Қазақстанның мемлекеттік бюджетін қалыптастыруда негізгі түсімдер корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығынан түседі. Бүгінгі күні ҚҚС салығын елдегі барлық кәсіпорындардың 4 пайызы төлеп отыр. Ол жалпы бюджет түсімінің 42 пайызын құрайды. 2024 жылы осы екі салық түсімдеріне қатысты мәселе туындаған.
КТС түсімдері 5,2 трлн теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға өсті. Бұл соңғы бес жылдағы ең нашар оң динамика болып саналады. Себебі тіпті COVID-19 пандемиясы кезінде де – 2020 жылы бұл сома 3,5%-ға артқан еді. ҚҚС бойынша түсімдер әлдеқайда төмендеді: түсімдер 5,1 трлн теңгеге дейін кеміп, 8,7%-ға азайды.
Жалпы ҚҚС өсімі жайлы 2023 жылдан бері айтылып келеді. Алайда алдыңғы жылдары сұрақ ашық күйінде қалып, биыл бұл сұрақ қайта күн тәртібіне шықты. Басында 20 пайызға өсіру ұсынылған. Кейін көптеген талқылаулардан кейін, тіпті ел басшысы ескерту жасаған соң, бұл мөлшер 16 пайызға түсті.
«Салықты көтеру сұрағы талқыланғанда, ол ертең бюджетке қанша түсім алып келеді деген басты сұраққа жауап беруі тиіс. Мәселені жан-жақты зерттеу керек. Біздің қазіргі жұмыс істеп тұрған салық реформамыз әділетсіз. Біз кәсіпкерлерге көлеңкелі жағына өтуге барлық мүмкіндікті қолдарына беріп қойдық. Олардың арасында бөлшектеніп, оңтайландыру арқылы салықты төлемей келетіндер бар», — дейді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
ҚҚС (НДС) түсімдерінің 16%-ға өсуі экономиканың және қоғамның дамуына оң серпін беруі мүмкін. Ең алдымен бюджет кірістерінің артуына алып келеді. Сарапшылар ҚҚС өсімінің арқасында әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру артады деген болжам айтты. Одан бөлек түскен қосымша ақша инфрақұрылымды және бизнестің дамуына жұмсалады.
«Болжам бойынша, салық мөлшері артқан кезде, ҚҚС төлейтін кәсіпкерлерден түсетін қосымша қаражат 2,8-3 трлн теңгеге жетеді. Ал ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге төмендету арқылы бюджетке 200-300 млрд теңге қосымша табыс түседі», — деп болжады Райымбек Баталов Парламент Сенатының подкастында.
2023-2024 жылдары ҚҚС (НДС) түсімдерінің өсуі әлеуметтік маңызы зор салаларға, соның ішінде білім беру және денсаулық сақтауға бөлінген бюджет қаражатының айтарлықтай өсуіне ықпал еткен. Мұндай өзгерістерді Қаржы министрлігінің ресми деректері растайды.


Бюджет тапшылығы ҚҚС өсіміне алып келді дейді мамандар. Сәйкесінше, тиісті заң қабылданса, бюджет тапшылығы жойылады деген болжам бар. Сонымен қатар ҚҚС өсімінің нәтижесінде көлеңкелі экономикамен күрес күшейеді. Яғни салықтан жалтару схемалары азайып, бизнес қызметі заңдастырылады дейді мамандар. Салықтық реформа инвестициялық климаттың жақсаруына әкеледі. Бұл өз кезегінде, халықаралық серіктестердің сенімін арттырады. Салық түсімдерінің тұрақты өсуі мемлекеттік басқарудың тиімділігін және қаржы жүйесінің ашықтығын көрсетеді.
«Атамекен» төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, салық реформасы ең алдымен ірі және орта кәсіп иелерінің дамуына жағдай жасайды.
«Бұл біздің басты мақсатымыз. Ел үшін қарапайым салық кодексі керек. Ел басшысының өзі осыған тоқталған. Мемлекет үшін кез келген кәсіптің дамуы маңызды. Соңғы жылдары кәсіптің бөлшектеніп кету жағдайы көбейіп барады. Яғни заңды түрде кейбір жолдарды айналып өту тәжірибесі бар. Ал қазіргі енгізіліп жатқан салық реформасы барлық кәсіп түріне бірдей құқық беруді көздейді. Заң барлығына бірдей болады. Сондықтан көлеңкелі бизнесті жоюға мүмкіндік туады», — деп пікір білдірді.
Белгілі экономист Алмас Чукин қазіргі қаралып жатқан салық реформасы елге ауадай қажет екенін атап өтті.
«16 пайыз бұл нағыз алтын ортасы. Нақты қандай нәтижеге қол жеткізетініміз келесі жылы белгілі болады. Дегенмен қандай өсім болмасын, ел экономикасына көмектеседі. Жалпы елде реформалардың басталғаны өте қуантады. Еліміз өсіп жатыр, уақыт өзгеріп жатыр, біздің мемлекетіміздің мүмкіндігі зор, бай. Соған қарамастан тиімділігі аз екенін көріп отырмыз. Сондықтан осы уақыт аралығында бірқатар қиындықтарға тап болдық. Енді осы қиындықтарды еңсеретін уақыт келді. Екіншіден, әлеуметтік төлемдердің мөлшерін емес, керек емес төлемдерді қысқарту арқылы да бюджет тапшылығын шеше аламыз. Елімізде әлеуметтік төлемге мұқтаж емес жандар да ақша алып отыр. Бұл мемлекет шығындарын үнемдеуге әкеледі», — деді Алмас Чукин.
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа бюджеттік салық реформасы керек деп түйіндеді. Айтуынша, оның не үшін жасалып жатқанын ескеру керек.
«Салық реформасы халықтың ақшасын сырып алу емес, бұл елдің дамуына арналған ұзақмерзімді жобаларды қолға алуға, стратегиялық маңызы бар экономикалық жобаларды қаржыландыруға және бюджеттің дамуына арналған қадам. Одан бөлек мемлекет өзіне жүктелген әлеуметтік міндеттемелерін дұрыс іске асыруы үшін де керек», — деді ол.
ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі елге керегі анық. Алайда шекті нормасы әлі де талқыланатын мәселе дейді сарапшылар.
«Тағы бір қосатын маңызды бөлігі, ҚҚС өссе, мемлекет кәсіпкерлерге қолдауын жалғастыруы керек. Мысалы жемқорлық пен әкімшілік тексерістер белгілі бір кәсіп түрінің тез дамып, салық төлеуіне кедергі жасайды. Бұл тәжірибеде жиі кездесетін мәселе. Осы сұрақты жаңа салық кодексіне енгізуді ұсынамын. Жергілікті әкімдер мен шенеуніктердің кедергі жасау тәжірибесін жою арқылы кәсіптің дамуын, оның ертерек салық төлеп, бюджетке қаражат төлеуін қамтамасыз етеміз», — деп қосты Райымбек Баталов.
Сөз соңында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ұлттық қорды толтыратын уақыт келгенін айтты.
«Ұлттық қор елді көп тығырықтан құтқарды. Енді оны толтыратын уақыт келді. Ол өзінің жинақтау функциясын орындауы керек. Экономика ешқашан тұрақты болмаған, болмайды да. Әлем экономикасы құбылмалы. Қор бізге әлі керек болады. Одан бөлек жаңа салықтық реформа арқылы мұнай түсімдері мен мемлекеттік бюджетті бөліп қарастыра аламыз. Тағы да айта кететіні, мемлекет өзінің әлеуметтік бағытын сақтап қалады. Халық туған елін басқалармен салыстырғанды жақсы көреді. Өзге елде басқаша, салық төмен деп жиі шағымданады. Алайда мемлекет халық үшін қандай жағдай жасап жатқанын олар түсінбейді. Қазақстан өз халқының әр қадамын ойлайды, түрлі жәрдемақылар мен төлемдер жасап қойған. Скандинавия елдерін мысалыға алсақ, олардың қолданатын моделі – дамыған әлеуметтік-экономикалық ел құру. Ал біз осы жолда келе жатырмыз. Бір күні бұл әлемнің барлық елдері үшін бағдар болады. Нәтижесінде не аламыз деген сұраққа жауап берсек, біріктірілген және тұрақты мемлекеттік бюджет, нақты секторға сауатты инвестиция салу, бұл өз кезегінде аталмыш секторды қаржыландыруға да мүмкіндік береді. Нәтижесінде азаматтардың мемлекетке деген сенімі артады, бұл мемлекеттің дамуының негізі болып табылады», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру