Елімізде блогерлік кәсіп қарқынды дамып, шарықтау шегіне жетті. Бүгінде 100 мыңнан астам жазылушысы бар блогердің сөзі халыққа ғана емес, тіпті билікке де өтетін уақыт қалыптасты. Әлеуметтік желіде танымалдылыққа ие болған белгілі блогерлер мен контент жасаушылар қоғам үшін маңызды роль атқарады. Себебі дәл осы «блогерлердің» сөзін сөйлеп, пікірін тыңдайтын халықты соңынан ертіп жүре алатын күшке ие болған.
Әлеуметтік желілердің арасында ең табысты, әрі ең танымалдарының бірі инстаграм екені даусыз. 2010 жылдың 6 қазанында әлем өзін алғаш рет инстаграм көзімен көре бастады. Содан бері 15 жыл өтіп, диджитал әлемінде ерекше орын алған осы бағдарламаның өзектілігі артып келеді. Күн сайын 500 млн адам 15 секундтық қысқа видеолар түсіреді.
Instagram қазіргі уақытта ең маңызды әрі ең танымал жарнама алаңына айналғанын байқап отырмыз. Көзін тапқан адамға тиімді бизнес орта екені блогерлердің «люкс» өмірінен көрінеді. Осы мүмкіндікті қазақстандық блогерлер де жіберген жоқ. «Атың шықпаса жер өрте» дегендей, күн санап әлеуметтік желіні табыс көзіне айналдырған блогерлердің саны артып келеді.
Мысалы 2023 жылы ресми тіркелген блогерлер саны 400-ден асқан. Олар 200 миллион теңгеден астам салық төлегені туралы ақпарат бар. 2024 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 745 блогерге жетіп, олар 1,2 миллиард теңгеден астам салық төлепті.
Жақында Мемлекеттік кірістер комитеті 600-ге жуық блогердің жалпы сомасы 53,3 миллиард теңге болатын табыстарын төмендетіп көрсеткенін анықтады. Бұл блогерлерге табыстарын қайта декларациялау және салық төлеу міндеттелді.
Инфосығандар қаптады
Миллиондаған аудиториясы бар блогерлер бүгінде ешқандай құндылығы жоқ, бос курстар мен тренингтерді сатуды трендке айналдырған. Инфосығандар үшін бұл сала «алтын кен» орнына айналды. Оңай табыс көзіне қызыққандардың ішінде тіпті танымал актерлер мен спортшылар да бар. Жуырда ғана ажырасқан Әсел Сәдуақасова әйелдерге бақытты қарым-қатынастың қыр-сырын үйрететін курстар сатып жүр. Халықтың ақшасын оңды-соңды шашып жүрген Дархан Жолжыбеков та «ауа» сатып байлыққа кенелді. Ал Жәния Джуринская үйлесім мен жетістікке жеткізетін трансформациялық ойынды белсенді түрде жарнамалайды. Волейболшы Сәбина Алтынбекованың курстары айналасындағы дау әлі халықтың есінде.
Көзбояушылық пен “бай өмірді” трендке айналдырып, жылтыраған киім киіп, жылтырақ жерлерге барып, “сіздер де мен сияқты бола аласыздар” дейтін блогерлерді әшкере етуді мақсат еткен халық жанашырлары да жоқ емес. Олар халықтың алданып, аталмыш блогерлердің тұзағына түсіп қалмауы үшін барын салып жатыр.
Ozgeris.info тілшісі «инфосыған» блогерлердің тізімін жазап шықты.
Инфосығандармен күресіп жүрген белсенді Индира Ганди өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көптеген белгілі есімдердің былығын әшкере етеді. Оның айтуынша, алданып қарызға кіріп кеткен халықтың қарасы көп, және олармен қоғам болып күресу маңызды.
«Инстаграмда өздерін бай әрі табысты көрсететін блогерлердің шын мәнінде түгі жоқ. Олардың не жеке кәсібі жоқ, жеткен жетістігі де жоқ. Соған қарамастан халықты алдап, табысты болуға үйретіп жүр», — деді ол.
Мысалы отбасылық жұп Ербақыт Кішкентаев және Әйгерім Кішкентаева соттың шешімімен зардап шеккендерге миллиондаған ақша өтеуі керек. Алайда соған қарамастан халықты алдауын доғарар емес.
«Біз инфосыған блогерлерден зардап шектік. Биылғы жылдың басында бұл жұп Wildberries-те сауда жасау бойынша курс жариялады. Біздің тобымызға 25 адам қатысты. Курстың бағасы 1 миллион теңге, ал тауар сатып алуға кемінде 500 мың теңге қажет еді. Олар кабинет ашу немесе сату, тауар сатып алу және толық қолдау көрсетеміз деп уәде берді. Алайда бір айдан кейін олар өз қызметкерлерінің бірі алдап кеткенін айтты. Бұл блогерлердің нұсқасы. Нәтижесінде, ақшамызды қайтармады. Біз полицияға арыз жаздық. Астанадан тергеуші келді. Бірнеше рет жауап алынды. Бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ», — делінген зардап шегушілердің хатында.
«Бұл жұп жыл басында Wildberries бойынша онлайн курстарын жарнамалаған. 25 адам Ербақыт Кішкентаевтан курс сатып алған. 1 000 000 теңгеден тұратын курс сол күйі өтпеген. Одан бөлек халық 500 000 теңге тауар алуға төлеген. Нәтижесінде тауар да жоқ, курс та жоқ. Бүгінгі таңда 13 адам сотқа арызданған», — деді Индира Ганди.
Белгілі продюссер әрі актриса Әсел Сәдуақасова да таза емес болып шықты. Белгілі болғандай, ол Ресейлік инфосыған Александра Белякованың курсын 7 миллион рубль (39 млн теңге) сатып алып алған. Кейін алған білімін қазақстандық әйелдерге 370 мың теңгеге сата бастаған. Кез-келген жағдайда Балиге аттанатын Әсел Сәдуақасова шын мәнінде нені үйретті?
«Табысқа шығудың жолын білмей жүрсеңіз, сізді қолдайтын ортаға мұқтаж болсаңыз, егер сіз шынымен өміріңізді түбегейлі өзгерткіңіз келсе, ішкі жан-дүниеңізбен гармония тапқыңыз келсе бұл курс сізге көмектеседі», — делінген курс мәтінінде.
Айта кетейік, дүркіретіп той жасаған Әсел Сәдуақасова 2023 жылы өзінен жеті жас кіші Мағжан Тілеуханға тұрмысқа шыққан еді. Арада бір жыл өтіп ажырасып кетті. Бұдан бұрын Әсел Сәдуақасова өзін жайсыз сезініп, Балиге көшуге шешім қабылдаған. Шетелде жанына жай тапқан ол арықтап, жаңа қырынан таныла бастады. Кейін Тимур Балымбетовтің подкастында сұқбат беріп, трансформация арқылы қалай өзгергенін, артық салмағын тастағанын және сүйіктісін кездестіргенін айтып халыққа ұнаған еді. Алайда қазір инфосығандар қатарынан бір-ақ шықты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Басы даудан арылмайтын Дархан Жолшыбеков те осы тізімнің ішінде. Ол өз оқырмандарына сату бойынша курс сатумен байып отыр. 29 990 теңгеге курс сатып алған халық білім емес, лотереялық билет алғанына қуанады. Себебі инфосыған халықтың ақшасын жинап алуды мақсат етеді. Ал жұбаныш сыйлау үшін алданған халыққа кішігірім сыйлық таратады.
«Алғашқы төлем жасаған 99 адам 50 мың теңдеден сыйлық алады, ал 100-ші адам 1 млн алады», — деп өз аудиториясын қызықтырады.
Дарханның 3 млн-нан аса жазылушысы бар. 30 мың адамға курс сатқанның өзінде ол 1 миллиард табыс табады. Міне логика қайда жатыр.
Айта кетейік, халықтың ақшасына Дархан Жолшыбеков әйелінің туған күнін дүркіретіп тойлаған еді. Некесіз туған баласына бар жоғы 15 000 теңге алимент төлеп келген блогер әйеліне елде болмаған той жасап бергені халықтың ғана емес, салық комитетінің назарына да іліккен. Жұбайы Дариға Нұкееваның 26 жасына Қазақстанның әншілері мен блогерлерінен басқа, Ресейден ат терлетіп танымал әзілкеш Нұрлан Сабыров та келген. Осы кешті жүргізген де сол болды. Ал қазақ эстрадасының королі Мейрамбек Бесбаев, Ғазизхан Шекербеков, Мәдина Сәдуақасова сынды әншілер туған күн иесі үшін ән салған. Сондай-ақ туған күн иесі үшін құны 20 млн теңгенің торты әзірленген. Одан бөлек 150 млн теңгенің темір тұлпарын сыйлаған еді.
Тағы бір былыққа батқан блогер-инфосыған Лейла Ли. Ол түпсанамен жұмыс істеуге үйретіп, бақытты «люкс» әйелге айналдыратын курс сатумен халықты алдап келеді. Сондай-ақ оның курсын алғандар екі айда 1 миллион табыс табады деп сендірген.
Индира Ганди оның былығын да ашты. Айтуынша, ол өзін табысты көрсету үшін жаңа салынып біткен пәтерді 1-сағатқа жалға алып видеоконтент жасаған. Кейін оны өз аудиториясына «пәтер сатып алдым» деп салып қойған. Курс алуға ақшасы жоқ халықты несие алуға итермелейтін «инфосыған» Лейла Лиге алданғандардың саны көп. Олар жаппай Индира Ганди парақшасына шағымдануда.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Аты әлемге танымал волейболшы Сабина Алтынбекованың курсын сатып алып, көңілі толмағандар ақшасын талап еткен ақпарат 2023 жылы желіні шулатты. КТК арнасының хабарлауынша, танымал спортшы 2023 жылдың мамыр айында қыз-келіншектерге арналған қауымдастық құратынын жариялаған. Маусымда тәлімгер курсын ашып, сатылымға шығарады. Кейбір мәліметтерге сәйкес, оның бағасы 290 мың теңге болыпты. Шамасы жетпегендер тіпті несиеге сатып алған.
Негізі мұндай курстың мақсаты – жетістікке жеткен тұлғалар тәлімгерлерге өз тәжірибесін бөліседі. Алайда бір айға жетпей, Сабинаның курсына кейбір қыздардың көңілі толмаған. «Ақшасы мен берген білімі мүлдем сай емес» деп шулап, ақырында қаражатты қайтаруын талап етеді.
Бірақ табысы тәуір спортшылар қатарындағы Сабина Алтынбекованың өзі оған басын қатырғысы келмейтін сыңайлы. Ақпарат құралдарында спортшының менеджері «тиісті қызмет көрсеттік, курс ақысы қайтарылмайды» деп айтқан.
Мәжіліс депутатына не жоқ?
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың «Dauletten» атты телеграм парақшасы бары бәріне бәлім. Ол ақпараттық арнада қаржылық сауат, жаңалықтар, тіпті жарнамалық жазбаларды көруге болады. Кеше ғана табысты болуға үйрететін кезекті «серіктестік материал» пайда болды. Алайда бүгін пост белгісіз себептермен өшірілген.
«TABYSTIME — табысыңды арттыратын бизнес форум. Бұл Форум сіздің таңдауыңызға, өмірлік көзқарастарыңызға, табысыңызға әсер ететіні сөзсіз. Форумда:
* млндар алып келетін рилс,
• жеке бренд,
• ақша энергиясы,
• акциялар арқылы табысыңды еселеу тақырыптары қозғалатын болады.Егер сізде ақша бітіп қала ма деген қорқыныш болса, үлкен табысқа шығудың жолын білмей жүрсеңіз, қазіргі табысыңызға қанағаттанбай жүрсеңіз онда дәл осы кеш сізге көмектесе алады. Алматы қаласы, Бақшасарай.
9 наурыз, сағат 12:00 де басталады. Серіктестік материал», — делінген жарнама мәтінінде.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Дәулет Мұқаев депутат болып сайланғанға дейін әйелдерге “Декретке миллионмен” атты курс өткізіп, мемлекеттен көбірек жәрдемақы алудың жолдарын үйреткен. Бұл жолы оның басы үлкен дауға қалды. Оның «декретке миллион» онлайн курстарын өткен 113 жүкті және енді босанған әйелдерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар бюджетке 158,4 млн теңге залал келтірген. Ал, 1,5 мыңға жуық келіншек табысын артық көрсеткенін мойындап, сақтандыру қорындағы 3,4 млрд теңгені үнемдеген. Билік қылмысқа итермелеген «инфоцыған» блогерлермен күресудің орнына, жүкті әйелдердің соңына түсті. Бұл жақсылықтың нышаны емес, деп дабыл қақты журналист Гүлбану Әбенова. Ол биліктің болашақ аналарға соғыс ашқанын сынады.
Депутаттың өзі желідегі парақшасында оқырмандарының сынына жауап берді.
“2023 жылға дейін «Декретке миллионмен» сабағымда бар нәрсені түсіндіргеніме кейбір адамдардан ғайбат естіп жатырмын! Олар 100 пайыз менің сабағыма қатыспағандар! Сондықтан мені босқа қаралап, күнә арқаламаңыздар. Мен egov.kz сайтындағы мәліметті қарапайым тілмен түсіндірген адаммын. Тіпті бұл сайтта, 1 млн емес, заңды табысқа сай 2,5 млн туғанға дейін алатын формуланы көрсеткен. Ал мен сабақтарымда осыны қарапайым тілмен түсіндіргенмін. 2 сағаттық видеомда бір емес, 7 рет “өтірік ИП (жеке кәсіпкер) ашпаңыздар” деп ескерткенмін”, – деп ақталды депутат өз жазбасында.
Казино жарнамасы доғармай тұр
Purplehoodiee Ютуб арнасында пайда болған ақпаратқа сенсек, блогерлердің жартсынан көбі казино және онлайн ойындарды жарнамалайды екен. Қазақстанда құмар ойын жарнамасына тыйым салынғанына қарамастан, халық блогерлердің жарнамасына сеніп миллиондаған ақшасынан айырылып отыр. Оның рахатын тек осы инфосығандар көріп отыр. Себебі жарнамадағы сілтеме арқылы олар өз пайыздарын алады. Аталмыш блогерлерді тыятын билік қайда?
Видео авторының сөзінше, ол бақылаған 4 күн ішінде 54 казино жарнамасына тап болған. Барлығының сценарийі бір. Ең сорақысы, халықты алдап ақша тауып жүрген блогерлердің көпшілігінің отбасы, балалары бар. Кейбіреулері ислам дінін насихаттаса, басқалары ата-аналарын көрсетіп өздерін жақсы көрсетуге тырысады.
Қазақстанда құмар ойындарға тәуелділік (лудомания) мәселесі соңғы жылдары өзекті болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі ересектердің шамамен 3%-ы лудоманиядан зардап шегеді, бұл шамамен 350 миллион адамды құрайды.
Қазақстанда 2023 жылғы мәліметтерге сәйкес, шамамен 36 мың адам құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегеді. Алайда, кейбір сарапшылар бұл көрсеткіштің жоғары болуы мүмкін екенін атап өтеді. Мысалы, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мәліметінше, Қазақстанда лудоманиядан зардап шегетін адамдардың саны 440 мыңға жетуі мүмкін, бұл ел халқының шамамен 3%-ын құрайды.
Құмар ойындарға тәуелділік көптеген әлеуметтік мәселелерге әкеледі. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанда құмар ойындардың салдарынан 735 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Сонымен қатар, ажырасулардың әрбір үшінші жағдайы лудоманиямен байланысты. Ең алаңдатарлық жайт, қазақстандықтар соңғы үш жылда құмар ойындарға триллион теңгеден астам қаржы жұмсаған.
Дәл осы себептермен қоғамда букмекерлік кеңелер мен казиноның жарнамасына тыйым салу сұрағы өзекті болып отыр. Тіпті мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тіге бастаған. Бүгінде құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан. Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. Салдары ауыр. Дегенмен көздерін ақша басқан блогерлер мен инфосығандарды бұл мәселелер алаңдатып отырған жоқ сияқты.
Инфосығандар жарнамасы үшін қанша алады
Танымал қазақстандық блогер Әлішер Елікбаев бір жанамасы үшін 4 миллион теңге алады екен. Оның парақшасына 251 мың оқырман жазылған.
Гүлмира Әбдірашеваның желідегі 1 сторизы 1 миллион теңге тұрады екен. Инстаграмм парақшасында 1 миллион 400 мыңдай оқырманы бар.
Мадина Мамадилованың 1 сториз сериясы 700 000 мың теңге тұрады. Ол инстаграмм әлеуметтік желісінде @m_a_d_l_e_n есімімен танымал. Парақшасында 2 000 000 оқырманы бар. Ару желіде қымбат көлік, бренд киім-кешек, шет елдегі демалысын көрсетеді.
Әлия Байтуғаева 3 сториз үшін 2 500 000 теңге алады. Желідегі парақшасы @super.mamasita деп аталады. Онда 7 миллион оқырманы бар. Үш баланың анасы. Парақшаның сипаттамасында “Мен спорт, отбасы, рецепт туралы көрсетемін” деп жазылған. Еске салайық бір кездері Супер мамасита сәттілік әкелетін қызыл жіп сатып жұрттың қызу талқысына түскен еді.
Sabirkin лақапатымен танымал Сабира Жарасованың 1 миллион 400 мың оқырманы бар. Оның сөзінше, Желідегі stories-тің қаралымы 200 мыңдай болады екен. Оның посты 1 миллион 600 мың тұрады.
Осылайша халықтың ақшасына байып отырған блогерлер салық комитетінің назарына ілікті. Журналист Козачков телеграмм арнасында жарияланған құпия тізімде танымал есімдер кездеседі. Бұл қатарды 2 миллиард теңгеден астам соммамен Бейбіт Әлібеков көш бастап тұр. Одан бөлек Баян Алагөзова, Ерке Есмахан, Алтынай Жорабаева, Тоқтар Серіков есімді шоу бизнес өкілдері де бар.
“Бұл тізімде бюджетке енді белгілі бір соманы төлеуі тиіс адамдардың есімі жазылған. Құжаттың оң жақ бағанында көрсетілген сома төленбесе, жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталады деген ақпарат бар, бірақ мен оны толық түсініп үлгермедім.Бұл тізім шынайы ма, әлде ойдан шығарылған ба – білмеймін, бірақ әсерлі екені сөзсіз. Бейбіт, келесі жолы кофені сен төлейсің!”- деп жазған.
«Инфосығандарға» қарсы петиция
Екі жыл бұрын Қазақстанда «инфосығанға» қарсы онлайн-петиция жарияланды. Құжат авторлары билікті блогерлерге пайдасыз курстарды сатқаны үшін жазаны қатаңдатуға шақырған.
Alashonline порталына жарияланған мәтінде «инфосығандар» өздерін бизнес-тренер, коуч және мотиватор ретінде көрсете отырып, халыққа әдемі өмір, рухани жаңғыруды насихаттайды. Осылайша өзгелерді өздерінен үлгі алуға шақырады. Оған қоса олардан курс, гайд немесе кітап сатып алу арқылы қол жеткізуге болатын аспа-төк «мол табысты» уәде етеді. Авторлар ондай курстардың шын мәнінде практикалық тұрғыда ешбір құндылығы жоқтығын атап өткен.
«Аталған адамдар өздерін сарапшы ретінде көрсете отырып, пайдасыз ғана емес, сонымен бірге шындыққа сай келмейтін, тіпті зиянды ақпаратты да насихаттайды. Осылайша шын ақпарат беретін нағыз сарапшылардың беделіне де нұқсан келтіреді», — деп жазды петиция авторы.
Мәселеге алаңдаушылық білдіруші азаматтар мынадай шаралар қабылдауды талап етті:
- Пайдасыз ақпараттық өнімдерді жасауға және сатуға байланысты қызметтің жолын кесу үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар қабылдау;
- Тұтынушылардың жалған ақпараттық өнімдер туралы сауатын арттыру үшін халық арасында ақпараттық ағарту жұмысын жүргізу.
Инфосығандар қашан жазаланады?
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Білім беру» курстарын сатқаны үшін блогер Аяз Шабутдинов ұсталған еді. Блогер Аяз Шабутдиновтың әлеуметтік желілерде екі миллионға жуық аудиториясы бар.
Риановости басылымының мәліметінше, блогердің үстінен «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұған Аяз Шабутдиновке жалпы сомасы 5 миллион рубль төлеген бірнеше кәсіпкердің арызы негіз болған.
«Жас жігіт білім беру қызметін желеу етіп, кез келген бизнесті дамытудың бірегей әдістерін сатумен айналысқан. Алайда жәбірленушілердің пікірінше сабақтардың мәні «өзіңе сену керек – сонда қалағаныңның бәрі болады» дегеннен аспайды», – деп хабарлады ресейлік БАҚ.
Бұл ретте Ресей Федерациясындағы Қауіпсіз Интернет лигасының басшысы Екатерина Мизулина бірінші болып осы жағдайға қатысты пікірін білдірді.
«Шабутдинов – көп жылдар бойы курстар сатумен айналысқан ірі ақпараттық алаяқ. Шамамен 2023 жылдың сәуір айынан бастап ол инфоалаяқтықпен айналысып, халықты алдап, салық төлеуден жалтарып келген. Блогердің жұмысына қатысты көптеген шағымдар биліктің назарынан тыс қалмады. Бұл біздің елдегі Блиновскаядан кейінгі немесе тіпті оған тең келетін ең ірі ақпараттық алаяқтық болса керек», – деді Мизулина.
Сонымен қатар ол Шабутдинов инфоалаяқтық үшін ұсталған немесе ұсталатын соңғы адам емес деп есептейді. Расымен де, халықтың ақшасынан байып отырған инфоалаяқтыққа шектеу қоятын кез келді. Себебі біз жоғарыда аталған есімдер бұл қоғамның тек кішкентай бөлігі ғана. Қолынан келгеннің барлығы осындай курстар мен тренингтерді ұйымдастырып жатыр. Ал олардың кесірінен зардап шегіп, тіпті ақшаларын жоғалтып отырған халықтың мұңын кім жоқтайды?
2023 жылдан бері жалған ақпарат таратқан блогерлерді жазалау сұрағы талқыланып келеді. Заңда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі жаңа 456-2 баппен толықтырылды. Онда онлайн платформа пайдаланушылары мен блогерлерге жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Әкімшілік айыппұл сомасы:
- жеке тұлғалар үшін 20 АЕК;
- кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін – 30 АЕК;
- шағын кәсіпкерлік субъектілері, коммерциялық емес ұйымдар үшін — 40 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 80 АЕК;
- ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін-100 АЕК.
Сондай-ақ бір жылда қайтадан құқық бұзғаны үшін:
- жеке тұлғаларға — 40 АЕК немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу;
- блогерлерге — 15 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу;
- шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға — 60 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 120 АЕК;
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 250 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Негізі бұл айыппұл көлемі қырауар ақша тауып отырған блогерлерді тоқтатпайды. Сонықтан осындай «ауа сатушыларға» қатысты нақты шаралар жақын арада қабылдануы мүмкін. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтың айтуынша, қазіргі таңда халық қалаулылары тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Оның сөзінше, қазір көптеген адамдар сапаға сай келмейтін тауарлар мен қызметтерді сатып жатыр, және мұны жалған жарнама деп атауға болады. Бұған түрлі курстар, тренингтер мен оқыту бағдарламалары да жатады.
«Қазіргі заңнамада курстар өткізуді лицензиялау қарастырылмаған, бірақ біз жарнама деген түсінік барын ұмытпауымыз керек – бұл жария оферта. Қазір қаралып жатқан жаңа заң жобасында біз осыны нақты жазуды көздеп отырмыз. Өйткені, көп жағдайда адамдар: «Бұл курстан өтіп, айына миллион теңге табыс табасыз» деп жазады. Яғни, олар күмәнді нәтиже уәде етеді. Бірақ бұл олардың сатылымын арттырып, маркетинг құралына айналып отыр», – дейді Мұрат Әбенов.
Оның айтуынша, егер сатушы өз қызметінің шарттары мен нәтижелерін жариялайтын болса, бұл автоматты түрде жария оферта болып саналу керек.
«Екіншіден, егер тұтынушы белгілі бір қызметті немесе тауарды сатып алып, нәтижесіне қанағаттанбаса, біз қазір оны сатушы толық жауапкершілікке тартылатындай етіп қарастырып жатырмыз. Яғни, егер қызмет нәтиже әкелмесе. Мысалы, егер маған айына миллион теңге табыс табуға уәде берсе, мен оқытудан өтіп, бірақ сол соманы таба алмасам, маған уәде етілген нәтиже орындалмасды деген сөз, онда мен өз құқығымды қорғауым керек», – деп түйіндеді депутат.
Өткен жылдың қыркүйек айында заң жобасы Мәжіліс депутаттары тарапынан бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Қазір олар екінші оқылымға дайындық жүргізіп жатыр. Құжат осы көктемнің соңына дейін қабылдануы керек.
«Қазірден бастап біз барлық қоғам қайраткерлері мен блогерлерді ескертіп қойғымыз келеді: тұтынушыларды алдағаны үшін жауапкершілік болады. Кез келген алданған адам блогерге талап қоя алады. Немесе блогер өзі тұтынушыларды адастырмағанын, тек тапсырыс берушіден жарнама үшін ақша алғанын дәлелдеуі тиіс. Мұндай жағдайда блогер емес, оған жарнамаға ақы төлеген адам жауапқа тартылады. Егер ол мұны дәлелдей алмаса, демек, жалған жарнаманы өзі орналастырған болып саналады және заң алдында өзі жауап береді», – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Депутаттың сөзінше, аталмыш өзгерістер қабылданған соң, ешкім жазасыз қалмайды.Алайда заңнамалық өзгерістер енгізілгеннен кейін де әрбір тұтынушы мына нәрсені есте сақтауы тиіс: жалтырақ дүниенің бәрі алтын емес. Ешкім және ештеңе адамның өмірін өзгерте алмайды.
«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген Абай Құнанбаевтың сөзін мысалыға алып, әр адам өз тағдырын өзі жасайтынын тағы да бір қайталап өткізіміз келеді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру