Елде экологиялық мәселе жиі айтылатын тақырыпқа айналды. Айналадағы қоқыс, заңсыз төгілген қалдықтар, ағаштардың азаюы, табиғи аймақтардың тозуы – бұның бәрі адамдардың өмір сапасына әсер ететіні анық. Осындай жағдайда Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы халықты біріктіретін ортақ іске айналып бара жатыр. Осы бағыттағы жұмыстар Премьер-министр Олжас Бектеновтің ерекше бақылауында екені де белгілі болды, деп жазады Ozgeris.info.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруға арналған кеңес өткізіп, барлық министрлік пен жауапты органдардың жұмысын жеке-жеке тыңдады. Кеңесте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та баяндама жасап, биылғы атқарылған іс-шараларды талдап берді. Сонымен бірге Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру туралы өз ойларымен бөлісті.
Осы тұста Премьер-министрдің сөзі көпшілікке бағытталған үлкен жауапкершілікті сездіреді:
«Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасы кең ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Мәселе тек ағаш отырғызу және қоқыс тазарту туралы болып отырған жоқ. Табиғатты қорғау идеясына бүкіл қоғамды біріктіру, жайлы да таза қоршаған орта қалыптастыру ісіне әрбір адамның белсенді қатысуы – біздің жұмысымыздың басты нәтижесі болуға тиіс. Табиғи байлықты сақтау, ауа мен судың тазалығын қамтамасыз ету, ресурстарды ұтымды пайдалану – біздің алдымызда тұрған басым міндеттер. Мемлекет басшысының бастамасы бір күндік науқан емес, жаңа экологиялық мәдениетті, сондай-ақ азаматтарымыздың күнделікті өмір салтын қалыптастыруға бағытталған тұрақты жұмыс».
Бұл сөздің ішінде бастаманың терең мағынасы жатыр. Бұл бір күндік сенбілік емес, ұзақ мерзімді, бүкіл ел болып қолға алатын мәдени өзгеріс екені айқын.
Биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ел бойынша 1 250 экологиялық іс-шара өтті. Бұл іс-шараларда қоқыс жиналды, ағаштар отырғызылды, экологиялық ағарту жұмыстары ұйымдастырылды. Республика бойынша 2,8 миллионнан астам ағаш отырғызылды, 1 миллион гектардан артық жер тазартылды, шамамен 800 мың тонна қалдық жиналды. Ал коммуналдық шаруашылықтың күнделікті жұмыстарының нәтижесімен біріктіргенде, қалалар мен ауылдарда 3,8 миллион ағаш отырғызылғаны белгілі болды. Бүгінге дейін елде 18 миллионнан астам ағаш отырғызылған, бұл Президент қойған 15 миллион көшет межесінен асып түседі.
Заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстары да ерекше бақылауда. Құқық қорғау органдарымен бірге 1 300-ден астам мобилді топ жұмыс істейді. Биыл ғарыштық мониторинг арқылы 3 833 заңсыз полигон анықталған, оның 80% жойылды. Бұл бағытта 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12,4 миллион теңге айыппұл салынған.
Халық тарапынан да белсенділік жоғары. @TazaQazBot телеграм чат-ботына жыл басынан бері 24 мыңнан астам өтінім түсіпті, оның 23 мыңнан астамы орындалған. Өтінімдердің ішінде аумақтарды тазалау – 8 524, тұрмыстық қоқыстарды шығару – 1 709, көшелерді абаттандыру – 1 675, жол жөндеу – 1 480 рет сұралған.
Қалдықтарды қайта өңдеу – бастаманың маңызды бөлігі. Өңірлердің экологиялық қажеттілігін өтеу үшін 8 жаңа ҚТҚ полигоны пайдалануға берілді. Сондай-ақ жалпы құны 89,4 миллиард теңге болатын 22 инфрақұрылымдық жоба іске асып жатыр. Тағы 40 жоба дайындық кезеңінде тұр. Жалпы жоспар бойынша 100 полигон салу көзделген.
Ерлан Нысанбаев елордада, Алматыда және Шымкентте 3 қоқыс өртеу зауыты салу жұмыстары басталғанын айтты. Биыл құны 293 миллиард теңге болатын инвестициялық келісімдерге қол қойылған. Бұған қоса, құрамында қауіпті органикалық заттар бар қалдықтарды жою, сот шешімімен мемлекет меншігіне өткен иесіз қауіпті қалдықтарды өңдеу жұмыстары жүргізіледі.