Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Алматы тау кластерін кешенді түрде дамыту жоспары барын мәлімдеді. Бұл жоба қазіргі бар курорттарды кеңейтіп, жаңа туристік аймақтарды құруды көздейді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
«Алматының таулары — еліміздің баға жетпес байлығы. Мұндай әсем табиғат пен сапалы қар өте сирек кездеседі. Сондықтан бұл әлеуетті толық пайдалану — біздің міндетіміз. Қазіргі таңда тек Шымбұлақ заманауи инфрақұрылымға ие, бірақ ол трассалардың қысқалығына байланысты туристерді көптеп қабылдай алмайды», — деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, жаңа бағдарлама Талғар бағытынан басталады. Оған Ой-Қарағай, Бутаковка, Пионер шатқалы, Кімасар кіреді. Шымбұлақ одан әрі дамып, жобалар Қаскелең жағына қарай жалғасады.
Жоспар бойынша жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, аспалы жолдар, демалыс орындары мен туристерге қызмет көрсететін инфрақұрылым салынады.
Биылдың өзінде Көк-Жайлау шатқалында жаңа тау шаңғысы кешенінің құрылысы басталады. Жоба барынша ашық әрі экологиялық талаптарға сай жүзеге асырылады.