Дүниежүзілік банк Қазақстан халқының әл-ауқатын, нақтырақ айтсақ кедейлік деңгейін анықтады. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде кедейлік көрсеткіші азайып келеді екен. Мысалы 2006 жылы бұл көрсеткіш 49,5% болған. Үкімет бүгінгі таңда кедейлікті 5%-ға дейін төмендете білген. Бұл үлкен жетістік сияқты көрінеді, әрине. Алайда кедейлікті өлшеу мен нақты сандарды сөйлетсек басқаша реалийді көреміз.
Ozgeris.info тілшісі экономист мамандардың пікіріне сүйеніп, зерттеу жасады.
Қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі шындыққа жанасады ма? Белгілі қаржы сарапшысы Алмас Чукин жоғарыдағы зерттеумен келіспейтінін дәлел келтіре отырып жеткізді. Айтуынша, кедейлік деңгейін анықтамас бұрын, кедейлер қатарына кімдер кіретінін анықтаған дұрыс.
Қазақстанда кедейлік деңгейін анықтау үшін Ұлттық статистика бюросы ең төменгі күнкөріс деңгейін пайдаланады. 2025 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңгені құрады. Бұл шамамен 90 доллар. БҰҰ стандарттарымен есептесек, күніне 2 доллардан аз табыс табатындар кедейліктің шегіне жеткендер. Әрине, Африкада 2 долларға өмір сүруге болады, өйткені ол жақтың климаты жағымды, азық-түлік арзан, лашық үшін коммуналдық төлеудің қажеттілігі жоқ. Ал Қазақстанда жағдай әлдеқайда күрделі. Коммуналдық қызметтер шарықтады, көлік шығындары мен азық-түлік алу керек, қыстың аязына төзетін киім алу қажеттіліктері бар. Сондықтан 50 000 теңгенің жететіні үлкен күмән тудырады. Бұл ретте кедейлікті өлшеу әдісін қайта қарайтын уақыт келген сияқты.
Экономистің пікірінше, кедейлік деңгейін есептеу кезінде жан басына шаққандағы табыс және отбасы құрамы маңызды рөл атқарады.
«Егер 300 000 теңге табыс табатын ер адам жалғыз өзі тұратын болса, ол орта тапқа жатады. Егер ол үйленіп, әйелі жұмыс істемесе, жан басына шаққанда табысы 150 000 теңгеге дейін төмендейді. Сәйкесінше, олар орта таптың төменгі бөлігіне өтеді. Екі баланы дүниеге әкелген соң олар тіпті кедей тапқа айналады, себебі әрқайсына 75 000 теңгеден келеді», — дейді экономист.
Сарапшының айтуынша, өңірлік айырмашылықтар да маңызды рөл атқарады. Әртүрлі облыстарда жалақы деңгейі айтарлықтай өзгеше. Мысалы, оңтүстік аймақтарда бала саны көп, жалақы төмен, жұмыссыздық жоғары. Бірақ ол жақта өмір сүру арзан, сондай-ақ ауылдық жерлерде тұрғындар көбінесе ауыл шаруашылығын табыс көзіне айналдырған.
«Негізі орта таптың үлесі өсіп жатыр, бірақ оның жоғарғы бөлігі азайып, төменгі бөлігі артып келеді. Мемлекет әлеуметтік көмекті барлығына емес, нақты мұқтаж жандарға бағыттауы тиіс. Әсіресе, балаларға қолдау көрсету маңызды. Салық реформасы аясында бала тәрбиелеп отырған отбасыларға жеңілдіктер қарастырылуы керек, себебі олар өз еркімен үлкен қаржылық жауапкершілік алады», — деп кеңес берді маман.
Ел үшін бес маңызды қауіп-қатер
CFO Summit барысында экономист Алмас Чукин ел үшін бес маңызды қауіп-қатерді атады.
Біріншісі 2030-2035 жылдардан басталатын мұнай дәуірінің аяқталуы. Экономистің айтуынша, бұл кезеңде кірістің айтарлықтай төмендеуі күтіледі.
Екіншісі – халық санының әр төрт жыл сайын 1 миллион адамға көбеюі.
Үшіншісі – геологиялық тұрғыда белгілі ресурстардың азаюы және жаңаларын ашу қарқынының төмендігі. Қолданыстағы база – кеңес дәуірінен қалған.
«Қазір барлау жұмыстары басталды, процесс алға жылжыды, бірақ әлі де үлкен, бірегей «Қашағандар» табылған жоқ», – деп атап өтті спикер.
Төртіншісі – бар инфрақұрылымның әлсіздігі, оны дамыту және қолдау қажеттілігі.
Бесіншісі – ауыл шаруашылығында бар әлеуетті игерудегі күрделі жағдай.
Елде жыл сайын 400 мың бала дүниеге келеді, ал елдегі ірі төрт қала халық тығыздығына төтеп бере алмай жатыр. Бұл үлкен проблема. Сарапшының айтуынша, елге жаңа қалалар салу қажет, себебі халық көп қалаларда қымбатшылық қысып барады, ал жастардың баспана алуға мүмкіндігі жоқ.
«Еліміздегі кедейліктің бет-бейнесі өзгерді. Бұрын бұл зейнетақысы мардымсыз қарттар болса, қазір негізінен жас отбасылар мен олардың балалары. Олардың табысы барлық қажеттіліктерін өтеуге жетпейді», – деп түсіндірді Алмас Чукин.
Осыған байланысты сарапшы ел ішінде және әлемге арналған үлкен арман (Grand Vision) қалыптастыруды, содан кейін ғана ресурстарды есептеп, нақты қадамдарды айқындауды ұсынды. Қазіргі таңда елде алдымен қаулы қабылданып, кейін шара жүзеге асырылады, жауапты тұлға бекітіліп, қаржы көзі іздестіріледі, бюджеттен ақша бөлінеді. Спикердің пікірінше, мұндай тәсілмен ел алысқа бара алмайды.
Оның ойынша, Қазақстан алдымен қай бағытқа бет алатынын, қандай реформалар қажет екенін нақты анықтауы керек. Сондай-ақ, экономикалық модельді таңдау да маңызды. Ол дәстүрлі, нарықтық, командалық немесе аралас үлгі болуы мүмкін.
Алмас Чукин еркін нарықтық модельді қолданатын Гонконг, Сингапур, АҚШ, Швейцария елдерін мысал ретінде келтірді. Алайда дамыған елдердің басым бөлігі, әсіресе Еуропа елдері, мықты мемлекеттік, қаржылық және реттеуші секторлары бар аралас модельді қолданады.
«Біз өте ауқымды мемлекеттік жүйе құрдық. Мұнда «Самұрық-Қазына» және үкімет экономиканың 60-70%-ына тікелей әсер етеді. Оны осылай жекешелендіру, меніңше, тиімсіз. «Қазақстан темір жолы» немесе «Қазпоштаның» 10-20%-ын сатудан айтарлықтай нәтиже шықпайды. IPO үшін IPO жасау тиімсіз. Бұған көзіміз жетті», – деді спикер.
Ол елдің үш негізгі кезеңнен өткенін де еске салды.
Біріншісі, 1990-жылдардағы күйреу кезеңі, онда мәжбүрлі әрі қажетті реформалар жүргізілді.
Екіншісі, 2004 жылы мұнайдан түскен қыруар кіріс ел экономикасын мемлекеттің басымдығымен дамытуды таңдауға итермеледі. Бұл кезеңде мәселелер қаржылай қолдаумен шешілді.
Үшіншісі, 2009 жылы жүргізілген мүлде ойластырылмаған салық реформасы. Сарапшының пікірінше, ол кезде барлық салық мөлшерлемелері күрт төмендетілді.
«Егер біз салықтық базаны өзгертпесек, 2029 жылға қарай мұнайдан тыс бюджет тапшылығы 42%-ға жетуі мүмкін. Ал биыл инвестиция болмаса, 2026 жылы экономикалық өсім күтпеңіздер», – деп ескертті спикер.
Сөз соңында ол демографиялық жағдайға тағы бір мәрте тоқталып, ел экономикасы мұндай жүктемені көтере ала ма деген сұрақты қойды. Бұл сұрақтың жауабын әркім өзі іздеп тапқаны дұрыс.
Кедейлікпен күрес тек жәрдемақымен шектелмеуі тиіс
Қазақстан “орташа табыс тұзағына” түсіп қалғаны жиі айтылады. Бұл тұжырымдама екі негізгі мәселеге негізделген. Біріншіден, елде адам 200 доллардан аз жалақы алса, еңбекке деген ынтасы төмендейді. Себебі негізгі қажеттіліктерін өтей алады, бірақ одан әрі даму үшін мотивация жетіспейді. Яғни, аштық пен жоқшылықтан құтылғанымен, байлыққа жету мүмкіндігі жоқ. Осылайша, ел орта табыс деңгейіне көтерілген кезде арзан жұмыс күші арқылы экономиканы дамыту мүмкіндігі сарқылады. Бізде ерлердің 80%-дан астамы, әйелдердің 70%-ға жуығы жұмыс істейді, сондықтан еңбекке тартылатын жаңа резерв жоқ.
Екіншіден, экономикалық жағдайды жақсарту үшін тек көп жұмыс істеу жеткіліксіз, оны тиімді істеу қажет.
Еңбек өнімділігі – экономиканың негізгі факторы. Кәсіпорындар жалақыны көтере алмайды, өйткені әлемдік нарық пен баға бар. Сондықтан жұмысшылардың жалақысын өсіру үшін олардың саны азайып, жұмысты автоматтандыру керек.
«Мысалы бұрын 100 адам атқарған жұмысты 70 адамға бөліп берсе, қалған 30 адамның еңбекақысын үнемдеу мүмкіндігі артып, жалақыны көтеруге мүмкіндік туады», — дейді маман.
Алайда, еңбек өнімділігі өздігінен артпайды. Жаңа технологиялар мен жабдықтарға инвестиция қажет. Ал оған капитал мен несие керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда инвестиция көлемі жеткіліксіз, сондықтан соңғы жылдары еңбек өнімділігінің өсімі тоқтап қалды.
Сарапшының сөзінше, мемлекеттік аппараттың сапасы мен жалақысы да мәз емес. Экономика министрлігінің сайтындағы бос жұмыс орындарына мән берсек, 16 орын бос тұр екен. Оның ішінде ең жоғары лауазым – С4 деңгейіндегі бас маман, жалақысы 264 000 теңге. Байқау нәтижелері көңіл көншітпейді, бұл жалақыға өтініш берген ешкім жоқ. Яғни, мемлекеттік басқаруда маман тапшылығы артып келеді. Себебі бұл жалақы отбасылы адамға жетпейді, нәтижесінде ол кедей таптың қатарына кіреді. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі тұрғын үй мен басқа да қажеттіліктерді қамтымайтынын ескерсек, бұл тек тамақ ішуге ғана жетеді. Салыстырмалы түрде HeadHunter сайтындағы мопед жүргізушілеріне деген сұранысты алайық. Олар 600-700 мың теңге жалақы төлеуге дайын.
Кедейлікпен күрестің қарапайым жолы бар дейді сарапшы. Бұл әдіс мемлекеттің жәрдемақысы мен субсидиялары емес. Өйткені біздің бюджет шектеулі. Ел тарихына көз жүгіртсек, негізгі фактор экономиканың сапалы дамуы мен еңбек өнімділігінің артуы екені айқын.
2006-2013 жылдар аралығындағы қарқынды өсім кезінде кедейлік 49%-дан 11%-ға дейін төмендеген. Ал 2014-2016 жылдардағы девальвация мен дағдарыс салдарынан кедейлік қайта өсті. 2017 жылдан бастап экономика баяу өсіп, кедейлік біртіндеп азайып келеді.
Кедейлер қатарына жас отбасылар мен балалар қосылды
Бүгінгі таңда еліміз мұқтаж жандар мен балаларға триллионға жуық қаражат бөледі. Жаңа салықтық реформалар арқылы бұл қаражатты 1,5 триллионға дейін арттыруға болады. Дегенмен, жүйелі мәселелер бұл әдіспен шешілмейді.
«Ақшаны оңды-соңды шашу кейде масылдыққа әкелуі мүмкін, сондықтан әлеуметтік көмек нақты мұқтаж адамдарға бағытталуы керек. Көмекке шынымен қажетті жандарды ұмытпай, зейнеткерлерді де қолдау қажет», — дейді Алмас Чукин.
Салық реформасын ретке келтірген соң, елімізге ауқымды экономикалық реформалар қажет дейді маман. Кері жағдайда Қазақстан сол күйі орташа табыс тұзағынан шыға алмай қалуы ықтимал.
«Қазақстан экономикасында тоқырау байқалады. Бізге оны қайта жандандыру маңызды. Әйтпесе, әзірге біз тек инфляцияны жылдамдатудың жолдарын ғана меңгердік. Енді экономиканы қалай дұрыс дамыту керектігін үйренуіміз керек», — деді Алмас Чукин.
Экономист кедейліктен шығудың әдістерін анықтап, нақты ұсыныстар беріп отырғанда, Үкімет өзінің «жұбаныш» болжамдарын жасауын жалғастыруда. 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сүйенсек, 2029 жылы Қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 573 мың теңгеден асады делінген.
Сәйкесінше:
- 2025 жылы – 431,6 мың теңге;
- 2026 жылы – 466,9 мың теңге;
- 2027 жылы – 500,7 мың теңге;
- 2028 жылы – 536,3 мың теңге;
- 2029 жылы – 573,7 мың теңге.
Қазақстанда орташа айлық жалақы жалған ба?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда айлық жалақысының орташа мәні 10,5%-ға өсті, нақты жалақы индексі 101,8% құрады. Өткен тоқсанымен салыстырғанда айлық жалақысының орташа мәні 11,4%-ға жоғарылады, нақты жалақы индексі 108,9% құрады. Өңірлік бөліністе 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2024 жылдың IV тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Алматы және Шымкент қалаларында – 13,6%-ға, Қарағанды облысында – 13,2%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында – 12,9%-ға және Ақтөбе облысында – 12,6%-ды құрады.
2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсуі ақпарат және байланыста – 32,8 есе, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 22,7%-ға, өнер, ойын-сауық және демалыс – 20,6%-ға, салаларында байқалды. Өнеркәсіпте орташа айлық жалақы – 14,3%-ға өсті, оның ішінде сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызмет саласында – 23,1%-ға, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау саласында – 18,8%-ға.
2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең төменгі өсуі, білім беру салаларында – 5%-ға, мемлекеттік басқару және қорғаныс; міндетті әлеуметтік қамсыздандыру – 3,4%-ға және әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында– 3,1%-ға, байқалды.
Салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметі – 2,2 есе, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда– 2,1 есе, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметінде – тиісінше 1,6 есе жоғары болып тіркелді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, орташа жалақы немесе арифметикалық орташа жалақы мөлшері — барлық жалақыны қосып, бақыланатын адамдар санына бөлген кезде шығатын шама. Медианалық жалақы — бұл ортасындағы шама. Ал орташа жалақы көрсеткіші ел өңіріндегі ең жоғары жалақы алатындар мен елдің ең төменгі жалақы алатын аймағындағы көрсеткіштерді алып, жалпы еңбекке қабілетті адамдарға шағады.
Қазір орташа атаулы жалақы 434 982 теңгені құрайды. Ал медианалық көрсеткіш 308 717 теңгеге өскен.
Есептеу тәсілдері:
Арфиметикалық орташа: Барлық жұмысшылардың жалақылары қосылып, олардың санына бөлінеді. Мысалы, егер бес адам 1000, 2000, 3000, 4000 және 5000 доллар тапса, орташа жалақы (1000 + 2000 + 3000 + 4000 + 5000) / 5 = 3000 доллар болады.
Медиандық жалақы: Бұл жалақыны бір қатарға қойып, ортасындағы мәнді таңдау. Медиана орташа жалақыны көрсетуден гөрі, нақты табысты әділірек көрсетеді, себебі өте жоғары немесе өте төмен жалақы орташа көрсеткішті бұрмалай алады. Медиана есептеу үшін барлық жалақыларды өсу ретімен тізіп, дәл ортасындағы мән алынады.
Салмақталған орташа: Кейбір жағдайларда, әртүрлі салалардағы немесе секторлардағы жұмысшылар саны әртүрлі болады. Бұл әдіс орташа жалақыны есептегенде әр сектордың үлес салмағын ескереді.
Жалпы бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеудің өз әдістемесі бар. Оны халықаралық талаптарға сай Т-1 формасы деп атайды. Орташа жалақыны шығаруда статистика мамандары халық шаруашылығындағы кәсіпорындардың және түрлі салалар бойынша заңды тұлғалардың еңбекақы төлемдері, қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты табысты ескереді.
Ұлттық статистика бюросы департаментінің бас сарапшысы Алмагүл Сәметова «Sputnik» агенттігіне берген сұхбатында Қазақстандағы әдіс барлық елдерге ортақ екенін айтқан.
«Елімізде айлық табысы көбірек және аздау жалақы алатындар бар. Солардың айлығын қосамыз. Шыққан жалақы қорын айлық алатын адамдардың санына бөлеміз. Сол кезде осындай сандар шығады. Мұндай әдісті көптеген ел қоланады. Мұны ортақ тәсіл деуге болады»,- деген еді берген жауабында.
Мұндай әдіс көптеген елде кеңінен қолданылады. Бірақ солардың дені дамыған елдер. Көшті алпауыттар бастайды. Ал Қазақстан сынды әлеуметтік теңсіздік белең алған елде бұл әдісті қолдану халықтың шынайы тұрмысын көрсетуге кедергі келтіріп отыр.
Сарапшылардың айтуынша, халықтың басым бөлігі өндірісі дамымай жатқан аймақтарда тұрады. Негізінен ауылшаруашылықпен айналысатын өңірлердегі халықта жалақы төмен. Ең төменгі айлық табыс мал, егін, балық, көкөніс шаруашылығында еңбектенетін шаруаларға тиеселі. Мұндай аймақтарда халықтың 50 пайыздан астамы өмір сүреді. Ал керісінше орташа жалақының көрсеткіші химия өнеркәсібі, мұнай-газ секторында ауыр өнеркәсіппен айналысатын аймақтарға тән. Одан бөлек ірі мегополистердегі квазимемлекеттік сектор, банк және сақтандыру саласында істейтін мамандар жоғары айлық алады.
Табысы ең жоғары өңірлердің тізіміне, әдеттегідей мұнай-газ өндірісі қарқынды дамып жатқан Маңғыстау және Атырау облыстары кірген. Ал Солтүстік Қазақстан тұрғындары ең аз жалақы алатын болып шықты.
Бұдан бөлек статистика бюросында басқа да көрсеткіш бар. Ол медианалық жалақы деп аталады. Яғни, қоғамды бай және кедей деп екі тапқа бөліп қарастыратын көрсеткіш. Бұл есеп бойынша медианалық жалақы – 308 717 теңгені құрайды. Қандай болғанда да, осы көрсеткіш шындыққа жақын сияқты. Алайда экономист келтірген дәлелдерге сүйенсек, шынайы реалийді көрсетпейді.
Статистикаға қарасақ жұмысшылардың айлық табысы анағұрлым өскен. Алайда бұқара бұл сандарға сенбейді. Экономист Алмас Чукин жоғарыда халықтың күмәнін растады. Мысалы Үкімет басшылығының жалақысы елдегі орташа жалақыдан 6 есе жоғары. Ұлттық статистикабюросының мәліметінше, Үкімет басшысы мен оның орынбасарлары орта есеппен 2 460 301 теңге жалақы алады.
Премьер-министр кеңесінің басшысы мен оның орынбасарларының да табысы жоғары. Былтыр олар бюджеттен орта есеппен 1 880 600 теңге алған.
ПІКІР ЖАЗУ