пайдалану ұсынылып отыр. Олардың жылдық өңдеу қуаты шамамен 7 млн тоннаға жетеді.
Депутаттардың айтуынша, аталмыш зауыттар бірнеше жүйелі кедергілерге тап болып отыр.
1. Шикізатқа қол жеткізу қиындығы
Шағын мұнай өңдеу зауыттары шикізаттың қажетті көлеміне кепілдік ала алмай, олардың дамуы мен жаңғыртуына кедергі келтіруде. Себебі, мұнай өндіруші компанияларға мұнайды қазақстандық бағамен ішкі нарыққа жеткізуден гөрі, халықаралық котировкалар бойынша экспорттау әлдеқайда тиімді. Ал Энергетика министрлігі шағын зауыттардың алдына жеңіл мұнай өнімдерінің шығым сапасын 45 пайызға дейін арттыру міндетін қойып отыр. Бұл қымбат жабдықтарды сатып алуға және айтарлықтай инвестицияларды қажет етеді. Өз алдына бұл, шикізатты тұрақты жеткізусіз және қол жетімді қаржыландыру көздерінсіз мүмкін емес.
2. Экспорттық шектеулер
Қазір орын алып отырған, нафта, кеме және пеш отынының экспортына шектеулер, шағын зауыттардың қаржылық тұрақтылығына және жалпы ел экономикасына кері әсерін тигізуде. Мәселен, нафта экспорты, кезінде ай сайын тек экспорттық баж есебінен 600 млн теңге бюджетке қаржы түсірген. Айта кетсек, көршілес мемлекеттер нафтаны ешқандай шектеусіз экспорттап, пайдасын көріп отыр.
3. Әлеуметтік маңызы зор
Шағын мұнай өңдеу зауыттарының әлеуметтік-экономикасына келсек, аймақтарды отынмен қамтамасыз етуде және жұмыс орындарын құруда маңызды рөл ойнайды. Олардың әрқайсысында 80-нен 130-ға дейін адам жұмыс істейді. Оған қоса, олардың қызметіне өрт сөндіру деполары, қауіпсіздік агенттіктері, азық-түлік, қосалқы бөлшектер және басқа материалдар жеткізушілері қатысып, қосымша жұмыс орындарын ашып жергілікті кәсіпкерлердің дамуына өз ықпалын тигізеді.
Мұнай өңдеу көлемінің артқанына қарамастан, елімізде жанар-жағармай тапшылығы өзекті мәселе екенін сарапшылар үнемі айтып келеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында елдегі мұнай өңдеу зауыттары 16,7 млн тонна мұнай өңдеген. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға артық. Бензин өндірісі 1,1%-ға өсіп, 4,88 млн тоннаға жеткен, дизель отыны — 3%-ға өсіп, 4,91 млн тоннаны құраған, ал авиациялық керосин өндірісі 18,6%-ға өсіп, 0,68 млн тоннаға жеткен.
Жоғарыдағы көрсеткіштерге қарамастан, Қазақстанда жанармай тапшылығы жойылмады. 2024–2050 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай бензин тапшылығы 1,7 млн тонна, ал дизель отынының тапшылығы 2–4 млн тонна көлемінде болады деп күтілуде.
Жанар-жағармай тапшылығының негізгі себептері:
- Баға айырмашылығы:
- Тұтыну көлемінің өсуі:
- Өндірістік қуаттың жетіспеушілігі:
- Шикі мұнайдың экспорты:
Өндірілген мұнайдың едәуір бөлігі шетелге экспортталып, ішкі өңдеуге жеткізілетін көлем азайып отыр.
- Жабдықтардың тозуы және жаңғырту қажеттілігі:
Көптеген мұнай өңдеу зауыттарына тиімділікті арттырып, өңдеу көлемін көбейту үшін жаңа технологиялық жабдық қажет.
Жанар-жағармай тапшылығын шешу үшін елде бірқатар шаралар қарастырылуда. Атап айтқанда, қолданыстағы зауыттарды жаңғырту, жаңа өңдеу қуаттарын салу және мұнай өңдеу саласына инвестиция тарту. Сонымен қатар, ішкі нарықты қажетті жанармай көлемімен қамтамасыз ету үшін мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортына квота енгізу мүмкіндігі де талқылануда.
Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев бастаған топ Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, шағын мұнай өңдеу зауыттарын қолдауға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты.
- Нафта, кеме және пеш отынына қатысты экспорттық шектеулерді алып тастау — бірақ бұл мемлекеттік бақылаумен қатар жүруі тиіс.
- Жаңа технологиялық жабдық алуға арналған мемлекеттік қаржыландыру бағдарламасын әзірлеу.
- Мұнай жеткізу кестесін әділ әрі ашық құру үшін бизнес өкілдерінің қатысуымен жаңа тетік жасау.
- Шағын мұнай өңдеу зауыттарын 2024–2050 жылдарға арналған салалық даму тұжырымдамасына енгізу.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру